«Қайырымды болғысы келген министр кім?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 4 қараша, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінде «Орталық саябақ қала меншігіне толық қайтпай тұр" деген мақала жарияланды. «Бір кездері Қазақстанның барлық қиырынан білім іздеп ағылған аға буын мен орта буынға Алматыдағы Орталық демалыс және мәдениет паркін таныстырып жатудың қажеті жоқ. Алайда, осы қалада туып-өскен кейінгілердің көбі бұл саябақ туралы біле бермейді. Өйткені, қазір ойын-сауықтың өзге түрі жетіп-артылады. Оған қоса кейінгі жылдары күтім көрмей тұрған демалыс орнында серуендейтіндей сиық қалмаған-ды. Сондықтан былтыр тарихы ең үлкен саябақты қайтарып алуға қалалық әкімдік көп күш жұмсағанын жазған да болатынбыз. Сөйтіп, өткен жылы оны демалыстың заманауи талаптарына сай ете алмаған меншік иелері оны муниципалды меншікке қайтаруға мәжбүр болды»,-деп жазады басылым. Оған қоса, бір кезде барша алматылықтардың ортақ ырзығы болған парк түгелдей қала меншігіне қайтпай отыр. Мұндағы 67 нысанның 47-сі әлі де «Алтын Тараз» компаниясының құзырында. Бұрынғы «Родина» кинотеатры, аттракцион алаңдарының өзі түгілі, астындағы жері де қала меншігінде әлі жоқ.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстанда қайырымдылық жасаушы бірлестіктерге саяси партиялар мен діни құрылымдарды қаржыландыруға тыйым салынады. Тіпті олардың өз мүліктерін осы екі бағыттағы ұйымдарға беруіне де шектеу қойылады. Парламент қарауға алған «Қайырымдылық, демеушілік және меценаттық қызметтер туралы» жаңа заң жобасында қатаң талап жазылып отыр. Ұлттық қауіпсіздікті сақтау және қорғау мақсатында мемлекет осы қадамға барды. Кеше Мәжілісте арнайы жұмыс тобы құжатты талқыға салды.

«Сонымен, жаңа заң жобасының 11-бабында былай жазылды: «Қайырымдылық бірлестігінің саяси партиялар мен діни бірлестіктерді қолдау үшін өз қаражатын жұмсауға және өз мүлкін пайдалануға құқығы жоқ». Бір қызығы, қалаулылар аталған тыйымды басқаларына да таратуды ойлап отыр. «Шет мемлекеттердің, шетелдік және халықаралық ұйымдардың, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өтеусіз беретін қаражаты арқасында тек «қайырымдылық бірлестіктері» ғана өмір сүріп, қызметін жүзеге асырып отырған жоқ. Сондықтан бұл тыйым салуды басқаларға да - жеке қайырымдылық жасаушы тұлғаларға, демеушілер мен меценаттарға да қолдану қажет деп есептейміз!» деп депутаттардың ортақ ұстанымын білдірді Мәжілістің заңнама бөлімі. Үкімет өкілдері қарсы болмады.

Қазақстанда жақсылыққа жақын тұрар, ізгілік жасауға құштар жандар көп. Бірақ өкінішке қарай кейбір пысықай адамдар қайырымдылық қорларын баю мақсатында да құрады. Осыған тосқауыл қою тетіктері де ізделуде»,-деп жазады газет.

Мәселен, құрылтайшыларға және осындай ұйым басшыларына тіпті кәсіпкерліктен түскен табысты да өз қалтасына салуға жол берілмейтін болады: ол қаражат та бірлестік жарғы­сында жазылған қайырымдылық істеріне жұмсалуы тиіс! Осы жайында «Қайырымды болғысы келген министр кім?» деген мақаладан толық оқи аласыздар.

Осы басылымдағы «Көкейдегі сауал» айдарында «Шенеуніктерді мемлекеттік қызметке аларда психофизиологиялық тестен өткізу керек пе?» деген мәселе көтеріліп отыр. Бұл тұрғыда газет бірқатар мамандардың пікірін ортаға салған. Ахат Көрпешов, психиатр-дәрігер:

- Мемлекеттік қызметке қабылда­на­тындарды психофизиологиялық тексеруден өткізуді баяғыда-ақ енгізу керек еді. Бас про­куратураның кешенді тексерулері нәтижесінде анықталған жағдайлардан кейін бұл мәселе заңдастырылатын шығар. Құқық қорғау органдарының емханасында жұмысқа жаңадан қабылданатындарды психиатриялық-психологиялық кешенді тестен өткізу тәжірибесі баяғыдан бар. Жұмысқа тұратындардың көбісі осы тексеруден өте алмай жатады. Ондайларды мемлекеттік қызметке қабылдай береді. Жалпы құқық қорғау органдарына қабылдағандай қатаң түрдегі тест жүргізбей-ақ, шенеуніктерді психофизиологиялық тексеруден өткізген дұрыс.

***

«Экспресс-К» газетінде «Тест за здравие» деген мақала басылды.

Инфекциялық індеттердің диагностикасы үшін Оңтүстік Қазақстанда Бауыржан Айтуов тест-жүйені жасап шығарды. Жас ғалымның айтуынша, оның зерттеулері нәтижесінде қол жеткізілген жүйе зертханалық қымбат зерттеулерді шалғайдағы ауылдық ауруханада да жүргізуге мүмкіндік береді.