Бұл оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желіден белгілі болды. Зардап шеккен фельдшер өз парақшасында бар шындықты айтқан.
— Адамдар қандай қатыгез. Кеше алғашқы медициналық көмек көрсетіп жатқан жерімде мені ұрып тастады. Олар мені өлтіргісі келді. Мен миым шайқалып, ішім жарақаттанып, ауруханаға түстім, — деп жазды медицина қызметкері.
Бұл деректі облыстық жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметі растады. Олардың айтуынша, фельдшерге қызметтік міндеттерін орындау кезінде шабуыл жасалған. Ол ауруханаға жатқызылды.
Полиция қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
— Алғашқы медициналық көмек көрсету кезінде үй иелері мен дәрігерлер арасында жанжал туындап, оның барысында 41 және 51 жастағы әйелдер фельдшердің денесіне зақым келтіргені анықталды, — деді полиция.
Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу «ұрып-соғу» бабы бойынша жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін Бейнеуде мас адам жедел жәрдем қызметкерлеріне шабуыл жасағанын жаздық.