***
Елбасы жуықтағы «Ұлт Жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында жер қойнауларын пайдалану мәселесіне тоқтала келе «Қазірдің өзінде аукцион тетігін енгізу жолымен жер қойнауын пайдалану құқығын ұсыну ресімі жеңілдетілді. Ал болашақта біз іздеуді, бағамдау мен кен орнын игеруді қоса алғанда, геологиялық жұмыстардың барлық түрін жүргізу тәсілін оңайлатуды қарастыратын жер қойнауын пайдаланудың австралиялық моделіне көшеміз», - деп жазды. Жер қойнауын пайдаланудың австралиялық моделі дегеніміз не? Оны қалай жүзеге асыруға болады? «Егемен Қазақстан басылымы осы сұрақтар бойынша ҰҒА академигі, жер пайдалану саласындағы білікті ғалым Зайролла Дүйсенбековтен сұхбат алып отыр.
- Қазақстан ұлан-байтақ жерге ие. Біз өзіміздің аумағымыз жөнінен алғанда әлемде тоғызыншы орын алатын елміз. Алайда, осы үлкен аумақтың басым бөлігі минералды-шикізаттық әлеуеті тұрғысынан алғанда толық зерттелмеген. Біз өз жеріміздің астында қандай байлық көздері жатқандығын білу үшін міне, осы жерлерді зерттеуіміз керек. Ал ол зерттеулерді жүргізу үшін және тиісті байлық көздерін игеру үшін қаржы қажет. Тек қана мемлекет қаржысына сүйеніп бұл істі алға жылжыта алмаймыз. Оны әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Әлемде жер қойнауларын зерттеу, ондағы минералды шикізат көздерін анықтау және игеру ісіне жеке инвестициялардың жұмсалатындығы белгілі. Соның ішінде дамыған елдерде жер қойнауларын пайдалану саласына қазіргі заманғы озық технологиялармен қаруланған жекеменшік компаниялар белсенді түрде тартылуда», - дейді З. Дүйсенбеков «Австралиялық модель. Оның артықшылығы неде?» деген тақырыппен берілген материалда.
Кеше Орталық телекоммуникация қызметінде Парламент Мәжілісінің сайлауын мерзімінен бұрын өткізу жөніндегі депутаттар бастамасына халықтың қалай қарайтындығы туралы әлеуметтік зерттеу құрылымдары жүргізген сауалдамалар бойынша есеп берілді, - деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы «Халықтың жауабы біртекті» атты мақалада.
«Депутаттардың кешегі үндеуінен кейін біз мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам институттары және ЖОО-лардың көптеген өкілдері арасында жедел-сауалдама жүргіздік. Соның ішінде 97 сарапшы болды. Енді соның нәтижелері туралы айтсам, ол былай болды: сұралғандардың 95,6 пайызы мәжілісмендердің бастамасын қолдайтындарын айтты. Соның ішінде 94,8 пайызы депутаттарды мерзімінен бұрын сайлау дағдарысқа қарсы шаралардың қатарына жататынын атап өтті», - дейді «Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығы» қоғамдық ұйымының директоры Юлия Кучинcкая.
Оның сөзіне қарағанда, сарапшылардың 94,1 пайызы Мәжіліс және түрлі деңгейдегі мәслихаттар сайлауларын бірге өткізуді сайлауға бөлінетін мемлекеттік қаржыны үнемдеу тұрғысынан тиімді деп санайды. Сонымен қатар, сарапшылардың 90 пайыздан жоғары бөлігі бесінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаттары өздерінің негізгі миссиясын орындады деп есептейді. Сұралғандардың 96,7 пайызы Бес институттық реформа - Ұлт Жоспарын орындау үшін Мәжіліс депутаттарының сайлауы тез арада өткені жөн деп санайды. 94,2 пайызы Парламент жұмысын әртараптандырудың маңыздылығын атап өткен. Олар сайлауға жаңа партиялардың түсіп, өз депутаттарын өткізгенін жөн көреді.
***
Қазақстандық кәсіпкерлер мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы бастаманы қолдайды. Бұл туралы «Айқын» газеті «Мерзімінен бұрын өтетін сайлау - уақыт талабы» атты мақаласында хабарлап отыр.
