«Қайырымдылық айлығы» аясында қарияларға әлеуметтік қолдау көрсету бағдарламасы жасалды

КӨКШЕТАУ. Қазанның 1-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысына қарасты Бурабай ауданында «Қайырымдылық айлығы» аясында қарияларды әлеуметтік қамқорлыққа алып, жан-жақты қолдау көрсету бағдарламасы жасалды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан әкімі  Владимир Балахонцевтің қаулысымен қарттар мен мүгедектерге қамқорлық жасауға қатысты іс-шаралар айқындалып, әр ауылдық округте белгілі бір жұмыстар ауқымы белгіленген. Өңірде 111 Ұлы Отан соғысы ардагері мен оларға теңестірілген 146 адам, 122 интернационалистік борышын өтеуші, екі мыңға тарта тыл ардагері, 10 172 зейнеткер тұрып жатыр. Меншік түріне қарамастан әр шаруашылық субьект еңбек және соғыс ардагерлерінің, жарымжан адамдардың үй-жайларын, қора-қопсыларын алдағы қысқа дайындау, қажетті отын қорын жасап, жем-шөп жеткізіп беру, азық-түлік сұранымын анықтап, оны толықтыруға көмектеседі.

Сондай-ақ «Осалдарға - қамқорлық пен жылы шырай» қайырымдылық акциясы өткізіліп, олардың мұң-мұқтаждарын қанағаттандыру жоспарланған. Оқушы жастар тарапынан қарттар отбасыларына қол ұшын беру жүзеге асырылады. «Бурабай жұлдыздары» фестивалін, «Менің астанам» саяхатын ұйымдастыру көзделген.