Қатерлі жанартау бұлты Мәскеуге жетті

АСТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат - Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, бүкіл Еуропаның аспанын қауіпті жанартау бұлтымен тұмшалаған қатер көршілес Ресей астанасы Мәскеуді де үрейлендіріп отыр,

дейді ҚазАқпарат mail.ru сайтына сілтеме жасап.

Жанартаудан атқылаған күлді бұлт Исландияның жанартауы белсенділігінен кейін пайда болған, желмен көшкен бұлттар ресейлік астана аумағына да жетіпті. «Мәскеу осы бұлттардың шашырап жайылған бөлшектерінің жартылай қоршауында қалғандай», деп хабарлайды Ресейгидромет метеорологиялық агенттігінің бас директоры Марина Петрова.

«Біз ақпаратты жедел Ресейавиация мен Ресейаэронавигацияға жеткіздік, енді ондағылар қазір Ресейдің әуе кеңістігін пайдалану мәселесін шешу үстінде, - дейді ИТАР-ТАСС Петрованың сөзін келтіре отырып. - Ұшу мүмкіндігі шұғыл түрде әрбір нақты рейске қатысты шешіледі, оның ішінде ұшақтардың әртүрлі техникалық ерекшеліктері де ескерілмек».

Бұл бұлттар адам көзіне байқалмайды, бірақ жанартау күл-қоқысы ұшақ қозғалтқышын тұншықтыруы мүмкін.

Исландиядағы жанартаудың атқылауынан солтүстік-батыс Еуропаның аспан кеңістігі екі күн бойына жабылады. Осының салдарынан «Аэрофлот» шұғыл штаб құрып, Еуропа елдеріне, сондай-ақ Калининградқа ұшатын рейстерге рұқсат бермеген.

Исландияның ауқымы тұрғысынан бесінші мұздағы - Эйяфьядлаёкудль жанартауының атқылауы наурыздың 21-інде басталған-ды. Сәуірдің 1-інде жанартаудың тағы бір кратері жарылған. Соның кесірінен білдей бір құрлықтың әуе кеңістігінде - нағыз коллапс. Алдымен Ескі құрлықтың аса ірі үш әуежайының бірі - лондондық Хитроу жабылды. Ондаған рейстер кейінге шегерілген. Ирландия, Норвегия, Швеция, Дания, Финляндия мен Латвия ұшақтарды мүлде қабылдауды қойды. Францияда бірден 24 әуежай жабылған, оның ішінде Париж де бар.