Бүгін ҚР Бас прокуратурасында кәсіпкерлік мәселелеріне арналған бейнеконференция барысында «Атамекен одағы» ҰЭП» Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов осылай мәлім етті.
«Бізге келіп түскен өтініштерді сараптасақ, кәсіпкерлікке қатысты мәселелердің ішіндегі ең өзектісі жер қатынастары саласында екенін көрсетті. Бұл бағытта басты екі проблема бар. Оның бірі - бизнес үдерісі бойынша жер учаскесіне құқық иеленуге қатысты анық әрі қарапайым тәртіптің жоқтығы. Бізге өтініш жолдаған барлық дерлік кәсіпкерлер дәл осы проблеманы көрсетіп отыр. Екіншісі - жер қатынастары саласындағы ақпаратқа қолжетімділіктің болмауы. Бұл еш құпия емес, Үкімет деңгейінде мойындалған дүние. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет бұл бағыттағы барлық үдерістерді барынша автоматтандыруға күш салуды қолға алатын болады», - дейді А. Мырзахметов.
Оның айтуынша, жер қатынасы саласындағы ашықтықтың сақталмауы, ақпаратқа қолжетімділіктің болмауы бизнестің жұмысын күрделендіріп отыр. Осы ретте «Атамекен одағы» ҰЭП төрағасы барлық әкімдіктердің жер комитеттеріндегі сайттарды ақтарып, жер учаскелерін иеленуге қатысты нақты тәртіптің жазылмағанына көз жеткізгенін айтады. «Республика бойынша тек Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында ғана кәсіпкерлерге жер учаскелеріне құқық беру тәртібі берілген. Бұл қарапайым, түсінікті ғана шара болуы тиіс еді. Алайда, кәсіпкерлер үшін бұл ең қиыны», - деді А. Мырзахметов.