«Кәсіпте ең маңыздысы — табандылық»: маңғыстаулық жас кәсіпкермен сұхбат

АҚТАУ. KAZINFORM — Кәсіп бастау бір күнде қабылданған шешімнен тұрмайды. Оның артында ізденіс, қателік, қайта бастау, білім алу және тынымсыз еңбек бар. Маңғыстаулық жас кәсіпкер Әйгерім Имашеваның кәсіби жолы да бірнеше кезеңнен тұрады. Ол Жетібайда үй жағдайында торт пісіруден бастап, кейін әлеуметтік желі арқылы кәсіп жүргізуді үйреткен. Ал бүгінде мемлекеттік гранттың көмегімен шұжық өндірісін қолға алып отыр. Оның айтуынша, осы жолдағы ең маңызды қасиет — бастаған істі соңына дейін жеткізуге деген табандылық. Осы орайда Kazіnform тілшісі жас кәсіпкермен кәсіпке келу жолы, мемлекеттік қолдау және еңбек жолындағы тәжірибесі туралы сұхбаттасты.

Фото Әйгерім Имашеваның жеке мұрағатынан

— Әйгерім, кәсіпкерлік жолыңыз қалай басталды?

— Менің алғашқы кәсібім шұжық өндірісі емес, кондитерлік болды. Жетібай ауылында тұрдық. Алғашқы балам дүниеге келген кезде үйде отырып торт безендіруге қызыға бастадым. Бала кезімнен сурет салғанды жақсы көретінмін, тамақ дайындауға да икемім бар еді. 2015 жылы алғашқы кондитерлік курсқа қатыстым. Сол кезден бастап бес жыл бойы Жетібайда тапсырыспен торт дайындап, саттым. Кей күндері жалғыз өзім 10-12 тортқа дейін пісіретінмін. Ол кезде әлеуметтік желі қазіргідей дамымаған. Клиенттер бір-біріне айтып, тапсырыс беретін. Ең бастысы, өнімнің сапасын түсірмеуге тырыстым. Өз балаларыма қандай тағам ұсынсам, тапсырыс берушілерге де сондай жауапкершілікпен қарадым.

Фото Әйгерім Имашеваның жеке мұрағатынан

— Кейін Ақтауға көштіңіз. Қаладағы бәсекелестікке бейімделу қиын болды ма?

— Иә, қиын болды. Жетібайда өзімнің тұрақты тұтынушыларым бар еді. Ал Ақтауда кондитерлік салада бәсекелестік жоғары. Сондықтан ауылдағыдай жұмыс істей беру мүмкін емес екенін түсіндім. Бірақ кәсібімді тастағым келмеді. Керісінше, жаңа нәрсе үйренуге тырыстым. Әлеуметтік желі арқылы сату тәсілдерін, маркетингті, өнімді дұрыс таныстыруды зерттей бастадым. Тіпті 30 мың теңгеге курс сатып алдым. Ол кезде бұл мен үшін үлкен ақша еді. Бірақ білімге жұмсалған қаржының қайтарымы болатынына сендім. Меніңше, кәсіпкер үшін ең маңызды қасиеттердің бірі — өзгерістен қорықпау. Бір нәрсе жұмыс істемесе, «болмады» деп тоқтап қалмай, себебін іздеу керек.

— Ал шұжық өндірісіне қалай келдіңіз?

— Мемлекеттік гранттарға қатысу мүмкіндігін зерттей бастадым. Кондитерлік бағытта бәсекелестік жоғары болғандықтан, басқа сала қарастырдым. Бір күні грантқа қандай жобамен қатысарымды ойлап жүргенде, ойыма шұжық жасау келді. Келесі күні әлеуметтік желіден танысымның шұжық дайындап жатқанын көрдім. Оған хабарласып, үйретуін сұрадым. Сөйтіп, шұжық жасауды тәжірибе жүзінде үйрене бастадым. Қосылатын қоспалар туралы да бөлек сабақ алдым. Танысымның үйінде түнімен отырып, өнім дайындап көрген кездерім болды.

Фото Әйгерім Имашеваның жеке мұрағатынан

— Жаңа кәсіпті бастағанда күмән болған шығар?

