«Қазақ елі» қазақтың киесін, береке-бірлігін, ерлігі мен елдігін жинақтайтын қасиетті орын болады - Ә.Тарази

АНА. Қазанның 21-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - «Қазақта қазық деген сөз бар. Мән-мағынасы, айтар ойы ауқымды, астарлы, қасиетті сөз. Мысалы, ауыл бір жерге көшіп келгеннен кейін сол араға қазық қағылады да, ауылдың ең үлкен ақсақалының ақ үйі тігіледі.

  Ақ үй тігілгеннен кейін сол төңірекке ауыл тұрғындары киіз үйлерінің уығын шаншып, қоныстана бастайды. Міне, осылайша бір қазықтың маңына топтасу, бірігу жүреді. Жалпы айтқанда осы шағын үрдіс қазақ халқының ауызбіршілігін, ынтымағын білдіріп тұратын», дейді қаламгер Ә.Тарази.

Мәселен, Қазақстанның оңтүстігінде Қазығұрт деген тау бар.  Оны жұрт түрлі-түрлі түсіндіріп жүр. Жазушының ойынша, «қазығұрт» дегендегі «ғұрт» сөзімен жалғасатын қазақта сөз болмауы керек еді. Бұл «қазық жұрт» деген сөз сияқты. Қазақтардың қазіргі қалыптасқан жаңа ұғымымен айтқанда астанасы, ырыс-ынтымақ, құт-береке қонған жері деген ұғымды білдірсе керек. Сонымен қатар бұл сөздің екінші мағынасы да бар. «Қазығұрттың басында кеме қалған, Ол әулие болмаса неге қалған» деген сөз қалған. Бұл бір жағынан қазақ жерінің кіндігі десек, екінші жағынан адамдардың, Нұх пайғамбардың ұрпақтарының кіндік жұрты деген сөз.

Біраздан бері өзінің монумент маңайында серуендеп, ары-бері өтіп, жұмысы болмаса да сол жерге барып, қызықтап жүретіндігін айтқан жазушы күні кеше ғана ашылып,  елорда халқының көзқуанышына айналған «Қазақ елі» кешені орналасқан жердің өзі бұрын-соңды елімізде салынған ескерткіштерде болмаған ауқымды, кең жерде орналасқанын атап өтті.

«Елордамыз салынғанына бар-жоғы 11-ақ жыл болған  жас қала. Дегенмен бұдан кейін біздің қазық жұртымыз - елордамыз Астана,  ал елдігіміз мен ерлігімізді, бүгініміз бен болашағымызды, арманымыз бен мұратымызды білдірер белгі «Қазақ елі» сәулет-мүсін кешені орналасқан алаң болмақ», деді ол.

Ә.Таразидің айтуынша,  «Қазақ елі» сәулет-мүсін кешенінің негізгі бөлгі болып табылатын 91 метрлік биік белгі болашаққа деген қазақ халқының артқан үміті, жүздеген, мыңдаған жылдарға ұласатын қазақ халқының арман-мүдесі іспеттес. Ол - алтын қазық, алтын белгі. Осы болашаққа арналып, ұшар басына самұрық құс қонақтаған ауқымды сәулет өнерінің төменгі жағында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесінің бедерленуі, оның жан-жағында қазақтың ақыл-ой ұстаған, ойлы да беделді адамдарының жинақталған образының тұруы, екінші жағына елімізде жемісті еңбек етіп, Қазақстанды болашаққа қарай бастайтын жұмысшы, шаруа адамдардың бейнесі сомдалуы, Отан қорғау қазақ ұлтының ежелден басты және қасиетті құндылықтарының бірі болғанын көрсететін  ат үстіндегі ел қорғаған сарбаздың және қолында автоматы бар жауынгердің елдің шебін күзеткен бейнелерінің шоғырлануы, ертеңгі күні мемлекетіміздің болашағын өз қолына алатын жастардың бедербейнесінің тұруы заңдылық.

