– Батыр Әлиұлы, сіздің пайымыңызша, Астанадағы білім мен аймақтардағы білімнің сапасында айырмашылық бар ма? Білім саласы кешегі сайлау кезінде де көп көтерілген тақырыптардың бірі болды. Әсіресе, Мәжіліске түскендердің жартысынан көбі білім саласының кем-кетігін қозғаумен болды. Олар елордадағы білім мен ауылдағы білімнің арасында 5-10 жыл айырмашылық бар деген деректі алға тартты.
– Рас, айтасыз, Мәжіліске де, мәслихатқа да депутаттыққа үміткер болғандардың біразы білім саласын сайлауалды бағдарламаларында көтерді. Солардың бірі – мен. Алайда, менің кәсіби қызметім осы болғандықтан, бұл саланы айналып өтпеуім мүмкін емес те еді. Өзім салаға сараптама жасаған кезде да, көптеген үміткердің сайлау алдында білім саласын еске алғандарын аңғардым. Өкініштісі, сайлауалды үгіт науқаны 20 наурызда мәресіне жетті де, сол кандидаттар да білім саласына қатысты айтып жүрген проблемаларын «ұмытты». Одан кейін, әлеуметтік желідегі парақшаларын жүргізіп, белсенділіктерінен таймағандар ілеуде біреу шығар.
Ал мен өзім кәсіподақ жетекшісі болғандықтан, мұғалімдердің әлеуметтік-еңбек құқықтарының бұзылмауын үнемі қадағалап отырамын. Саланы қадағалайтын министрлік, қалалық деңгейде департамент, басқарма, бөлімдер бар. Солардың сараптамаларын қолға алып, тұрақты салыстырумен боламын. Бұл оңай шаруа емес.
Енді сауалыңызға келсем, дәл қазіргі таңда Астана мен ауыл мектептерінің арасында айырмашылқ бар деп айта алмаймын. Айырмашылық тек мектептердің материалдық базасында ғана болуы мүмкін. Мысалы Астанада жаңа мектептер салынып жатыр, мүмкіндіктер мол. Заман талабына сай делінетін Бином мектептерінің өзі біршама болып қалды. Басқа өңірлерде мұндай мектептер жоқтың қасы.
Білім сапасына келер болсақ, барлық мектепте оқу бағдарламалары бірдей. Министрлік тағайындап, бекіткен бағдарлама. Оқулықтар да бірдей. Қазір оқулық жетіспеушілігі де байқалмайды. Тек кейбір ауылдарда интернеттің әлсіздігінен кемшіліктер тауып алуымыз мүмкін. Соның өзінде Астана мен басқа өңірлердің – қала, ауылдардың мектептеріндегі білімде айырмашылық бар деп айту өте қиын.
Десе де, министрлік мамандарының көрсеткіштеріне көз жүгірте салғанның айыбы жоқ. Өйткені, олар мектептердің сапасын жан-жақты тексеріп, қорытынды шығара алады.
Оның үстіне, қазір «Жайлы мектеп» жобасы қолға алынып жатыр. Бұл бағдарлама жүйелі жүзеге асатын болса, Астана мен ауыл мектебінің арасындағы аз-кем алшақтық мүлде жойылады деген ойдамын.
– Осы тұста бағдарлама атауына назар аударып көрейікші. Неге «Жайлы мектеп»? Қандай жайлылығы бар?
- Өйткені, министрлік те мектептердің айырмашылығын біліп отыр. Өз сөзім өзіме қарсы шықпасын, бұл жерде мен материалдық-техникалық базасын айтып отырмын. Мысалы, «Жайлы мектепте» бір емес, бірнеше спорт залы болуы мүмкін. Coworking орталықтарымен, ойнайтын алаңдарымен, тіпті кинотеатрмен жабдықталған.
Қазіргі кезде инклюзия ең негізгі мәселеге айналып барады. Өйткені, бүгінде инклюзивті білім алатын балалардың күрт көбейгені туралы біліп жатырмыз. Әсіресе, Астана мен Алматыда неге инклюзия жиілеп кетті? Себебі сол, ата-аналар жеке білім беруді қажет ететін балалары үшін ірі қалаларға немесе облыс орталықтарына қоныс аударғанды жөн көреді. Сондықтан басқа өңірлерде де инклюзивті білімді қажет ететін балаларға мүмкіндік жасалуы керек, түзету сыныптары ашылуы қажет. Сол кезде ата-анаға басқа қалаларға сандалудың қажеттігі тумайды. «Жайлы мектепте» осы мәселе де назарға алынған.
Десе де мен саланың маманы ретінде ерекше балаларды оқытатын мекемелер санын бұдан да жиілетуді ұсынар едім. Өйткені, мұның соншалықты қажет екеніне мектептерді аралап, ата-аналармен, ұстаздармен кездесулер барысында әбден көз жеткізгенмін.
Әлгі сөз басындағы Астана мен ауыл мектептері арасында 5-10 жыл алшақтық бар деген ұйғарым осыдан шыққан да болуы мүмкін.
– Енді өзіңіздің кәсіби қызметіңізге қатысты сауалымызға тоқталсақ, астаналық педагогтардың ең өзекті деген мәселелерін тарқатып айтып бере аласыз ба?
– Әлбетте, қазір біз 2020 жылы қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында жұмыс істеудеміз. Мен осы заң жобасын жасаған жұмыс тобында болдым. Ол заң педагогтерге жақсы пайдасын тигізуде. Жалақылары жыл сайын 25 пайызға өсіп тұрды. Ал келер жылы жалақылары қалай болатынын айта алмаймын. Бізде инфляция деген бар. Бір жағынан жалақыны көтермеу мүмкін еместей. Санатаына байланысты үстемеақы алатындар бар. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.
Бірақ, проблема аз емес. Соның бірін айтар болсақ, маған қуанышты тұсы, осы шақырылымдағы Мәжілістің бірінші сессиясында Президент мұғалімдерді аттестаттаудың талаптарын жеңілдету керектігін шегелеп айтты. Әңгіме мұғалімдер санатын арттыратын кезде тапсыратын аттестация жайында болып тұр. Бұл осы уақытқа дейінгі түйінді күйінде еді, Мемлекет басшысы көтергеніне қуандым. Себебі аттестациялық комиссияда өзім бармын. Өзім куәмін. Мысалы, сұрақтар күрделі.
Оған қоса, портфолио дайындау керек. Бізде портфолионы тек мұғалімдер жинайды. Дәрігерлер біліктілігін арттыратын болса, портфолио жинамайды. Мемлекеттік қызметшілер де солай, тек тест тапсырады.
Сонымен қатар мұғалімдер аттестацияның бірінші кезеңінде түрлі курстардан өткенін растап, оқушының, өзінің жетістіктерін түгендеуі тиіс. Балабақша тәрбиешілерінің конкурсқа қатысу мүмкіндіктері шектеулі. Өйткені, конкурстардың саны шектеулі.
Мысалы, мемлекеттік балабақшаны алайық. Астанада 100-ге жуық мемлекеттік балабақша бар. Ал тәрбиешілерге бір қолдың саусағымен санарлық конкурс бар. Оларда, бас жүлдені қоса есептегенде, 4 орын ғана есепке алынады. Ал тәрбиешілер өте көп.
Қосымша білім беру мекемелерінің оқытушыларына да, мысалы саз мектептеріне де талап жоғары. Ондағы мұғалімдердің әрқайсысы әртүрлі аспапты меңгерген. Алайда, тесттегі сұрақтары бірдей. Мектепте аттестация кезінде математика пәнінің мұғалімі мен физика пәні мұғалімінің сұрақтары әртүрлі болады ғой. Бірақ баян үйрететін педагог пен домбыра үйрететін педагогтің сұрақтары бірдей. Мен ол сұрақтарға көз жүгіртіп көрдім, шынында күрделі.
