Қазақ даласындағы әлемдік жауһар жәдігерлер: олардың келешегі қандай?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұшқан қыранның қанаты талатын, жортқан тұлпардың тұяғы тозатын қазақтың ұлан-ғайыр кең даласында ықылым замандардан бүгінге дейін жеткен көптеген тарихи һәм мәдени мұралар бар. Заманның желіне мүжіліп, адамның қолынан жапа шегіп жатқан бұл асыл құндылықтарды мемлекет қамқорлығына алып, күтіп-сақтамаса, жөндеп-жаңғыртпаса, тоз-тоз болып, тозып кетуі де мүмкін. Сондықтан бабадан қалған осынау жауһар жәдігерлерді ел билігі ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралары тізіміне енгізуге мүдделі. Осы жолда қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы ҚазАқпараттың ресми сауалына ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер комитеті жан-жақты жауап берген болатын.

Комитеттің мәліметінше, жуырға дейін ЮНЕСКО-ның бұл тізімінде Қазақстанның үш мұрасы ғана болған. Олар - Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, «Тамғалы» петроглифтері және Қазақстанның орталығындағы дала мен көлдер - Сарыарқаның табиғи ескерткіштері. Соңғысының құрамына Қорғалжын мен Наурызым қорықтары кіреді. Олардың жалпы ауданы 450 мың гектарды құрайды екен.

2007 ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитеті Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан бірқатар мұраларды тізімге енгізуге шешім қабылдаған болатын. Ол тізімге Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан елдердің әрқайсысы өз территориясында орналасқан, ежелгі сауда жолының дамуына өзіндік үлесін қосқан тарихи ескерткіштерді ұсынулары тиіс болды. Осылайша Қазақстан Қытаймен және Қырғызстанмен бірлесе отырып (кейіннен Өзбекстан да қосылды), тарихи-мәдени нысандарды іріктеуге кірісті. Терең зерттеулер мен зерделеулерден кейін Қазақстандық тарап аталған тізімге 31 тарихи һәм мәдени мұраны ұсынған болатын. Биыл ЮНЕСКО сол ұсынылған нысандардың сегізін Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізді. Олардың қатарында Алматы облысындағы Қойлық, Қарамерген, Талғар; Жамбыл облысындағы Ақтөбе, Құлан, Қостөбе, Өрнек, Ақыртас қалашықтары бар. Сонымен қатар, Қатонқарағай ұлттық табиғи қорығы мен «Ақжайық» биосфералық аймағы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік биосфералық резерваттары жүйесіне енгізілді.

Жоғарыда аталған қалашықтарды біреу білсе, біреу біле бермес. Сондықтан әрқайсысына қысқаша тоқталып өтуді жөн көрдік.

Қойлық (Қаялық) - Ӏле алабындағы аса ірі ежелгі қала. Кейбір деректерде VIII ғасырда, ал кейбірінде ХІ ғасырда негізі қаланған делінеді. Бір кезде ол Қарлұқ қағаны - Арыслан ханның ордасы болған.

Қарамерген - XII-XIII ғасырларда Іле өзенінің бойында орналасқан ортағасырлық қала. Оның тұрғындары егіншілікпен айналысып, басқа қалалармен тығыз сауда-саттық қарым-қатынаста болған.

Талғар қаласының атауы ежелгі түркі тілінде «Үлкен мұз тау» деген мағынаны береді. Ол өз дәуірінде қолөнер мен сауданың қайнаған ортасы болған. Талғардың ұсталары болат соғу шеберлігін шыңына жеткізген, алайда олардың құпиясы қазір еш дерексіз қалып отыр.

Ақтөбе қалашығы VI-XIII ғасырларға жатқызылады. Ол Оңтүстік Қазақстандағы ең ірі ортағасырлық қалалардың бірі.

Құлан қаласы да VI-XIII ғасырларға жатқызылады. Осы қалада Батыс Түркі қағанатының билеуші династиясы біржола құлап, билік басына түргештер келген.

Қостөбе қалашығы (VI-XII ғғ.) Талас өзенінің оң жағалауына орналасқан. Осы қаланың орнынан археологтар тапқан ғибадатхананың қабырғалары түрлі-түсті балшықтан жасалған бағалы қышпен өрнектеліпті.

Өрнек қалашығының (VIII-XIIғғ.) орталық бөлігінде бұрыштары әлемнің төрт тұстығана бағытталған алаңқай бар. Алаңқай қабырғасының бойында 31 мұнараның орны да сақталған.

Ақыртас археологиялық кешені Қырғыз Алатауының етегінде орналасқан. Ондағы архитектуралық-археологиялық ескерткіштер V ғасырдан бастап XVI-XVIII ғасырлар аралығын қамтиды. Қалашық аумағында VIII ғасырда араб сәулетшілері жоабалаған өте ірі хан сарайының, керуен сарайларының, қорғандар мен бекіністердің орындары бар.

Комтеттің мәліметінше, қазіргі кезде Жібек жолының екінші бөлігі - Сырдария атырабындағы ескерткіштер бойынша құжаттар жасалып жатыр. Бұл жұмыстар аяқталысымен, олар да жоғарыда аталған тізімге ұсынылады.

Осы орайда Қазақстан Үкіметінің шешемімен ЮНЕСКО тізіміне енген нысандарды қорғауға арналған екі арнайы ұйым құрылған. Олардың бірі - Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі болса, екіншісі - «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі. Олар осынау әлемдік деңгейдегі мұраларды ғылыми тұрғыда зерттеп қана қоймай, оларды келер ұрпаққа қаз-қалпында жеткізу жолында да еңбек етеді.

Айта кетейік, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне жыл сайын республикалық бюджеттен 100 788 мың теңгеден астам қаражат, ал «Таңбалы» қорық-музейіне 47 513 мың теңге бөлінеді. Ал нысандарды жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарына 012 бағдарламасы бойынша қосымша қаражат та қарастырылған. Бұл қорық-музейлер өз аумағындағы тарихи жәдігерлерді зерттеу барысында заманауи ғылыми орталыққа айналып, ел тарихын зерделеуде заманауи инновациялық технологияларды енгізуге тапсырма алған. Олар тарихи жәдігерлерді жандандырып қана қоймай, осы киелі жерлерге еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, әлемнің әр елінен туристер ағылатындай деңгейге жетуі тиіс. Онда болашақта көшпелілер мәдениетінің көркем көріністері паш етіліп, дәстүрлі этнофестивальдер ұйымдастырылатын болады. Осыған байланысты, қазір қорық-музейлердің басшыларының алдына шетелдегі қорықтарда кеңінен қолданылатын тәжірибе бойынша туристер келетін орталықтар салу мәселесі қойылған. Бұл туристер мен киелі жерлерді тәу етушілерге жағдай жасап, олардың санын көбейтуге тікелей әсер етеді.