***
«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, Ақтау қаласында лифтілері бар көп қабатты тұрғын үйлер ең алғаш 1968 жылы салынған болатын. Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы заңына сәйкес көп қабатты тұрғын үйлердегі лифтілер тұрғындардың ортақ меншігі болып келді. Сондықтан мемлекет лифтілерді жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарына бюджеттен қаржы бөле алған жоқ. Ал тұрғындардың өздері бұл қызметті атқара алмайды. Себебі, бір лифтіні ауыстыру үшін шамамен 8 млн. теңге қажет. Мұндай көлемдегі қаражатты тұрғындардың қалтасы көтермейтіні анық. Инвесторлар тарту да тиісті нәтиже берген жоқ. Осыған орай, 2010 жылы облыс пен қала әкімдігінің «Тұрғын үйлердегі лифтілерді мемлекеттің коммуналдық меншігіне беру туралы» шешімі қабылданды. Қазіргі таңда қаладағы 345 лифті қала әкімдігінің коммуналдық меншігіне өтті. Қаланың көне тұрғын үй қорында 7-10 қабатты әрқайсысында 2 лифтіден 156, әрқайсысында 1 лифтіден 11 және 8 лифтісі бар көп қабатты үйлер бар. Барлығы 168 көп қабатты үйлерде 331 лифті бар. Одан басқа қала әкімдігінің теңгерімінде 7 көп қабатты жаңа тұрғын үй қорында 14 лифті болды. Олардың барлығын қосып есептегенде, қала бойынша 175 көп қабатты үйлерде 345 лифті бар. Бүгінгі таңда 345 лифтінің 71-і жұмыс істейді, ол 66 үйді қамтиды. Осы жайында газеттегі «Ақтаулықтар лифтіге қашан қол жеткізеді» деген мақала толық жазылған.
«Кеше еліміздің байлығын үптеп кеткен атышулы алаяқтар Бергей Рысқалиев пен Виктор Храпуновтың және олардың жақын-жуықтарының Швейцария банктеріндегі есепшоттарына тыйым салынды. Қаржы полициясынан хабарланғандай, қазіргі таңда Агенттік Қазақстанда қылмыстық жолмен алынып, шетелге асырылған күмәнді активтерді анықтау мен оларды елге кері қайтарып алу жолында белсенді жұмыстар жүргізіп жатыр»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Храпунов пен Рысқалиев» деген мақалада. Осының ыңғайында, мәселен, Храпуновтардың ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты қылмыстық істі тергеу барысында Қаржы полициясы агенттігі Швейцария конфедерациясының құзыретті органдарына қылмыстық іс бойынша құқықтық көмек көрсету туралы халықаралық тапсырма жіберген. Құқықтық көмек көрсету туралы тапсырмада көрсетілген құжаттар мен дәйектерді Швейцарияның уәкілетті органдары саралап шығып, нәтижесінде Храпуновтарға қатысты Швейцария конфедерациясының аумағында қылмыстық жолмен табылған капиталды заңдастыру фактісі бойынша қылмыстық қудалау басталды.
***
«Айқын» басылымының бүгінгі санында «Қатерлі 85 миллиард доллар» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. АҚШ федералдық қаржы жүйесінің басшысы Бен Бернанке мырза соңғы «тұяқ серперін» жасағысы келді ме, кім білсін, әйтеуір федералдық қаржы жүйесі күн сайын 85 миллиард доллардың облигацияларын сатып алу ісін жалғастыратыны жайлы мәлімдеді. Осыны айтуы мұң екен, Нью-Йорк қор биржасындағы негізгі индекс-индикаторлар күрт өсіп, тіпті, 2007 жылдың тамызына дейінгі жағдайдан да жоғары нәтижені көрсетті. Яғни, АҚШ қор биржасындағы эмитент компаниялардың құнды қағаздары бір мезгілде қауырт өсті. Иә, бұған дейін де талай жазғанымыздай, бұл өсім экономикалық өсім емес, бар болғаны «көбік» қана. Сонымен тағы да айналымға күн сайын ешқандай бюджет кірісімен қамтамасыз етілмеген 85 миллиард доллар шығарылатын болды. Бұл Бен Бернанке мырзаның ертеде айтқан «аспаннан тікұшақпен шашатын» ақшасындай бір іс болды. 2007 жылдың тамызында дүрліккен америкалықтардың наразылығын басу үшін Бернанке «АҚШ ақшадан тапшылық көрмейді, қажет болса, оны аспаннан тікұшақпен шашамыз» деген болатын. Солай істегендей де болды. Осы уақытқа дейін айналымға заңды түрде ғана 20 триллион доллардай жаңа басылған халықаралық валюта шығарылды. Ал тәуелсіз сарапшылар осы уақыт ішінде АҚШ айналымға қосқан халықаралық валютаның көлемі 50 триллион доллардан асып кетті дейді. Қалай болғанда да АҚШ «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегендей іс істеді. Өздері сөйтіп рахатын көрді. Ал қалған әлем оның зардабын шегіп жатыр.
Осы басылымның жазуынша, Алматының апортын айтқанда, әлі күнге ауыздарының суы құритын, таңдана тамсанып, балалық шақтарында таңдайларында қалған керемет дәмнің татуын таңды таңға ұрып әңгімелейтіндер арамызда баршылық. Өзіміз де өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында оңтүстік астанаға алғаш келген шақтағы шуақты күндерді еске алғанда, Алматының апортын айтпай өте алмаймыз. Ақбас Алатаудың бөктеріндегі қайталанбас алма бақтары оталғанда, олардың орнына құрылыс жұмыстары жүргізілгенде туған қынжылыс, бүгінде өкінішке ұласқаны да шындық. Апортттың да жоғалып бара жатқаны жайлы БАҚ дабыл қаққалы да біраз жыл өтті. Дегенмен, кейінгі кездері атақты алманың даңқын қайта қалпына келтіру, жоғала бастаған бағалы жемістің жағдайын жақсарту бағытында бірқатар жұмыстар қолға алына бастағанын да айта кеткен жөн. Бұл бағытта жетісулық шаруалар үлкен шараларды жүзеге асыра бастады. Тек, өткен жылдың өзінде ғана Алматы облысында 580,9 гектар бақ отырғызылса, соның ішінде 134,7 гектарда апорттың көшеттері жайқала өсіп келеді. Ал биыл облыс аумағында 832 гектар алқапқа жеміс бақтары егілсе, оның да 153,8 гектарына апорт алмасының жас шыбықтары отырғызылыпты. Бұл туралы толық білгіңіз келсе, «Апорттың даңқы қайта артады!» атты мақаланы қараңыз.