Қаржы полициясы заңсыз қолма қол ақшаға айналдырушылардың кезекті тобын әшкереледі

АСТАНА. 12 маусым. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының Қаржы полициясы департаментінің қызметкерлері 2007-2013 жылдар аралығында Петропавл қаласында 10-нан астам жалған кәсіпорын құрып,

коммерциялық ұйымдарға салық төлеуден жалтару және ақша қаражаттарын қолма қол ақшаға айналдыру бойынша қызмет көрсетіп келген тұлғалар тобын анықтады, деп хабарлады Қаржы полициясынан.

Бұл жалған кәсіпорындардың қызметінен төленбеген салық түріндегі келтірілген залалдың алдын ала сомасы 3,7 млрд. теңгені құрады.

"Топ 6 адамнан құралған, олардың бірі - Виктор Шиманский ағымдағы жылғы 4 маусымда Петропавл қаласында 9,7 млн. теңгені қолма қол ақшаға айналдыру үстінде ұсталды. Ағымдағы жылғы 5 маусымда Виктор Шиманскийге, Сергей Шиманскийге, Денис Голобородовқа, Рафаель Аслановқа, Александр Фомиченкоға, Анжелина Пасечнаяға қатысты жалған кәсіпкерлік фактісі бойынша қылмыстық істер қозғалды", - делiнген хабарламада.

Қылмыстық істер тергелуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды.