ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері кәсіпорын-ұйымдарда 69 оқыс оқиға тіркеліп, соның салдарынан 76 адам зардап шекті.
Облыс прокурорының орынбасары Халидолла Дәуешевтің айтуынша, 2014 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, өндірісте жарақат алғандар саны 4 пайызға өсті. Кәсіпорындарда 18 адам (өткен жылы осы кезеңде 13) қаза тауып, 58 адам (60) түрлі жарақат алды. Қайғылы жағдайлардың 80 пайыздан астамы жеке меншіктегі кәсіпорындар үлесіне тиеді.
Полиция органдары еңбек сақтау ережесін бұзушылық деректері бойынша ҚР ҚК 156-бабына сәйкес 75 сотқа дейінгі тергеу амалын жүргізсе, соның 70 пайыздан астамы қылмыс құрамының болмауына байланысты қысқартылды.
Айта кетейік, соңғы бес жылда (2011-2014) өндірісте жарақат алу деректері бойынша қылмыстар үш есеге (5-тен 17-ге дейін) өсті. Ал 2015 жылғы сегіз айдағы көрсеткіш өткен жылғы 17-ден биылғы 22-ге жетіп отыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).