«Кедергісіз кәсіпкерлік» форумы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, барлық мемлекеттік бақылау-қадағалау және өзге де уәкілетті органдардың, өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен облыстық бизнес-қауымдастықтары өкілдерінің қатысуымен облыстық прокуратура ғимаратында өтті. Бұл басқосу ел экономикасының тірегі саналатын кәсіпкерлікті құқықтық қорғау, қолдау мәселелеріне арналды.
Қолайлы инвестициялық ахуал құру, кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын және мемлекеттік органдарға деген сенімділігін арттыру, кәсіпкерлік кедергілерді жою -форумның негізгі мақсаты болды. Осында кеңінен талқыланып, кәсіпкерлерді қорғаудың Өңірлік жол картасының тұсауы кесілді. Нақты айтқанда, осы карта арқылы Ақтөбе облысындағы кәсіпкерлікті дамыту жағдайы, оның дамуына кедергі келтіруші себептер мен жайлар, сондай-ақ кәсіпкерлер үшін ауыл шаруашылығы, құрылыс, салық салу және сыртқы экономикалық қызмет саласындағы шешуі күрделі мәселелерді анықтау мен оларды шешудің жолдары қарастырылады. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында бірыңғай жер салығын алу, кедендік одақ аясында шығарылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру, тұрғындарды шағын бизнеске тарту әлі де өзекті мәселелер ретінде қалуда.
Еліміздің бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов бизнеске әкімшілік кедергілерді азайту мәселелеріне қатысты жүргізіліп отырған жұмыстарды әңгімеледі. Қазіргі уақытта кәсіпкерлерге қатысты 61 мемлекеттік орган әртүрлі құқықтық актілердің 17 мың талаптарының сақталуы бойынша тексеру жүргізеді. Осыған байланысты Бас прокуратура мемлекеттік органдардың жекелеген функцияларын өзін-өзі реттеуге беру мүмкіндігін зерттеуде.
- Елбасы кәсіпкерлікті дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Біздің облысымызда кәсіпкерлік қызметінің 130 мыңға жуық субъектісі тіркелген. Ол облыс тұрғындарының белсенді қызмет істейтін бөлігінің 32 пайызын құрайды. Мемлекет өз тарапынан кәсіпкерлерді қолдаудың түрлі шараларын алып келеді. Оның ішінде мемлекеттік бағдарламаларға қатысы ерекше. Ең басты міндет - жұмыссыздықты болдырмау, бұл үшін жұмыс орындарын құру маңызды, - деп атап көрсетті өз сөзінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. Осы мақсатта аймақта 200 гектар алқапқа индустриялдық аймақ құрылып, жұмыс істеп жатқанын, онда инновациялық және перспективалық жобаларды жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалғанын жеткізді.
Форумның негізгі мақсаты кәсіпкерлерді қорғаудың аймақтық жол картасының тұсауын кесуге арналғанын жоғарыда айттық. Облыс басшылығы Картаны жүзеге асыруға барлық жағынан қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.
- Біздің негізгі міндетіміз - кәсіпкерлерді қолдау. Тек қана былтырғы жылдың өзінде біздің облыстың кәсіпкерлері мемлекеттен 10 миллиард теңгеден астам қолдау алды. Соның арқасында биылғы бірінші тоқсандағы өндірілетін өнім кәсіпкерлермен 118 миллиард теңгені құрады. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда жоғары. Төленген салықтың көлемі де өткен жылғымен салыстырғанда 14 пайызға жоғары болды, - деді облыс әкімі.
Мұнымен бірге, аймақ басшысы кәсіпкерлерді тексеру мен жұмыстарын қадағалауда мемлекеттік органдардың әлі де болса, бұрынғы дағды бойынша бой көрсетіп қалатынын сынады.
Форумда кәсіпкерлер палатасының, кіріс департаментінің, прокуратураның жауапты өкілдері кәсіпкерліктің түрлі мәселелері, олармен әріптестік қарым-қатынас орнату туралы баяндамалар жасады. Жекелеген кәсіпкерлер сөз алып, өздерін толғандырып жүрген жайларды ортаға салды. Кәсіпкерлер үшін шешуі күрделі мәселелер де әңгіме болды.
Форум қорытындысы бойынша облыста кәсіпкерлерді қорғаудың жол картасын жүзеге асыруға байланысты тараптар әріптестік пен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.