«Қатерлі дерт: 150 мың науқасты қалай құтқарамыз?» - баcпасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 23 қыркүйек, сейcенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінде «Жүзден астам байқаушы келмек» деген материал берілді. Кеше Орталық сайлау комиссиясында ТМД байқаушылар миссиясы штабының жетекшісі, ТМД Атқару комитетінің ТМД-ға қатысушы мемлекеттердегі байқаушылар миссиясының ұйымдастыру-техникалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Евгений Слобода брифинг өткізді. «Қазақстандағы Сенат депутаттарының сайлауы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері тарапынан зор қызығушылық тудырып отыр, - деді Е.Слобода брифингте. - Бүгінгі күні ТМД елдерінен 100-ден астам өкіл байқаушы ретінде аккредитациялауға өтінім берді. Міне, бұл Сенат депутаттарының кезекті сайлауына ерекше назар аударылып отырғанын білдіреді».

Осы басылымда «Лиронның сценарийі» атты мақала жарияланды. Х «Еуразия» кинофестивалінің бас жүлдесі Израильге кетті. Апта соңына қарай Алматыдағы «Еуразия» халықаралық кинофестивалі де мәресіне жетіп, атаулы жүлделер талантты кинематографистерді тапты. Мерейтойлық фестивальдің бас жүлдесі Израильге кетті. Республика Сарайында өткен салтанатты марапаттау рәсімінде Халықаралық байқау қазылары мен ФИПРЕССИ және НЕТПАК қазылары жеңімпаздардың есімдерін атады. Режиссер Асаф Корман Кинофестиваль аяқталуға жақындап, жұлдызы жанған актерлер мен режиссерлердің есімдері аталғанша баспасөз мәслихаттары өтіп жатты. Оған дейін бас жүлде бұйырғалы тұрғанын білмейтін «Оның жанында» картинасының режиссері Асаф Корман бұл фильмнің түсірілуіне жары - актриса Лирон Бен-Шлаш тікелей әсер еткенін әрі сценарий жазғанын, тіпті, идея авторы екендігін де баяндап берген болатын. Режиссер биылғы «Еуразия» кинофестивалінің бас жүлдесін алып тұрып:- Лирон, сенің сценарийің бойынша дүниеге келген картина Қазақстанда Гран-При алады деп елестете алдың ба? Бұл таңғаларлық! Өзің маған осы оқиғаны айтып бергеніңде мен біздің махаббатқа толы алғашқы көркем фильміміз дәл осындай болуы керектігін түсінгенмін, - деді.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, елімізде өлім-жітім бойынша жүрек-қан тамырларынан кейін, «онкология науқастары екінші орында тұрғанын айтады» онколог дәрігерлер. Қазіргі уақытта республикада 150 мыңға жуық онкологиялық сырқаттар бар. Ал жыл сайын оған 35 мыңдай науқас қосылып отырады. Мұндай қатерлі аурудың алдын алу - бүгінде күн тәртібіндегі басты мәселе. Сондықтан медицина саласы мамандарының басты мақсаты - науқастарды бірінші, екінші сатысында-ақ тауып, емдеп, ары қарай өмірін ұзарту болып отыр. Бұл тұрғыда Елбасы онкология ауруларына ерекше көңіл бөліп, онкологиялық көмекті дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған арнайы бағдарламасын қабылдаған. Аталмыш бағдарламаның аймақтарда қалай жүргізіліп жатқанын пысықтау мақсатымен 20 қыркүйек күні ҚР Премьер-министрінің адам дамуы жөніндегі сұрақтары бойынша орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова мен ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова Алматыға келіп, медициналық мекемелерді аралап, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына арнайы келіп, онколог мамандармен кездесті. Бұл жайында «Қатерлі дерт: 150 мың науқасты қалай құтқарамыз?» атты мақалада толық берілген.

