Кәсіпкерлер үшін бизнес ахуалды жақсарту Үкіметтің басты міндеттерінің бірі болып қала береді

АСТАНА. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Шағын және орта бизнес үшін бизнес ахуалды жақсарту Үкіметтің алдағы кезеңдердегі басты міндеті болып қала береді. Осы жылдың 1-ші тоқсанындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы шығарылып, алдағы тоқсандағы міндеттері айқындалған Үкіметтің сейсенбідегі отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов осылай мәлімдей отырып,

мемлекеттің әрдайым кәсіпкерлерлерге жан-жақты қолдау көрсетуге ықыласты екенін тағы бір байқатты. Жалпы Қазақстан бұрын да, қазір де бизнестің асығы алшысынан түсуіне айрықша ден қойып келеді. Алысқа бармай-ақ, дағдарысқа қарсы бағдарламаны алайық. Қазіргі уақытта бұл бағдарлама аясында шағын бизнестің дамуын қолдауға, сондай-ақ оның жолындағы әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған шараларды белсенді жүзеге асыру процесі жүріп жатыр. Бұл ретте дағдарыс басталмай тұрып-ақ құрылған «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына зор міндет жүктеліп отыр. Бұл Қор республикалық бюджет қаражаты есебінен шағын және орта бизнес субьектілеріне қаржылай қолдау көрсетуде Үкімет белгілеген шараларды жүзеге асыратын негізгі оператор.«Даму» қорының қаржысын екінші деңгейдегі банктерге орналастыру арқылы мемлекеттік бағдарлама төмендегідей бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеуде. Біріншісі - кәсіпкерлерді қаржыландыру үшін «Даму» қоры арқылы екінші деңгейдегі банктерге 48,8 млрд. теңге көлемінде алғашқы транш бөлінді. Бұл күнде осы бағдарлама бойынша қаражат толығымен әжетке жаратылып, 2 мың 149 жоба қаржыландырылған. Нәтижесінде 3 мың 600-ден астам жұмыс орны құрылған. Келесі бағыт бойынша, яғни «Даму» қорының шағын және орта бизнес жобаларын қажыландыру жөніндегі бағдарламасы бойынша 100 млрд. теңге сомасында екінші транш бөлінді. Бұл қаржының 50 млрд. теңгесін «Даму» қоры арқылы «Самұрық-Қазына» қоры, ал қалған жартысын екінші деңгейдегі банктер бөлді. Бұл бойынша ақырғы қарыз алушыларға берілген несиенің жылдық ставкасы - 12,5 пайыздан асқан жоқ. Ағымдағы жылғы наурыздың 20-сындағы деректерге сүйенсек, екінші транш бойынша жалпы сомасы 109,4 млрд. теңгені құрайтын 3 мың жоба мақұлданған. Ал іс жүзінде құны 88,7 млрд. теңге 2004 жоба несилендірілген. Мың жарым адам жұмыспен қамтылған. Үшінші бағыт бойынша, «Даму» қоры мен жергілікті атқарушы органдар өңірлердегі кәсіпкерлердің жобасын тең бөліп қаржыландыруда. 28 де 28 қағидатымен бұл мақсатқа 56 млрд. теңге бағытталып отыр. Осы бағдарлама бойынша түпкі қарыз алушыларға берілетін несиенің жылдық ставкасы 14 пайыздан аспайды. Биылғы наурыздың 20-сындағы мәліметтер бойынша, бұл бағдарлама шеңберінде екінші деңгейдегі банктер 33,1 млрд. теңгені игеріп, 779 жобаны мақұлдаған. Ал іс жүзінде 15,2 млрд. теңгенің 751 жобасы несилендірілген. Мақұлданған жобалар мен нақты несиелендірілген жобалардың арасындағы айырмашалық қаржының транштық игерілгеніне несиелік желінің ашылғанымен байланысты. Осылайша жоғарыдағы айтылған барлық схемалар бойынша жалпы сомасы 200 млрд. теңгені құрайтын 6 мыңға жуық жоба мақұлданып, несиелендірілген. Бұл ретте екінші деңгейдегі банктердің шағын және орта бизнес субьектілеріне берген несиелерінің көлемі наурыздың 1-інде 1,7 трлн. теңге болғанын, осы сомадағы мемлекеттік ресурстардың үлесі 12 пайызды құрағанын айтып өткен жөн. Мемлекеттің шағын және орта бизнеске тигізіп жатқан шапағаты мұнымен шектелген жоқ. Есте болса, дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында шағын және орта бизнесті қолдауға 120 млрд. теңге бағытталған болатын. Қазіргі таңда бұл соманың 117 млрд. теңгесі банктерге орналастырылды. 3 млрд.теңге «Даму қолдау» бағдарламасы аясында кластерлік бағдарламаны қолдауға бағытталатын болады. Ал АТФ банк болса, қосымша 10 млрд.теңгені өз есебінен бөлетін болып отыр. Бүгінгі күні банктер шағын және орта бизнесті несиелендіруге берілген қаражаттың 52,4 млрд.теңгесін игерген. 1040 қарыз алушымен шарттар түзілген. Үкіметтің кешегі отырысында Вице-Премьер Серік Ахметов үшінші траншты игеру кестеге сай жүріп жатқанын айтып, бұл транш аясындағы қаржыландыруға жасалған талдау қаражаттың толық және мезгілінде игерілетінін көрсеткенін жеткізді. Осы арада шағын және орта бизнесті қолдау үшін Үкімет қайта қаржыландыру шарттарына бірқатар өзгертулер енгізгенін айтқан жөн. Мысалы Үкіметтің талабы бойынша банктер ішкі нормативтік құжаттарын өзгертті. Нәтижесінде қайта қаржыландыруға қажетті құжаттар тізбесі азайтылды, кепіл мүлікті бағалау міндеттілігі жойылды, қарыз алушыларды төмен санатқа бөлу доғарылды Ресми мәліметтерге сүйенсек, сәуірдің 1-індегі жағдай бойынша еліміз нарығында 633 мың шағын кәсіпкерлік субьектілері белсенді жұмыс істеуде екен. Ал шағын және орта кәсіпкерлік саласында еңбектенетін адамдардың саны 2 миллионға жуық. Мемлекет былтыр жыл бойына шағын және орта бизнес субьектілерін тексеруге мораторий жариялап, кәсіпкерлердің өтініші бойынша оның мерзімін биылғы шілденің 1-іне дейін ұзартты. Бұл бизнесмендер үшін де, олар жұмыспен қамтып отырған қарапайым халық үшін де айтарлықтай көмек болды. Қазақстан Үкіметінің бизнесті қолдап, оның беделін көтеру үшін жасап жатқан жұмыстары бүгінде талай елдердің биліктеріне үлгі болып отыр.