Бұл туралы бүгін Алматыда Обырға қарсы дүниежүзілік күрес күніне арналған баспасөз мәслихатында Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Қуаныш Нұрғазиев мәлім етті.
Мәліметтерге сүйенсек, елде қатерлі сырқаттар бойынша бірінші орында 12 пайыздық көрсеткішпен өкпе обыры тұр. Одан кейінгі орындарда сүт безі ауруы (11,3 пайыз), тері ауруы және меланома (10,6 пайыз), асқазан обыры (9 пайыз) келеді. Қатерлі ісіктен өлім жағдайы 100 мың тұрғынға шаққанда 103,9 болып отыр.
Оның айтуынша, қатерлі ісікпен ауыру және бұл дерттен өлім жағдайларының қарқынды өсуі, адамзаттың өмір салтының күрт өзгеруімен, денсаулыққа зиянды әдеттердің пайда болуымен, қоршаған ортаның ластануымен тығыз байланысты болуда.
"Халықаралық зерттеулердің нәтижесі темекі тарту (30 пайыз), дұрыс тамақтанбау (35 пайыз), инфекциялык факторлар (10 пайыз), кәсіптік концерогендік әрекеттер (4-5 пайыз), иондық сәуле әсері (4-5 пайыз), ультракүлгін сәуле әсері (2-3 пайыз), спирттік ішімдік ішу (2-3 пайыз), ауаның ластануы (1-2 пайыз), жалқаулық (4-5 пайыз) сынды әсерлерден қатерлі ісік ауруларының пайда болуын көрсетіп отыр. Сондықтан, бұл ретте ерте кезеңде скринингтік сараптамалык анықтаудың алар орны ерекше деп айтқымыз келеді. Қатерлі ісікті дер кезінде анықтаған жағдайда науқасты нәтижелі және толық емдеп шығуға болатыны бүгінде дәлелденіп отыр. Дегенмен, науқастардың 50 пайызы аурудың 3-4-інші кезеңдерінде, яғни асқынған кезінде ғана мамандарға қаралады",-дейді Қ.Нұрғазиев.
Оның айтуынша, қатерлі ісік ауруларының өсу қаупін төмендету үшін қарапайым да тиімді ережелерді сақтау керек. Олар: темекіден бас тарту, артық салмақтан арылу, салауатты өмір салтын қалыптастыру және спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтану, күнделікті жеткілікті мөлшерде жеміс-жидек, көкөніс жеу, ашық күн астында және соляриде ұзақ болмау, профилактикалық скринингтік тексеруден жиі өтіп тұру (жасына байланысты топтарда). "Егер қарапайым ережелерді әр тұрғын сақтаса, 2025 жылға дейін қатерлі ісік аурулары салдарынан ерте қайтыс болу жағдайларын 25 пайызға азайтуға мүмкіндік туады",- дейді мамандар.