Өйткені бизнесмендер жаңару мен жасампаздықты таңдай отырып, мемлекетіміздің еш дүрбелеңсіз, эволюциялық жолмен дамуын жақтайды. Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде журналистермен кездескен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов өз ұстанымдарын жариялай келе, оны негіздеп берді.
ҰКП жетекшісінің байламынша, Ұлт жоспарында белгіленген міндеттерді және жаңа реформаларды тиімді іске асыру қажеттілігіне байланысты бизнес-қоғамдастық жаңа Парламент сайлауын өткізген дұрыс деп санайды.
- Жалпы, тек Мәжілістегі ғана емес, еліміздегі барлық жетекші партиялар депутаттардың мерзімінен бұрынғы сайлауын өткізу бастамасымен бір мезгілде шығып отыр. Мұны еліміздің саяси дамуының жаңа белесі деуге болады. Біз бұл бастаманы толық қостаймыз. Өткен жылы елімізде «100 нақты қадам» - Ұлт жоспары жария етілгені мәлім, осы жыл бойында биліктің барлық тармағы оны талқылау, пысықтау және заң қабылдау ісіне белсене қатысты. Үкімет пен Парламент үлкен жұмыс жасады, - деген Абылай Исабекұлы дәл қазіргі уақыт сайлау өткізу үшін ең ұтымды екенін алға тартты.
Өйткені бүгінде атқарушы билік, бизнесмендер және бүкіл ел 5 институттық реформаны практикалық іске асыруға кірісуде. Оған қажетті тұғырлы заңдар ендігі қабылданды. Демек, жағдайдың ары қарайғы даму барысында жаңа заңдарға қажеттіліктер туындағанша, жаңа Парламентті жасақтап алған жөн. Сонда заң шығарушы орган жыл соңындағы сайлауға алаңдамай, билік және халықпен бірге, жаңаруларды жүзеге асыруға білек сыбана кіріседі.
«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Қазақ батырлары ескерусіз қалмаса екен» атты мақала жарыққа шығып отыр.
Онда хабарланғанындай, Қожа Ахмет Йассауи кесенесі Абылайдың заманында жоңғарларға қарсы күресте теңдессіз ерлік көрсеткен тама Бижігіт батырдың есімімен толығып отыр.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының ғылыми кеңесі жаужүрек жауынгердің ұрпақтары жолдаған өтініш хат пен тарихи шежірелердің негізінде күрделі жөндеу кезінде тізімнен түсіп қалған баһадүрдің аты-жөнін қайта қалпына келтірді.
Қазақ хандығының 550 жылдығы қазақ тарихының жаңа бетін ашты. Ел билеген хандар мен сұлтандар дәріптеліп, батырлар мен билерге құрмет көрсетілді. Бұрын белгісіз болып келген немесе еңбегі елеусіз қалып қойған тарихи тұлғалар туралы жаңа зерттеулер жарыққа шықты. Түркі халықтарының ұлттық пантеоны Қожа Ахмет Йассауи кесенесінде жерленген тарихи тұлғалар тізімі де біршама тұлғалармен толығып, биыл тама Бұзау мен Бижігіт батырдың есімі қосылды», - делінген мақалада.
***
«Экспрес К» басылымы егер Парламент мәжілісі мандаттарын ерте босататын болса, экс-депутаттар қанша өтемақы алатындарын санап қойған.
«Қазіргі мәжілісмендер кезектен тыс парламенттік сайлау өткізілетін болса, экс-депутаттар өте қомақты демалыс өтемақыларына ие бола алады», - делінген «Сколько получит экс-депутат распущенного парламента» атты мақалада.
«Заң шығару жұмыстарын тәмамдаған бұрынғы депутаттар 6 санды соманы алады. Өзінің депутаттық қызметін тоқтатқан тұлғаларға ақшалай өтемақыны беру ережесі 1995 жылы қабылданған «Қазақстан парламеті мен оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңда көрсетілген. Заңда «парламент депутатына оның қызмет мерзімі біткенде, қызметтен өз еркімен кеткенде және парламенттің немесе парламент мәжілісінің таратылуы кезінде жұмысқа орналасқанға дейін немесе зейнет жасына жеткенге дейін орташа айлық жалақы көлемінде үш ай бойы жәрдемақы төленіп тұрады» делінген», - деп жазады «Экспрес К».