Қаржы полициясы 2011 жылы жемқорлық және лауазымдық қылмыстар жасаған 37 тұлғаны іздеп таба алмады - Бас прокуратура

АСТАНА. 29 наурыз. ҚазАқпарат - 28 наурыз күні Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалық етуімен Бас прокуратураның кеңейтілген алқа мәжілісі өтті.

Бұл туралы аталмыш ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлады.

Алқа мәжілісте тергеу, анықтау және сот органдарынан жасырынып жүргендерді, айыпталушыларды, із-түзсіз жоғалғандарды және сот шешімін орындаудан жалтарып жүргендерді іздеу бойынша жедел-іздестіру қызметі заңдылығының жай-күйі қаралды. Сондай-ақ қамауға алынғандарды және бас бостандығынан айыру орындарында қылмыстық жазаларын өтеп жатқандарды медициналық қамтамасыз ету жағдайы туралы мәселе жан-жақты талқыланды.

Алқа мәжілісінің жұмысына Президент Әкімшілігінің Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі Алик Шпекбаев, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің, Ішкі істер, Денсаулық сақтау министрліктерінің басшылары қатысты.

Талдау көрсеткендей, 2011 жылы ішкі істер және қаржы полициясы органдары 7311 қылмыскерді іздеген, олардың ішінде 1558-і  - мемлекетаралық, 60-ы - халықаралық іздеуге жарияланған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 4640 қылмыскер, олардың ішінде 176-сы шетелден табылған. Сонымен қатар республика бойынша әлі де 2266 қылмыскер іздеп табылмаған.

Қаржы полициясы органдарында қылмыскерлерді іздеу тиімділігі 12 пайызға жуық төмендеген. 405 тұлға іздеп табылмаған, олардың арасында сыбайлас жемқорлық және лауазымдық қылмыстар жасаған 37, экономикалық қылмыс жасаған 352 тұлға бар.

Жиналыста атап көрсетілгендей, қылмыскерлерді және із-түзсіз жоғалған азаматтарды іздеу тиімділігінің төмендігі көптеген себептерге байланысты болып отыр. Олар ең алдымен - тиісті ведомствоаралық өзара іс-қимылдың болмауы, ескірген нормативтік-құқықтық база, іздеудің инновациялық әдістерін жұмысқа әлсіз енгізу.

Ішкі істер және қаржы полициясы органдары жедел бөлімшелерінің жұмысына тиісті ведомстволық бақылаудың болмауы қалыптасқан жағдайдың негізгі себептерінің бірі болып табылады. Прокурорлар жедел қызметкерлердің кінәсінен уақтылы іздестіру ісін қозғамаған 334 фактіні ішкі істер органдарынан, 28 фактіні қаржы полициясы органдарынан анықтады.

Сондай-ақ, іздеуге жарияланған тұлғалардың тіркеуші, әкімшілік және құқық қорғау органдарының назарына түсу фактілері де анықталды. Бірақ өзара тиісті іс-қимылдың болмауы салдарынан, олар уақтылы ұсталмаған, ашық мәмілелерді кедергісіз тіркеген, әкімшілік құқық бұзушылық жасағандары үшін жауапкершілікке тартылған. Оларға жүргізуші куәлігі және басқа жеке басын анықтайтын құжаттар берілген.

Талқылау қорытындысы бойынша іздестіру тиімділігін арттыру мақсатында уәкілетті органдарға қазіргі заманғы автоматтандырылған ақпараттық жүйелердің мүмкіндіктерін, атап айтқанда, Арыздар мен хабарламаларды есепке алудың электрондық кітабы мен із-түзсіз жоғалғандар туралы іздестіру істері бойынша ҚСАжЕК арнайы есебінің бірегейлендіріліген мәліметтер қорын толығырақ пайдалану ұсынылды.

Сондай-ақ Интерпол бюросы Ұлттық орталығының ақпараттық мәліметтер қорын неғұрлым тиімді пайдалану, қылмыскерлерді іздеуге жариялау және іздестіру мәселелері бойынша шетелдік әріптестермен белсенді түрде байланыста болу ұсынылды.

Алқа мәжілісінде сонымен қатар прокуратура органдарының сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету саласында жүргізген тексерулерінің қорытындылары қаралды. Тексеру барысында ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитеті медициналық қызметінің жұмысын ұйымдастыруда бірқатар салмақты кемшіліктер анықталған болатын.

Түзеу мекемелерінде білікті дәрігерлік персоналдың жетіспеушілігі, талап етілетін лицензиялар мен сертификаттарсыз қызмет істеу негізгі проблема ретінде қалып отыр. Осының салдарынан, тексеру барысында анықталғандай, сотталғандардың ауруын анықтауды және қажетті емді тағайындауды уақытынан кешіктіріп жүргізу, емдеу режимін сақтамау, санитарлық нормалар мен ережелердің жаппай бұзылуы орын алған.

Сотталғандар арасында туберкулезді уақтылы тексеру мен диагностика жасауға арнайы аппараттардың болмауы кері әсерін тигізіп отыр. Мысалға, рентгенаппараттардың жетіспеушілігі 46 пайызды құрайды. Диагностика  жасауды және сотталғандарды мамандандырылған мекемелерге жіберуді уақтылы жүргізбеу салдарынан түзеу мекемелерінде туберкулезбен ауыру деңгейі азаматтық сектормен салыстырғанда 16 есе жоғары болып отыр.

2010 жылы Маңғыстау облысында туберкулезге қарсы мекеме жабылғаннан кейін еліміздің батыс өңірінде осындай бір де бір мекеме жоқ.

Ішкі істер министрлігіне сотталғандарды ауру бойынша босатудан бас тартуға себеп болған арнайы медициналық комиссиялардың негізсіз қорытындылар беру фактілерін мұқият тексеру, сондай-ақ дені сау сотталғандарды туберкулезге қарсы мекемелерге негізсіз ауыстырып жіберу оқиғаларына түбегейлі баға беру тапсырылды.