«Мемлекеттік қарыз және квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызы бойынша көп талқылаулар болды. Шынымен де, бұл бағытта өсім бар. Қарыздың құрылымында негізгі үлес үкіметтік борышқа тиесілі. Оның көлемі жыл сайын қарыз алу есебінен республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыру сомасына артып отыр», - деп түсіндірді Б. Шолпанқұлов.
Оның атап өтуінше, орта мерзімді жоспарда Қаржы министрлігі республикалық бюджеттің тапшылығын алдағы жылдары тұрақты түрде төмендетуді көздеп отыр.
«Ағымдағы жылы республикалық бюджет тапшылығы көлемі ЖІӨ-ге шаққанда 1,5 пайызды құрады, ал 2017 жылы бұл көрсеткіш 2,6 пайызды қамтыды. Яғни бұл бағытта төмендеу үрдісі байқалып отыр. Алдағы уақытта валюталық тәуекелдерден тәуелділікке жол бермес үшін қарыз алу капиталдың ішкі нарықтарына негізделеді», - деді вице-министр.
Бұдан бөлек Б. Шолпанқұлов квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызы да бақылауға алынғанын жеткізді. Осы орайда биылдан бастап мониторингті Қаржы министрі жүзеге асырады.