***
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Есеп комитетінің төрағасы Қозыкөрпеш Жаңбыршин баспасөз мәслихатын өткізді. Ол Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2015 жылы атқарылған жұмыстары жөнінде әңгімелеп, ағымдағы жылы алға қойған мақсаттары туралы мәлімет берді. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің бейсенбілік санындағы «Қаржы игеру әлі де қожырап тұр» деген тақырыптағы мақалада егжей-тегжейлі баяндалған. Өткен жылы атқарылған жұмыс қорытындыларына тоқталған комитет төрағасының сөзіне қарағанда, былтыр Есеп комитеті 29 бақылау iс-шарасын өткiзіптi. Бюджеттің атқарылуын бақылау бойынша 303 бақылау нысаны, соның iшiнде 12 мемлекеттiк орган мен олардың ведомстволары қамтылған. «Бес бірдей өңiрде кешендi тексерістер жүргiзілді. Бюджет және өзге де заң бұзушылықтар үшiн 75 заңды тұлға, сонымен қатар, 62 лауазымды тұлға әкiмшiлiк, екі жүзден астам адам тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылды. Қырық материал құқық қорғау органдарына жолданды. Бюджеттік заңнаманы бұзу фактілері бойынша мемлекеттiк органдар мен басқа да бақылау нысандарына 46 ұсыным мен 180 тапсырма берiлді», - дедi бұл жөнінде Қ.Жаңбыршин. Шара барысында ведомство басшысы журналистер қойған сұрақтарға да жауап берді. Мәселен, бюджет заңнамасы қай облыста көбірек бұзылғаны жөнінде қойылған сауалға айрықша тоқталды. «Заң бұзушылықтар саны бойынша Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары алда келе жатыр. Ең көп заң бұзушылықтар Маңғыстау облысында 42 млрд. теңге немесе қамтылған қаражаттың көлемiне шаққанда 70 пайыздан асты. Шығыс Қазақстан облысында 41,5 млрд. теңге немесе қамтылған қаражат көлемiне шаққанда 35,4 пайыз болса, Батыс Қазақстан облысында 25,3 млрд. теңге немесе қамтылған қаражат көлемiне шаққанда 50 пайыздан асты», - дедi комитет төрағасы.
Қазіргі кезде елімізде құқықтық мемлекеттің негіздері жасалып, оның орнықтырылуы біртұтас жаңғырту үдерісі аясында шешіліп жатқан біздің конституциялық міндетіміз болып табылады. Осының аясында еліміздің құқық қорғау жүйесі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, заңдарды қатаң орындауға және құқық тәртібін нығайтуға бағытталуы тиіс екендігі сөзсіз. Ал бұл мәселе төңірегінде Мемлекет басшысы «Ұлт Жоспары қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламалық мақаласында тайға таңба басқандай көрсетіп берді. Осылайша «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын орындаудың нақты кезеңі басталды. Бұл орайда, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі елімізде құқықтық орта қалыптастыруға ықпалын тигізетін ішкі істер органдарындағы жұмыс барысы туралы Ішкі істер министрлігінің Көліктегі ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Ержан Сәденовке жолығып, сұрақтарына тұщымды жауап алған. Басылым тілшісінің барлық сауалына жан-жақты жауап берген ол: «Көлік полициясы құрылған күннен бастап оның міндетіне сай еліміздегі әуе және темір жол арқылы жол жүретін жолаушылардың қауіпсіздігін, тасымалданатын жүктердің сақталуын қамтамасыз ету басты қағидатқа айналды. Бүгінде Көліктегі ішкі істер департаментінің алдындағы міндет қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстардың алдын алу, басқа да заңға қайшы әрекеттерге жол бермеу. Сонымен қатар, көлік сақшылары үшін ауыр және аса ауыр қылмыстардың алдын алу шаралары басты басымдыққа ие» - дейді. Сұхбат «Қауіпсіздік қамындағы қарқынды қадам» деген тақырыппен берілген.
