Оның айтуынша, өлі итбалықтардың табылуы жыл сайын тіркеледі. Ең көп 2024 жылы шамамен екі мың итбалықтың өлексесі табылған. Осыған байланысты оларды қорғау мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс істеп жатқанын айтты.
– Бұл негізінен біздің аумақта емес, жалпы Каспий теңізінің бүкіл акваториясында болатын құбылыс. Итбалықтар Әзербайжан немесе Иран жағалауында қырылуы мүмкін. Ал батыстан соғатын дауылды желдер олардың өлекселерін Ақтаудағы Каспий теңізінің жағалауына қарай алып келеді. Осы мәселеге байланысты біз жергілікті атқарушы органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп әрекет ету алгоритмін қабылдадық. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасымен Каспий итбалықтарын қорғау мақсатында «Каспий итбалығы» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Қазіргі уақытта бұл резерват Ақтау қаласында өз жұмысын бастады, – деді спикер.
Сонымен қатар ведомство өкілі, өткен жылы қыс мезгілінде осы аумақта кеме қатынасына шектеу қойылып, балық аулау учаскелерінің шекаралары қайта қаралғанын айтты. Олар итбалықтардың көші-қон бағыттарынан алшақтатылды деді ол.
Қазіргі уақытта 225 итбалықтың қырылғаны тіркелді. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың басым бөлігі тұншығудан өлген. Бұл теңіз түбіндегі жер сілкінісі мен тұншықтырғыш газдардың бөлінуіне байланысты болуы мүмкін. Қырылған итбалықтардан жұқпалы аурулардың белгілері анықталған жоқ.
Айта кетейік, Маңғыстауда итбалықтар мен бекіре тұқымдас балықтардың өлексесі табылды.