«Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасы кезінде жол полициясы күшейтілген режімде жұмыс жасамақ

ОРАЛ. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Сәуірдің 20-27-сі аралығында өткізілетін «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы кезінде жол полициясы күшейтілген режімде жұмыс жасамақ,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Осы мерзімде өңірде жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында рейдтік шаралар, автошаруашылық, жолаушылар ұйымы, оқу орындарында әңгіме, дәрістер ұйымдастырылатын болады. Биылғы бірінші тоқсанда БҚО-да 37 жол апаты болып, соның салдарынан 9 адам қаза тапса, 24 адам түрлі жарақат алды. Соның ішінде 24 жаяу жүргіншіні қағып кету оқиғасы тіркеліп, 1 адам көз жұмып, 19-ы жарақаттанды. Жылдамдықты шектен тыс арттыру салдарынан 7 оқиға болып, тағы бір адам өмірмен қоштасып, екеуі ауруханаға жатқызылды. Қарсы бетке шығып кету себебінен төрт адам қазаға ұшырап, үшеуі ауыр және орта дәрежелі дене жарақатын алды. Мұның бәрі жол ережесін сақтамаудың салдарынан болып отыр.