Қаржы пирамидаларына қатысты Ішкі істер министрлігі де дабыл қақты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Ішкі істер министрлігі азаматтарға қаржы алаяқтарынан сақ болуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елімізде қаржы пирамидасының белгілері бар ұйымдардың қызметі өршіп тұр. 2016 жылы қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша 350 қылмыстық іс өндірісте болса, ағымдағы жылдың 4 айында ғана олардың саны 351-ге жетіп үлгерді. Алаяқтардың кесірінен онмыңдаған қазақстандық зардап шекті. Мысалы, Қызылорда облысында Questra Holdings Inc. атты шетелдік компанияның қылмыстық әрекеттері әшкере болды. Ол компания салымшылармен 30 мың теңге салынған жағдайда жарты жылда 40 мың теңге қайтарылады деген желеумен келісімшарттар құрастырған», - делінген министрліктің таратқан хабарламасында.

 Оның алдында Астанада осыған ұқсас қылмыстық топтың алаяқтық қызметіне тосқауыл қойылған болатын. «Респект» компаниясының құрылтайшысы Ибраев оның иелігіндегі фирма Британияның ең ірі «BANK OF KINGDOM» атты банкімен 1000 еуроға дейін кепілдіксіз әрі төмен пайызды несие беру туралы келісім жасасқанын айтып, жалған презентациялар өткізіп келген. Ол оған келген қарапайым азаматтармен несие шартын жасасып, әр адамнан 75 мың теңгеден 7 миллион теңгеге дейінгі сомада алдын ала жарна алған, кейін ізін де суытқан. Алданған азаматтардың саны мыңнан асып жығылды. Қылмыстық істі тергеу нәтижелері бойынша Ибраев 9 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Азаматтарға қырағылық танытуды, аз уақытта қыруар пайда әкелеміз деп уәде ететін ұйымдарға ақша салуға асықпауға шақырамыз», - делінген ІІМ-нің хабарламасында.