«ҚазАгро» Ұлттық холдингін» тексеру барысында 10,9 млрд. теңгенің заңбұзушылықтары анықталды ? Есеп комитеті

АСТАНА. Мамырдың 6-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «ҚазАгро» Ұлттық холдингі» АҚ 2008 жылы аграрлық-өнеркәсіптік кешеннің дамуына және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен бөлінген қаржыны тиімділігі төмен деңгейде пайдаланған.

Сондай-ақ холдинг қызметін бақылау барысында 10,9 млрд. теңге мөлшерінде заңбұзушылықтар анықталды. Бұл туралы ҚазАқпарат Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. Есеп комитеті аталмыш холдинг тарапынан аграрлық-өндірістік кешенді дамытудың тұжырымдамасы әзірленбегенін, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «ҚазАгро» ұлттық холдингінің арасында нақты өзара іс-қимыл жоқтығын атап өтеді. «Сонымен бірге, инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша іс-қимылдар үйлестірілмеген әрі оларды іске асырудың мониторингі жүзеге асырылмауда. Соның салдарынан жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 2008 жылы 301,2 млн. теңге мөлшеріндегі бюджет қаражаты жұмсалған. Поти (Грузия) және Амирабад (Иран) порттарындағы астық терминалы құрылысы аталмыш министрліктің 2009-2011 жылдарға арналған Стратегиялық жоспарына енгізілмеген. «ҚазАгро» ұлттық холдингінің корпоративтік басқару деңгейі бюджет қаражатын игеруді бәсеңдететін көп буынды болуымен ерекшеленеді. 2008 жылы 8 жаңа инвестициялық жобаны іске асыруға бағытталған 2,9 млрд. теңге, немесе қаржыландырудың жалпы көлемінің 19,4 пайызы көзделген мерзімінде игерілмеген», делінген баспасөз баянында. Сонымен бірге Есеп комитетінің мәліметіне сәйкес аграрлық-өнеркәсіптік сектордың жоспарлаған нысандарын енгізу мерзімдері кешіктіріліп жатқаны байқалады. Мәселен, «Мал өнімдері корпорациясы» АҚ 5 млрд. теңге мөлшеріндегі мал бордақылайтын екі алаңды іске қоспаған. «Қазагроқаржы» АҚ сомасы 764 млн. теңге мөлшеріндегі ірі тауарлы сүт фермасын пайдалануға енгізбеген. «Сондай-ақ бюджеттен бөлініп, «Аграрлық несиелік корпорация» АҚ арқылы берілетін қаражаттың қолжетімділігі несиелік серіктестік қатысушылары болып табылмайтын шаруа қожалықтары үшін шектеулі күйде қалып отыр. Несиелік серіктестікке қатысушылардың арасындағы өзара аффилирлену, олардың ішінде ірі кәсіпкерлік субъектілерінің болуы және несиелеу лимиттерін белгілеудің бірыңғай нормативтерінің болмауы әртүрлі сыйақы ставкаларын белгілеуге алып келді. Осыларды ескере келе, Есеп комитеті Үкіметке қайта өңдеу өнеркәсібінің жаңа және пәрменді өндірістік қуатын тиімді пайдалану жөнінде шаралар кешенін әзірлеуді, «ҚазАгро» ұлттық холдингінің қазіргі ұйымдастыру құрылымының жұмыс істеу тиімділігін қарауды ұсынады. Ауыл шаруашылығы министрлігіне инвестициялық жобаларды іске асыру үшін «ҚазАгро» ұлттық холдингіне бөлінген бюджет қаражатының игерілуіне мониторинг пен бақылауды күшейту қажеттігін атап өтеді», делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.