«Былтырғы бюджетті атқарудың осал тұстары да болды. Әрине, бұлардың барлығын кемшілік деуге келмейді, бірақ олардың барлығы жетілдіруді талап ететін бағыттар. Бұл секвестрмен, салықтық базаны дамытумен, кедендік әкімшілендірумен байланысты мәселелер болып отыр. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражатын, шығыстардың атқарылу сомасын, кредиттердің қайтарылуын және жалпы шығыстардың атқарылу нәтижелілігін төмендететін басқа да қаражатты бақылау жөніндегі мәселелер де орын алған болатын», - деді Б. Сұлтанов.
Оның айтуынша, бюджеттегі олқылықтарға негізінен сыртқы жағымсыз құбылыстар әсер етіп, жылдың соңына таман кірістердің айқынсыздығын қалыптастырған. Дегенмен, министр салық түсімі былтырғы жыл соңына қарай 2013 жылмен салыстырғанда артық орындалып, атқарылмау үлесі де соншалықты өспегенін алға тартады.
«Үшіншіден, квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі қаражат қалдықтары өсіп кетті. Бақылауда ұстау мақсатында ондай қаражат бұрынғыдай банктерге емес, қазынашылыққа аударылады. 2014 жылдың соңына таман ондай сома 6 есеге артып, 345 млрд.теңгені құрады. Яғни, бір жағынан біз квазимемелкеттік сектор қаражатын бақылауда ұстасақ, екінші жағынан ол қаражат қозғалыссыз жатып, экономикалық айналымға түспей қалды. Сондықтан да, біз алдағы уақытта квазимемлекеттік сектор қаражатын қазынашылыққа аударатын шоғырландыру тәжірибесінен бас тартатын шығармыз», - деді Б. Сұлтанов.
Бұл ретте министр әлгіндей шығыстардың нәтижесіз болғанын, жоспарлаған түпкі нәтижеге жеткізбегенін атап өтті.