***
Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Қазақстанда тіркелген дипломатиялық өкілдіктердің басшыларымен дәстүрлі кездесу өткізді. Осыған орай «Айқын» газетінің бейсенбілік санында «Қазақстан көпбағдарлы, сындарлы сыртқы саясатын жалғастырады» деген тақырыппен көлемді мақала басылды. Басылымның жазуынша, Нұрсұлтан Назарбаев елші мырзаларды елімізде орнықты өсімді қамтамасыз ету бағытында қабылданып жатқан шаралармен егжей-тегжейлі таныстыра кетті. Сондай-ақ қазіргі әлемдегі қауіпсіздікті ілгерілету және біркелкі даму мәселелерін де қозғады. Қазақстан Президенті КСРО ыдырап, қосполярлы әлемдік құрылым күйрегелі 25 жыл өткенін еске салды. «Өкінішке қарай, жаңа жаһандық әлемдік құрылым қалыптастырудың бірегей тарихи мүмкіндігі пайдаланылмады. Әлем қауіпсіз, тұрақты немесе әділетті сипатқа ие бола қойған жоқ. XXI ғасыр экономикалық, экологиялық, геосаяси, ресурстық, энергетикалық тұрғыдағы көптеген қатерлер әкелді. Оларды еңсеру үшін планетаның дамуы жолындағы сапалы терең өзгерістер қажет», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы осыған байланысты адамдарды, экономикалар мен елдерді бір-біріне қарсы қоятын жаһандық бақталастық парадигмасын қайта саралаудың маңыздылығын айтты.
«Ширек ғасырға созылған үздіксіз дамудан кейін, Қытай экономикасының қарқыны баяулады. Неге? Экономикалық әлеуеті әлемде екінші орынға (Бірінші орында АҚШ) көтерілген елге көз тиді ме, әлде...», - деп жазады «Айқын» газеті «Қытайдың қуаты кеміде ме екен?» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, соңғы ширек ғасырда 9-10 пайыздық көрсеткішпен қарыштаған аспанасты елінің экономикасы соңғы бірер жылда 7 пайыздан (Дүниежүзілік банктің болжауынша, биыл Қытайдың ЖІӨ 6,7 пайызды құрамақ) аспай қалды. Ол, ол ма, былтыр Шанхайдағы қор биржасы құлауынан 3 триллион доллар көлемінде зиян шекті. Биржадағы құнды қағаздарды сақтап қалу үшін тағы жүздеген миллиард салуға тура келді. Осының өзі-ақ «Қытай экономикасы тұрақты дамып келе жатыр. Ешқандай қауіп жоқ» деген сарапшылардың байламына селкеу түсірген еді. «Демек, әлемді таңғалдырған, таңдандырған қытай экономикасында бәсең тарту кезі басталды. Мұның соңы неге соқтыруы мүмкін. Әрине, Қытай елімен ірі келісімшарт жасасқан елдерге салмақ түсуі ғажап емес. Мәселен, аждаһа елі мүшесі болып саналатын БРИКС тобы жапа шегуі ықтимал. Қазірдің өзінде Ресей мен Қытай арасындағы газ келісімі тоқырай бастаған. Неге десең, экономикадағы қиындық Қытайдың көгілдір отынды аз тұтынуына алып келді. Мұның салқыны осы екі ел арасында 400 миллиард долларға келісім жасалған «Сібір күші» газ тасымалына да тиюі мүмкін. Қытай экономикасының тоқырай бастауы БРИКС-тің құрамындағы өзге елдерге де соққы болмақ», - делінген мақалада.
«Айқын» газетінің бүгінгі санында филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР мәдениет қайраткері Қойлыбай Асанұлының «Сауран айналған» сергелдеңі» деген тақырыппен көлемді мақаласы жарық көрді. Онда Алшын, Тама, Жағалбайлы руларының бір бөлігі ел-жұртын тастап үдіре көшкені, Арқаға қоныс аударудың алғашқы ірі толқыны 1723 жылы басталған қалмақ шапқыншылығына байланысты орын алған, Кішіжүздіктер бұл нәубетті «Сауран айналған» деп те айтатындығы жан-жақты баяндалған. «Арқаның ұлан байтақ шұрайлы жерлерін қоныс қылған сол кездегі Арғын-Қуандық тайпасының Алтай Қарпық аталарымен іргелес көшіп қонып жүрген Жағалбайлы, Тама, Алшын руларының ұрпақтары әлі күнге осы өңірді мекендеп ғұмыр кешіп жатыр. Алатау Арқа, Атырау Алтай арасындағы ұлы мекен барша қазақтың ортақ алтын бесігі. Кіші жүз руларының бір шоғыры қилы заманда Арқаға қоныс аударып, сол жерден пана тауып өрісін кеңейтсе, ол қазақтың бірлігі мен ынтымағының, бауырмалдылығының нышаны емес пе?!», - деп жазады мақала авторы.