Қайрат Мәми Алматы қалалық сотының жаңа төрағасын таныстырды

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қалалық сотында қала соттарының 2017 жылғы 5 айдағы сот төрелігін жүзеге асыру қорытындысы бойынша судьялардың кеңейтілген кеңесі өтті, деп хабарлайды ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметі .

Іс-шараға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, қала прокуроры Ғабит Миразов, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бастығы Нұрлан Мәжілов, Ішкі істер департаментінің бастығы Серік Күдебаев, сондай-ақ жергілікті бірқатар мемлекеттік органдардың, қаладағы соттардың қызметкерлері қатысты.

Кеңеске қатысушылар өмірден мезгілсіз өткен осы соттың бұрынғы төрағасы Ақжан Жайлауханұлы Ештайды бір минут үнсіздікпен еске алды. Оны еске ала келе, Қ.Мәми: «Бұл сот жүйесі үшін орны толмас қаза. Ол еліміздегі ірі мегаполис сотының төрағасы ретінде сот жүйесінде көзделген барлық ауқымды өзгерістерді іс жүзіне асыра білді», - деді.

ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми Алматы қалалық сотының жаңа төрағасын таныстырды. Бұл лауазымға бұған дейін Ақмола облыстық сотының төрағасы болып қызмет атқарған Нұрғазы Әбдіқанов тағайындалды. Оның бұрынғы лауазымда атқарған жұмысын жоғары бағалаған еліміздің жоғары сот органының төрағасы: «Нұрғазы Әбенұлы осында отырған баршаңызға жақсы таныс. Ол Алматы қаласында және Жоғарғы сотта судья болып қызмет атқарған», - деді. Қ.Мәми Н.Әбдіқановтың көп жылғы кәсіби және өмірлік тәжірибесі оған жаңа қызметінде өз септігін тигізетіндігіне сенім білдірді.

Кеңеске қатысушыларға жаңадан тағайындалған аудандық соттардың төрағалары да таныстырылды. Наурызбай аудандық сотына бұрын Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі соттың төрағасы қызметін атқарған Серікбай Төлепбергенов, ювеналдық сотқа Алматы қалалық сотының судьясы болып жұмыс істеген Ардақ Ешеев, № 2 Алмалы аудандық сотына Серік Төлегенов тағайындалды. 

Жоғарғы тот төрағасы Қ.Мәми кеңестің қорытындысын шығарды.

Алматы қаласы және жалпы республика бойынша сот төрелігін жүзеге асыру тиімділігінің артуы байқалады.

Судьялық лауазымға кандидаттарды іріктеу тетіктері мен жаңа біліктілік талаптары қолданысқа енгізілді. Ағымдағы жылдың 5 айында жаңа ереже бойынша 92 судья іріктеліп, тағайындалса, оның үшеуін Алматы қаласының судьясы құрайды. Судьялық корпустың кәсіби біліктілігін растау жүйесі енгізілді.

Нұрғазы Әбенұлы Әбдіқанов 1962 жылы дүниеге келді.

1988 жылы КСРО Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғары мектебін бітірді, заң ғылымдарының докторы.

1982-1990 жылдары Қазақ КСР Ішкі істер министрлігінің органдарында әр түрлі лауазымдар атқарды. 1990-1996 жылдары Қазақстан Республикасы мемлекеттік тергеу комитетінің Алматы жоғары мектебінде оқытушы, аға оқытушы болып қызмет атқарды.

1997-2002 жылдары - Алматы қалалық сотының судьясы.

2002-2005 жылдары - Жамбыл облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы.

 2005-2009 жылдары - Жоғарғы соттың судьясы.

2009-2017 жылдары - Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстық соттарының төрағасы.  

Н.Әбдіқанов «Мінсіз қызметі үшін», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» және «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен марапатталған.  

Монографияның, бірқатар оқу құралдары мен мақалалардың авторы.