деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Каспий теңізімен бес мемлекет шектесіп жатыр және осы аймақта 20 млн.-нан астам халық тұрады. Соңғы онжылдықтағы Каспий табанындағы көмірсутекті шикізаттың мол қорының анықталып, барлау-бақылау жұмыстары мен мұнай мен газ өндірісі қарқын алуда. Көмірсутекті шикізатты өндіру кезінде экологиялық талаптардың сақталмауынан теңіз экологиясына, оның қойнауындағы сан алуан фауна мен флораға, жалпы табиғатымызға үлкен қауіп туғызып отыр. Жағалаудағы бұрғыланып, кейін су астында қалған ұңғымалардан шығатын, сондай-ақ басқа да жағдайда теңізге мұнай өнімдерінің төгілуі теңіз биосферасына орасан зор зиян келтіруде. Соңғы кездердегі экологиялық апаттар, балықтар мен итбалықтардың жаппай қырылу фактілерінің жиілеуі, Каспийдегі жер қойнауын игеруші компаниялардың экологиялық талаптарды сақтамауы жұртшылықтың алаңдаушылығын туғызып отыр», деді З. Алшымбаев.
Соған орай, депутат Каспийдің бірегей табиғи ортасын сақтап қалу үшін халықаралық құқық талаптары негізінде қазіргі заманғы озық экологиялық талаптар стандарттарын қолдану қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге, депутат Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде Каспий экологиясына қатысты жан-жақты терең зерттеулер сараланғанын айтып, соның ішінде бірқатар мәселелерге Каспий маңы мемлекеттерінің мемлекеттік органдарының назар аударуы тиістігін алға тартты. «Біріншіден, Каспий бассейнінде табиғат қорғау мәселелерін реттейтін бірегей нормативті-құқықтық және әдістемелік базаны әзірлеуді басым міндет деп тану қажет. Бұдан басқа, өңірдегі биоресурстарды сақтау және қорғау жөніндегі мемлекетаралық бағдарлама қабылдануы тиіс. Тиісті мемлекеттер аумақтарында мемлекеттік экологиялық мониторинг жүйесін жасау бағдарламасы әзірленсе игі. Сонымен бірге, Каспий маңы мемлекеттерінің уәкілетті мемлекеттік органдарының бірлескен өзара іс-қимылдарын күшейтулері қажет. Бұл көтерілген ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Үкіметі де зерделеп, тиісті шешім қабылдауына ықпал етуі қажет деп есептеймін», деді депутат.