Қаржы министрлігінің айналымдағы бағалы қағаздарының көлемі 4,1 пайызға ұлғайды

АЛМАТЫ. 6 маусым. ҚазАқпарат - Мамырда Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарын орналастыру бойынша 5 аукцион өткізілді.

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Бас банкирдің айтуынша, аукциондарда 13,1 млрд. теңгенің  12 айлық МЕККАМ-ы,  13,2 млрд. теңгенің 3 жылдық МЕОКАМ-ы,  29,4 млрд. теңгенің 9 жылдық және  21,7 млрд. теңгенің 11 жылдық МЕУКАМ-дары мен 25 млрд. теңгенің 18 жылдық МЕУЖКАМ-мы орналастырылды. Орналастырылған бағалы қағаздар бойынша тиімді кіріс МЕККАМ-да -  2,13 пайыз, МЕОКАМ-да  - 3,53 пайыз және МЕУКАМ-да 9 жылдықта - 4,90 пайыз, 11 жылдықта - 5 пайыз, ал МЕУЖКАМ-да  инфляция деңгейінен 0,01 пайыз болды.

Қаржы министрлігінің айналымдағы бағалы қағаздарының көлемі мамырда оның алдыңғы аймен салыстырғанда 4,1 пайызға  ұлғайып, 2338,5 млрд. теңгені құрады. Сондай-ақ Ұлттық банктің ноттары эмиссиясының көлемі мамырда сәуірмен салыстырғанда  25,9 пайызға азайып,  75,7 млрд. теңгені құрады. Бұл ретте, 3 айлық ноттарды орналастыру бойынша 2 аукцион (26,5 млрд. теңге және 10,4 млрд. теңге), 6 айлық ноттарды орналастыру бойынша 1 аукцион (19,5 млрд. теңге), 9 айлық ноттарды орналастыру бойынша 1 аукцион (19,3 млрд. теңге) өтті. Орналастырылған ноттар бойынша тиімді кірістілік 3 айлықта - 1,05 пайыз,  6 айлықта - 1,51 пайыз, 9 айлықта - 1,80 пайыз  болды. Ал айналымдағы ноттар көлемі сәуірмен салыстырғанда мамырдың аяғында 8,4 пайызға төмендеп, 548,3  млрд. теңгені құрады.