«Қайрат» - «Копенгаген» матчы: алматылық полицейлер Дания астанасында не істеп жүр

АЛМАТЫ. KAZINFORM — 2025 жылғы 26 қарашада Дания астанасы Копенгагенде алматылық «Қайрат» футбол клубы жергілікті «Копенгаген» командасымен Чемпиондар лигасы аясында кездесу өткізеді. Данияға отандық футболшылар ғана емес, алматылық полицейлер де аттанған.

Фото: Алматы әкімдігі

Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, сапардың негізгі мақсаты — халықаралық матчтар кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жүйесін жан-жақты зерделеу.

Полицейлер стадионның инфрақұрылымымен, кіру-шығу жүйесімен, жанкүйерлердің қозғалыс бағыттарымен, құқық бұзушылықтың алдын алу шараларымен және қауіпсіздік қызметтерінің өзара іс-қимыл тәртібімен танысады.

— Үш күн бойы полицейлер екі тілде бейнекүнделік жүргізіп, Алматыда өтетін футбол матчтарын ұйымдастыруға қолдануға болатын тәжірибені бөліседі, — делінген хабарламада.

Бейнекүнделік материалдары Алматы полиция департаментінің ресми аккаунттарында жарияланып отырады.

Еске салайық, бұған дейін «Қайрат» УЕФА Чемпиондар лигасы аясында «Олимпиакос» және «Брюггемен» Астанада ойнайтынын жазғанбыз.