Каспийден бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз аулаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

АСТАНА. 12 маусым. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында Каспий бассейні су айдынынан жүзу құралдарын қолдану көмегімен бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз аулаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленді.

Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.

«Облыстық ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері қылмыстық істі тергеу барысында 2011 жылдан бері аталған топты 36 жастағы Ақтау қаласының тұрғыны басқарғанын анықтады. Сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында 28 бен 29 жастағы Ақтау қаласының тұрғындары және 43 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматы бар екендігі белгілі болып отыр», - деді ол.

Ресми өкілдің атап өтуінше, қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда дәлелдік базаны күшейту мақсатында жедел іздестіру-тергеу шаралары жүргізілуде.