Мұғалімдердің жалақысына тоқталсақ, ауылдық аймақтардағы ұстаздар қаладағы педагогтерден 25 пайызға көбірек жалақы алады. Қалада пәтерақыдан бастап, азық-түлік және басқа да қажеттіліктер ауылға қарағанда, қымбатырақ. Бұрын коэффицент деген болған. Қазір коэффицент те жоқ.
«Педагог мәртебесі туралы» заңның 12-бабының 7-тармағына сәйкес, жергілікті органдар мұғалімдердің коммуналдық төлеміне қосымша ақы қарастыра алады. Екінші, жергілікті әкімдіктер кәсіподақтар секілді шипажайларға жолдама бере алады. Бірақ, бұл міндеттелмеген, жәй ғана құқы бар. Бірақ ешбір заңда «Кәсіподақтар шипажайларға жолдама беруі тиіс» деп жазылмаған. Бұл кеңес өкіметі тұсынан қалған түсінік. Кәсіподақ мүшелері де соған үйреніп қалған. Кейбіреулер кәсіподақ тек шипажайға жолдама берумен айналысады деп ойлайды.
Мен, мысалы күнделікті еңбек ұжымдарына барғанда, кәсіподақтың бірінші мәселесі еңбек құқықтарын қорғау екенін түсіндіремін. Ұжымдық шарт туралы айтамын, министрлік, басқармалармен жасаған қосымша келісімшарт жайында жеткіземін. Өзім де заңгермін. Соның барлығын талдап айтып болған соң, мұғалімдердің өзі шипажайға жолдама туралы сұрақ қояды.
Біз жолдама беруге міндетті емес екенімізді айтқанда, олар таңғалады. Қазір шипажайларға жолдама беруді тек ТМД мемлекеттері ғана іске асырып отыр. Басқа шет елдермен де байланыстамыз. Өркениетті елдердегі әріптестеріміз: «Педагогтерге неге шипажайларға жолдама бересіздер, олардың денсаулығы үшін төленетін қаражат бар ғой?» деп сұрайды.
2007 жылы денсаулыққа деп беретін сауықтыру жәрдемақысын сараптайтын жұмыс тобында болдым. Сонда 1 ставкада жұмыс істейтіндерге – бір, 2 ставкада жұмыс істейтіндерге екі денсаулық үшін төленетін ақы төлеу мәселесі алдымыздан шықты. Бұл мәселе кәсіподақтар жасаған еңбек шартында да қарастырылған. Осыны оңтайлы шешіп, жолға қойдық.
Тағы да айта кетерлігі, бізде шипажайларға жолдама зейнеткерлерге, әлеуметтік осал топтарға тізім бойынша беріледі. Сол тізімге педагогтерді де жергілікті әкімдіктер кіргізуге құқылы, олар коммуналдық төлеммен қоса, шипажайларға жолдама алады. Қазіргі кезде жергілікті әкімдіктер өздерінің төсбелгілерін бекітті. Ол - «Астана қаласының үздік педагогы» деген төсбелгі бар. Оның қасына бір реттік 300 АЕК мөлшерінде төлемақысын алады.
– Батыр Әлиұлы, жалпы тұрғын үй проблемасы күн тәртібінен түскен емес. Кәсіподаққа осы сауалмен қайырылатын мұғалімдер бар ма?
– Бар, көп десек те болады. «Педагог мәртебесі туралы» заңда бұл қарастырылған. Бірақ, оны әрбір мұғалім ала алмайды. Олар ел қатарлы кезекке тұрып алады. Бөлек арнайы бағдарлама жоқ. Осы жұмада бізге бір педагог келіп, жанайқайын жеткізді. Ол үй кезегінде тұрғанымен, кезегінің жылжымай жатқанын айтты. Біз тиісті органға сұрау салатынымызды, бірақ үйді тек кезегі келгенде ғана алатынын жеткіздік. Біз қолымыздан келетін көмектерді көрсетуге дайынбыз.
– Әңгімеңізге рахмет!