17:21, 07 Сәуір 2009
Kaspi bank қазіргі таңда шағын және орта бизнесті қолдауға бөлінген 6 миллиард теңгенің 1,5 миллиардын игерді
АЛМАТЫ. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Kaspi bank қазіргі таңда «Даму» шағын және орта бизнесті дамыту қоры» АҚ-нан бөлінген 6 миллиард теңгенің 1,5 миллиардын игерді.
Оны банктің Басқарма төрағасы бүгін шоғырландырылған аудит жүргізілген қаржылық есептің қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Шағын және орта бизнес секторында біз барлық бағдарламалардың қатысушысы саналамыз. Оның ішінде «Даму» қорының 3 бағдарламасы да бар. Қазір жүзеге асырылып жатқан 3-ші бағдарлама бойынша біз қаржыландыру үшін 6 миллиард теңге алдық. Оның 1,5 миллиарды иегерілді, ал қалған 5 миллиарды бүгінгі таңда филиалдар мен бас банктің қарауында жатыр», дейді Kaspi bank Басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе. Оның айтуынша, мемлекеттік бағдарламалар туралы әркім әртүрлі көзқараста. Олардың кейбірі мемлекет бұл қаржыны төмен мөлшерлемемен жайдан-жай бере салды, енді оны кез-келген адамға беруге болады деп ойлайды. Бұл дұрыс емес, бағдарламаға қатысқан банктер оның толық қайтарылуына жауапкершілік алған. Сондай-ақ «Даму» қорының бағдарламасының кестесінде де оның критерийлері нақты көрсетілген. Сол себепті де банк бұл қаражатты төлем қабілеті бар адамдарға ғана беруде.