«Жастар жылы аясында бірқатар ауқымды жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Соның ішінде қашықтан оқыту жүйесін кеңейтуді ерекше атап өткен жөн. Оны барлық жоғары оқу орындары, колледждер, тіпті жұмыс берушілер де қолға алуы қажет. Аталған бастаманың маңыздылығы сол, ең алдымен білімнің сапасын арттыруға болады», - дейді А.Жүсіпова.
Оның айтуынша, қашықтан оқыту жүйесінің артықшылықтары көп. Ең бастысы, әрбір адам оқыту кестесін өз ыңғайына қарай жоспарлай алады. Сондай-ақ, курстың мазмұнын студенттің қажеттілігіне қарай толықтыруға мүмкіндік бар. Алайда жоғары білім саласында қашықтан оқыту кезінде мықты тәртіп пен ішкі мотивация аса қажет.
«Өз сөзінде Президент жұмысқа орналасуды жастар саясатының басты мәселесі ретінде белгіледі. Осы мәселені шешуге ірі кәсіпорындар мен бизнесмендер атсалысуы қажет. Негізі, ондай механизмнің тиімділігі зор. Еуроодақ елдері де ондай шараларды қолға алып жатыр. Жұмыс берушілер оқыту бағдарламаларын әзірлеу жұмысына да қатысып, өзіне қажетті мамандарды даярлайды», - деп атап көрсетті А.Жүсіпова.
Осы орайда сарапшы жас мамандардың басқа елдерге кету мәселесін де қозғады. Бүгінде ТМД жастарының көбі шетелге кетіп жатады. Ұйым ішіндегі көші-қон мәселесі де өзекті болып тұр. Мәселен, Қазақстанның жастары Ресейге барып, білім алып жүр. Осыған байланысты елімізде білім беру гранттарының санын 20 000-ға артыруға шешім қабылдады. Ал жатақхана орындарының саны тағы 70 000-ға көбейеді.
«Қазақстанның ішінде де көші-қонның деңгейі жоғары. Ауыл жастары жұмыс іздеп, қалаға көшіп жатыр. Ондай жағдай аймақтардың экономикасына да кері әсерін тигізуде. Ал қалаға көшіп келген жастар жаңа орынға бейімделеміз деп, психологиялық проблемаларға тап болады», - дейді А.Жүсіпова.
Айта кетейік, кеше ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының ашылуына арналған ресми шараға қатысты. Сол жерде Мемлекет басшысы бірнеше тың бастамаларды жариялады. Мәселен, ауылға баратын жастардың жәрдемақысын көтеруді тапсырды. Президенттің сөйлеген сөзін мына жерден оқуға болады.