Осы басылымда «Тарихи жәдігерлеріміз «төркініне» қайта ма?» деген мақала басылды. Қазақстан Луврдағы және басқа әлемдік атақты мұражайлардағы төл тарихи жәдігерлерін Отанға қайтаруды көздеуде. Бұл жөнінде кеше Мәжілісте өткен «Үкімет сағатында» жария болды. Қалаулылар алдында есеп берген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бір қызықты жаңалық айтты: Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінен кейін босайтын кейбір ғимараттар театрға айналуы мүмкін. Министрлік тиісті ұсыныспен Үкіметке шығыпты. - 2017 жылы елордада халықаралық мамандандырылған көрме өтеді. Біз бірқатар ұсыныстар бердік. Атап айтқанда, ЭКСПО-2017 көрмесінен босайтын ғимараттарды мәдениет саласына тапсыруды сұрап отырмыз! - деді А.Мұхамедиұлы. Ол елордада «Конгресс-Холл», амфитеатры салынып жатқандығын жеткізді. Келешекте оларда Қ.Қуанышбаев атындағы және А.Чехов атындағы театрлар орналаса алады.

***

«Ана тілі» басылымының соңғы санында «Шәкәрімнің түпнұсқа суреті табылды» деген мақала жарық көрді. Бұған дейін Шәкәрімнің бүгінгі күнге дейін табылған үш суреті бар болатын. Оның бірі - ақынның бүркіт ұстап түскен суреті. Бұл сурет туралы «Шәкәрім қажы деп отырмыз», «Шәкәрімнің дәл өзі», «Шәкәрімнің ел күмәнданған суреті туралы» деген мақалалар жарық көрген еді. Елдің күмәндануының басты себебі, сурет жарық көрген кітапта «Охотник с беркутом. Казахи. Семипалатинский у. 1927 г »деген ғана жазу болатын. Яғни, Шәкәрім ақын деп жазылмаған. Сол себептен де Абай мұражайы суреттің түпнұсқасын іздестіру жұмыстарын жалғастырды. «Көп еңбектерде Фиельструптың жеке мұрағаты Санкт-Петербургтің музейлеріндегі этнографиялық бөлімдерде сақталды дегенмен де оның Мәскеуде екендігіне көз жеткізген соң, ғылыми-зерттеу жұмыстарымызбен Ресей астанасына аттандық. Мәскеудегі Ресей Ғылым академиясының Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институтының мұрағатында бір апта жұмыс жасап, этнографтың 10 шақты жеке мұрағатымен, түсірген суреттерімен, жазбаларымен таныс болдық. Шәкәрім суреті де 54-қорда сақталған екен. Сурет артында «Казахи. Семипалатинский губ., Семипалат у., Уроч Кенбулак, Шакпактас. Шакарим кажи со свойим беркутом. Фиельструп. 1927 г. »деп жазылған. Сонымен қатар, Шәкәрім қажы ауылының көріністері, қазақтың тұрмыс-салты мен ерекшеліктерін көрсететін өзге де көптеген суреттер табылды»,-деп жазады мақала авторы.

Бұл суреттің басты жаңалығы, біріншіден, түпнұсқа болғандығы, екіншіден, фотоның анық Шәкәрімдікі екендігі туралы жазбаның болғандығында. Бұрын қолданыста жүрген Шәкәрімнің бүркіт ұстап түскен осы суреті газет пен кітаптардан көшірме жасалғандықтан анық емес болатын. Сонымен қатар, Шәкәрімнің бүркітінің жеке суреті де елімізге алғаш әкелініп отыр.

***

«Экспресс-К» газетінің бүгінгі санында «Сабантуй - это Праздник плуга» атты мақала берілген. Астанада татарлардың Сабантойы кеңінен аталып өтті. Айта кетейік, Сабантой аясында Татарстанның өнеркәсіптік және ауылшаруашылық әлеуетін көрсететін және сәндік-қолданбалы қолөнер бұйымдарының сауда-көрмелері ұйымдастырылды. Онда бауырлас мемлекеттің ауылшаруашылық өндірушілерінің өнімдері сатылды. Сонымен қатар оған Қазаннан келген 500-ден астам әртіс қатысты.

Астана мен Қазанның 10 жылдағы бауырластығы барысында Сабантой елордада бірнеше мәрте өткізілген болатын. Осы жолы бұл мерекенің құрметті қонағы ретінде Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Татарстан Президенті Рустам Минниханов болды. Бауырлас елдің басшысы қала әкімінің басына татарлардың дәстүрлі тақиясын кигізді.