Қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі саласын ғылыми тұрғыдан қамтамасыз етудің маңызды мәселелері талқыланды

АСТАНА. 22 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін «ҚазАгроИнновация» АҚ ғимаратындағы Қазақ ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу ғылыми-зерттеу институты базасында «АгроБизнес-2020» бағдарламасы шеңберіндегі кеңес болып өтті.

«Қазақстанның қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі саласын ғылыми тұрғыдан қамтамасыз етудің маңызды бағыттарын қалыптастыру мәселелері» деген тақырыптағы басқосуға Ауыл шаруашылығы министрлігінің, агроөнеркәсіп және агробизнес саласындағы қоғамдық бірлестік өкілдері, сондай-ақ «ҚазАгроИнновация» АҚ ғалымдары қатысты.

Кеңес барысында саладағы шешімін таппай отырған проблемалар талқыланды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу өнімдерінің тапшылығы, шикізат сапасының нашарлығы, құрал-жабдықтардың тозуы, кадр кемдігі жайында әңгіме өрбіп, ауыл шаруашылығы шикізатын тереңдете қайта өңдеуді субсидиялау тетігінің болмай отырғанына назар аударылды.

Осыған орай, Қазақ ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу инсититутының ғалымдары «ҚазАгроИнновация» жанынан арнайы жұмыс тобын құру туралы бастама жасады. Оған агроөнеркәсіп кешенінің қайта өңдеу кәсіпорындары қызметкерлерін қатыстыру ұсынылды. Осылайша, саланы технологиялық тұрғыдан дамыту проблемаларын шешуге бағытталған зерттеулерді қалыптастыру көзделеді. Бұл «Агробизнес-2020» бағдарламасын бірлесіп іске асыруда мейлінше мол нәтижеге жетуге мүмкіндік бермек.

«Тоқтала кететін жайт, «Агробизнес-2020» бағдарламасында ауыл шаруашылығы шикізатын тереңдете өңдеуді дамытуға баса назар аударылған. Бағдарлама міндеттерінің бірі ауыл шаруашылығы шикізатын тереңдете өңдеу үшін тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің экономикалық тұрғыдан қолжетімділігін арттыру болып табылады. Осыған байланысты шығындарға субсидия беру арқылы мемлекет тарапынан қолдау шаралары да көзделген», - делінген баспасөз хабарламасында.

Мамандардың айтуынша, мемлекет тарапынан жасалатын мұндай қолдау отандық қайта өңдеуші кәсіпорындардың Кедендік одақ елдерінің кәспорындарымен тепе-тең жағдайда жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызады. Осының нәтижесінде бәсекеге қабілетті өнім өндіріліп, ішкі тұтынудағы импорттың үлесі азая түседі, кәсіпорындардың қаржылық-шаруашылық қызметіне оң ықпал етіледі.