— Әрине, болды. Тіпті қатты қорықтым. «Ет дұрыс сақталмаса ше? Өнім ойдағыдай шықпаса ше?» деген ойлар болды. Сондықтан бірден үлкен өндіріс бастамадым. Алдымен грильге арналған шұжықтар дайындап көрдім. Етті өзім тазалап, әр кезеңін бақыладым. Дәмін де, сыртқы түрін де бірнеше рет тексердім.
Меніңше, қорқу — қалыпты нәрсе. Бірақ қорықтым екен деп тоқтап қалуға болмайды. Әр күмәннің жауабын іздеу керек. Бір рет шықпаса, қайта жасау керек. Мен осы принципті ұстандым. Жолдасым да маған көп қолдау көрсетті. Үйде дайындық жасап, біртіндеп тапсырыс қабылдай бастадық.

— Мемлекеттік грант қаржысын неге жұмсадыңыз?

— 50 қатысушының ішінде жобамды 44-ші болып қорғадым. Комиссия алдына бизнес-жоспармен бірге өзім дайындаған шұжықтарды алып бардым. Бұған дейін әлеуметтік желіде тікелей эфирлер өткізіп, көпшілік алдында сөйлеуге үйренгенім көмектесті. Жобамды қорғап болған соң, нәтижесін күттім. Бірнеше күннен кейін 5 млн теңге қайтарымсыз грант ұтып алғаным белгілі болды. Мен үшін бұл үлкен мүмкіндік болды. Бірақ грантты ұтып алу — жұмыстың соңы емес, керісінше, жауапкершіліктің басталуы деп қабылдадым. Грант қаржысының әр теңгесі бизнес-жоспарда көрсетілген мақсатқа жұмсалды. Қажетті құрал-жабдықтарды алдық, жұмыс орнын дайындадық. Мен мемлекеттен қолдау алған кезде «маған ақша берді» деп емес, «маған мүмкіндік берді» деп ойладым. Сол мүмкіндікті дұрыс пайдалану керек. Мемлекет берген қаржыны адал еңбекпен ақтау қажет.

Қазір күніне 80-100 келіге дейін шұжық өндіреміз. Өнімдерімізді көтерме бағамен алатын дүкендер де бар. Жалпы, шұжықтың 25-ке жуық түрін және 25 түрлі жартылай фабрикат шығарамыз. Етті шандырынан мұқият тазалап, өз балаларымызға беретіндей сапада өнім дайындауға тырысамыз. Айына орта есеппен 1-1,5 тонна өнім өндіреміз.

— Сіздің әңгімеңізден кәсіпкерлік жолдың бірнеше рет өзгергенін көруге болады. Осы уақыт ішінде өзіңізге қандай сабақ алдыңыз?

— Мен кәсіпкерлік жолымды бір бағытпен бастаған жоқпын. Торт пісірдім, әлеуметтік желі арқылы кәсіп жүргізуді де үйреттім, кейін өндіріс аштым. Әр кезең мені келесі қадамға дайындады. Кейде адамдар кәсіпкерлікті тек ақша табу деп ойлайды. Меніңше, олай емес. Кәсіпкер болу — күн сайын өзіңмен жұмыс істеу. Білмегеніңді үйрену, қателессең мойындау, қайта тұру, жаңа мүмкіндік іздеу.

Фото: Әйгерім Имашеваның жеке мұрағатынан

Мен үшін ең маңыздысы — еңбекқорлық пен табандылық. Кейде нәтиже бірден көрінбейді. Бірақ күн сайын аз-аздан жұмыс істей берсең, бір уақытта оның нәтижесі шығады.
Кәсіп бастаймын деген әйелдерге айтарым — өзіңізге сеніңіздер. Бірақ сенімнің өзі жеткіліксіз. Білім алу керек, еңбектену керек, бастаған ісіңді соңына дейін жеткізуге тырысу керек. Менің бүгінгі кәсібім де бір күнде пайда болған жоқ. Оның артында он жылдан астам уақыттағы тәжірибе, көптеген қателік, ізденіс, оқу және еңбек тұр.

Бұған дейін, Маңғыстауға саяхат қанша тұрады: Ақтаудағы демалыс, қонақ үй және көрікті жерлер туралы жазған болатынбыз.