«Мен Қазақстанның болашағының зор екендігініне иманымдай  сенемін. Кейде неге анау болып жатыр, мынау болып жатыр деп сынаймыз.  Көңіліміз толмайтын кездер де болады. Бірақ оның барлығы өтпелі кезең. Екіншіден, қоғам болғаннан кейін тіпті қандайда бір керемет идеал қоғамның өзінде де көлеңкелі жақтары болады. Бұл бәйтерекке күн түскенімен, келесі жағының көлеңкелі болатындығындай, ешбір ақ тер, көк тер болып дәлелдеуді қажет етпейтін айқын түсінік. Сондықтан кез-келген қоғамның көлеңкелі жақтары болады, ол болған да,  бола да бермек, қазірде бар. Оның бәріне түңілудің еш қажеті жоқ. Жалпы оппозициядағы газет-журналдарды қай кезде де болсын кінәламаймын. Неге мен ойлағандай ойламайды, неге мынау жарқын болашағымызды жазбайды, неге кемшілік, тырнақ астынан кір іздейді дейміз. Бірақ мұның барлығы біздің қоғамның жаңадан ғана дами бастағанының белгісі. Оларға мен шын мәнінде дос деп қараймын. Орын алған кемшіліктерді ашық көрсетіп, қоғамның дамуына жол ашып отыр. Ал ресми газет-журналдарға да қояр кінәм жоқ. Бұлардың жақсылықты айтып, оның жаршысы бола білуі орынды. Себебі Қазақстанда қыруар жақсы істер қолға алынып, елімізде тыныштық  орнаған. Атқарылған жақсылықтардың барлығының шындығын айтқанда, бір адамға ғана - Қазақстанның Тұңғыш Президенті, елбасымыз Н.Назарбаевқа байланысты екені рас», дейді Ә.Тарази.

Жалпы «Қазақ елі» сәулет-мүсін кешенінің өзіне қатты ұнағанын айтқан қаламгер бұның алдындағы ескерткіштің көңілінен шықпағанын жеткізді. Енді мәрмәрден соғылып, көркі мен келбеті жарасқан алып ескерткіш бой түзеді. Ұшар басындағы бүркіт Өреліде табылған, тарихы бұдан 2000 жыл бұрынғы кезеңді көрсететін құстың көшірмесі. Ал стеланың жан-жағында үш қалқан тұр. Халқымыздың үш қалқаны бар екендігі баяғыдан  белгілі. Ол жайында жазушы былай дейді: «Бұл халқымыздың үш жүзі, сондықтан еш уақытта жүзге бөлінбейік деген ұранның қажеті жоқ. Жүз халықтың арасын біріктіреді. Бірін-бірін сыйлауға үйретеді. Сонымен қатар руға бөлінудің де еш айыбы жоқ. Мен жазушы ретінде мұны сақтау керек деп ойлаймын. Дүниежүзінде қатты өскен екі халық бар, олар қытай мен корей ұлты. Корейлер қазір 80 миллион болса, қытайлар 1,5 млрдтан асып отыр. Оларда демографиялық дүмпудің, яғни өсімнің жоғары болуының негізгі себебі өз руластарымен, тайпаластарымен неке қимайды. Екі ұлттың да тегінің бастапқы буыны олардың руының, тайпасының аты. Еш уақытта Ким Киммен, Ли Лимен шаңырақ көтеріп, түтін түтетпейді. Мыңдаған жылдан бері сақталып келе жатқан осы салттың арқасында екі халық та өсімтал, қандары таза.  Ал мына туыстық арасында неке орын алған халықтар 1-3 буыннан кейін өсімін төмендетеді. Неге біздер 7 атаға дейін некелесуге шектеу қойдық? Оның салдарын қазақ баласы мал бағып жүріп-ақ түсінген. Түсінгендіктен, білгендіктен, қанның тазалығына, өсу үрдісіне оның қажет екендігіне бабаларымыз ден қойған. Сонықтан сыйластық үшін, туысқандық үшін бұдан бас тартпауымыз керек. Бұл ғажап қасиет».

Қаламгер алаң тұрған жер дәл қазіргі орталықтан қарағанда сәл де болса биік екендігін байқапты. Соған орай,  болашақта бірте-бірте орталықты алаң  жаққа қарай көшіру үрдісі орын алып, Ақорданың есігі шығыс жағынан ашылуы мүмкін деген болжамын да айтып отыр.  Оған басты себеп - «Қазақ елі» кешенінің маңында Бейбітшілік және келісім, Тәуелсіздік сарайлары орналасып, елордадағы үлкен мешіт салынуы. Сонымен қатар қаламгердің алаңға тақау тұстан қазақ театры салынып, мәдени орталықтар көшірілсе деген арманы да бар.

«Елорда төрінде асқақтаған  «Қазақ елі» сәулет-мүсін кешені Парижде Эйфель мұнарасы қандай киелі, қасиетті орын болып саналса, аталған монумент ендігі жерде қазақтың киесін, қазақтың береке-бірлігін, қазақтың жүрегін, қазақтың ерлігі мен елдігін жинақтайтын қасиетті орын болады деп ойлаймын. Қазақтың жүрегі сол алаңда соғылып тұрғандай сезінетін боламыз», деп түйіндеді сөзін жазушы. Лайым солай болатынына біз де сенімдіміз.