Қатерлі ісікпен ауыратындардың саны жылдан жылға өсіп келеді. Бұл туралы бүгін Алматыда «Қатерлі ісікпен күрестің дүниежүзілік күніне» орай өткізілген арнайы баспасөз мәжілісінде қалалық онкологиялық диспансердің меңгерушісі Оксана Шатковская мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, соңғы кездері емделушілердің 50 пайызы аурудың әбден асқынып кеткен кезінде қаралуға келеді. «Біз қатерлі ісіктің 1-2-ші сатысындағы кезінде емдеп жаза аламыз. Ал, асқынған 3-4 сатысы кезінде, хирургиялық, химиялық және тағы да басқа әдістік ем қажет болады. Оның өзі көп қаражатты талап етіп қана қоймай, адам өміріне қауіп төндіреді. Біз сондықтан да, тұрғындарды жылына бір рет профилактика үшін қаралып тұруға шақырамыз», деді Оксана Шатковская. Оның айтуынша, Үкімет тарапынан бұл аурудың алдын алуға аз істер атқарылып жатқан жоқ. Барлық медициналық көмектер тегін ұсынылады.
Аталмыш күнге орай, қалалық онкологиялық диспансердің мамандары қаланың барлық емханаларында «Ашық есік күндерін» өткізіп, тегін кеңес беруде. Акцияның мақсаты - қатерлі ісіктің алдын алу болып табылады.
«Елбасының қолдауымен құрылған қалалық онкологиялық диспансер мен «Бәріміз қатерлі ісікке қарсы» қоғамдық қоры дәрігерлерінің мақсаты - БАҚ арқылы адамдарды осы өзекті мәселеге назар аударту. Тек бұл күні емес, әр кезде бұл мәселе айтылып, түсіндірме жұмыстары ұдайы жүргізіліп тұруы керек деп санаймыз», деді Оксана Шатковская.