«Бүгінде энергетиканың болашағы жаңа цифрлық технологиялармен, жасанды интеллектімен байланысты. Цифрландыру инвестиция үшін көптеген шексіз жаңа мүмкіншіліктерді ұсынады. Жаңа технологиялардың арқасында еңбек өнімділігі, бизнестің құзіреті, өнім мен қызмет сапасы артуда. Қазақстанда сәйкесінше даму стратегиясы қабылданған. Біз бұл бағытта рет-ретімен ілгерілей береміз», - деді министр.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта еліміздің мұнай-газ саласында өзінің технологиясы бойынша бірегей әрі ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ сынды алып кен орындарын өндіру жобалары әлемде баламасы жоқ ең замаануи инновацияларды енгізудің табысты үлгісі бола алады. Атап айтқанда, Теңізде жүзеге асырылып жатқан өте ауқымды әрі жоғары интеллекуталды жоба кен орнынан жылына 12 миллионнан 39 млн тонаға дейін мұнай өндіруге мүмкіндік береді.
«Біз Қашағанда таяу уақытта күніне 370 мың баррельге дейін мұнай өндіруге қол жеткізуге ниеттіміз. Қарашығанақта жоспарланып отырған газды өндірістік шектеуді алып тастаумен байланысты инвестициялық жобаны жүзеге асыру мұнан кейінгі жылдарда мұнай өндірудің жоғары деңгейін ұстап тұруға септігін тигізеді», - деді Қанат Бозымбаев.
Сонымен қатар ол ҚР Энергетика министрлігі, ҚР Қаржы министрлігі мен уәкілетті орган - «PSA» ЖШС атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қарашығанақ жобасының акционерлері - Эни, Шелл, Шеврон, Лукойл және «ҚазМұнайГаз» (консорциум) шынайылық индексі бойынша пікірталасқа нүкте қойып, нақты бір мәмілеге қол қойғанын еске салды.
«Қарашығанақ» консорциумымен келіссөздер өте күрделі болды. Дегенмен, біз ымыраға қол жеткізе алдық. Біз кемінде таяу жиырма жылдың ішінде Қазақстанда мұнай мен конденсат өндіру негізінен аталған үш кен орны есебінен қамтамасыз етіледі деп күтеміз», - деді ол.