Қаржы министрлігі бюджет тапшылығы ненің есебінен қаржыландырылғанын түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылы бюджет тапшылығы 4,1 трлн теңгені құрады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде ҚР Үкіметінің 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін таныстыру кезінде Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков мәлім етті.

Фото: Қаржылық мониторинг агенттігі

- Есепті жылы бюджет тапшылығы 4,1 трлн теңгені немесе жалпы ішкі өнімнің 2,5 %-ын құрады. Бюджет тапшылығы негізінен ішкі көздер есебінен қаржыландырылды, - деді Д. Темірбеков.

Оның айтуынша, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік борыш 36,4 трлн теңгені немесе жалпы ішкі өнімнің 22,8%-ын құрады. Соның ішінде үкіметтік борыш - 34,8 трлн теңге.

- 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік борыш және квазимемлекеттік сектор борышы индикаторларының нақты деңгейі Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында белгіленген шектеулерден аспайды, - деді вице-министр.

Еске салсақ, былтыр күзде Қазақстанның сыртқы мемлекеттік борышы туралы мәлімет жарияланды.