13:45, 13 Сәуір 2009
Кәсіпкерлер мораторийді заңды бұзу мүмкіндігі деп қабылдамауы керек? Қаржы министрі
АСТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Кәсіпкерлер мораторийді заңды бұзу мүмкіндігі деп қабылдамауы тиіс.
Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде «Қаржы министрлігінің 2008 жылғы жұмыс қорытындылары мен 2009 жылға арналған міндеттері» тақырыбында өткен Үкімет сағатында ведомство басшысы Болат Жәмішев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жиын барысында еліміздегі бизнес қауымдастығының іскерлік белсенділігі төмендеп отырғанын, сондай-ақ шағын және орта бизнес кәсіптерін тексеруге мораторийдің төлемдер түсіміне әсер етіп отырғанын айтқан министр, бұл тұрғыда жалған кәсіпкерлікпен күресті белсендіре түсу қажеттігін атап өтті. «Жалпы, салық органдарының қызметін күшейту үшін, сонымен бірге салықтық қызметтердің сапасын арттыру үшін салық органдарындағы бизнес-үдерістерді қайта қарап, оларды оңтайландыруға қатысты жүйелі шаралар қабылдау керек. Бүгінгі мораторий жағдайында біз бейне тексерулерді, яғни бейнекамера арқылы бақылауды жүзеге асырып отырмыз. Бұндай бақылау нәтижесінде заң бұзушылықтар орын алғаны анықталса, ол туралы қаржы полициясына хабарланады. Жалпы, кәсіпкерлер мораторийді заңды бұзу мүмкіндігі деп қабылдамауы тиіс. Біз қазір заң бұзушылық болуы мүмкін орындардың барлығында тексерістер жүргізу үшін нақтылау жұмыстарын күшейтіп жатырмыз. Заң бұзушылықтың шеті шыққаннан кейін салық органдары мен қаржы полициясы бірігіп тексеру жүргізуге құқылы. Барлық тексерістерге бейне бақылау толық негіз жасады деп айту орынды. Бейне бақылау арқылы анықталған заң бұзушылықтар іс жүзінде нағыз фактілермен айғақталып отыр. Сондықтан да, мораторий жағдайында да заң бұзушылықтардың алдын алуға жұмыс жасап келеміз», деді Б. Жәмішев.