Бүгін Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде «Қазақстан Республикасының кейбір занамалық актілеріне рұқсат беру құжаттарын қысқарту және мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында сенатор Иран Әміров осылай мәлім етті.
Сенатордың айтуынша, бизнеске әкімшілік ауыртпашылықты азайтуға бағытталған заң жобасы аса маңызды әрі бұл елдегі кәсіпкерліктің одан әрі дамуына жағдай жасайды. «Дегенмен, біздегі шағын және орта бизнестің негізгі қасіретін, кемшіліктердің бастысын күні кеше Елбасы Н. Назарбаев кәсіпкерлермен кездесуінде атап айтты. Бізде барлық әкімдіктер мен министрліктер мемлекеттік сатып алумен айналысады және сол мемлекеттік сатып алуларды белгілі бір ғана азаматтар жүзеге асырады. Менің білуімше, шағын кәсіпкерліктер өздерінің кәсібін аша алмай отырған жоқ, қайта ашып алып жұмыс жасай алмай отыр. Өйткені, оларға мемлекеттік сатып алулардан тиетін қаражат тым мардымсыз. Содан барып құрылыс сапасы туралы мәселе көлденеңдейді, сапасыз үйлер, сапасыз жолдар содан салынады. Осыны ойлану керек. Негізгі мәселе осында», -деді Иран Әміров.
Өз кезегінде Экономикалық даму және сауда вице-министрі Марат Құсайынов Елбасының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік сатып алулар туралы заңнамаға алдағы уақытта өзгерістер енгізілетінін атап өтті. Бұл өзгерістерде сыбайлес жемқорлықтың жолын кесу шаралары көзделеді. Оның айтуынша, аталған құжат күзге қарай Парламентке ұсынылуы мүмкін.