Қазақ еліне қарыздармын - Майя Манеза

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі қазақ спортының дамуына көз жүгіртсеңіз, көңіліңіз толып, іштей разы боласыз. Олай дейтініміз - 2012 жылғы 12 тамыз күні есімізге түседі. Бұл күн - Лондон Олимпиадасының түндігі жабылған күн. Қазақ елі сол күні төрткіл дүниені тамсандырып, спорт жарыстарының төресі - Жазғы Олимпиада ойынында тұңғыш рет әлем бойынша 12-орынға ие болды. Бұл бұрын-соңды болмаған тарихи жетістік еді.

Иә, Олимпиаданың алғашқы күні велошабандозымыз Александр Винокуров , екінші күні ауыр атлетикадан Қытайдан келген легионеріміз Зүлфия Чиншанло, үшінші күні тағы бір қытайлық легионеріміз Майя Манеза сап алтындарға қол жеткізді. Ары қарай қазақтың Әнұраны шырқалып, жеңісті жолдар жалғасып жатты. Кейін, Олимпиада ойындары аяқталғаннан соң, осы Қытайдан келген екі ауыр атлетке байланысты неше түрлі әңгімелер өрбіді. Тіпті, «Зүлфия Чиншанлоны Қытайға қашып кетіпті» деп жарыса жазды. Ал Майя туралы да әр түрлі пікірлер айтылғаны анық. Міне, сол екі қыздың бірі, нақтырақ айтсақ, Чиншанло бүгін Инчхонда өтіп жатқан Жазғы Азия ойындарында Қазақ елінің намысын қорғауға аттанса, Манеза Алматыда өтетін әлем біріншілігіне дайындалып жатыр.

«Сабақты ине сәтімен» демекші Азия ойындарының қарсаңында Майя Манезамен сұхбаттасудың сәті түсті.

- Бүгін Инчхонда Азия ойындары басталды. Бұл ойыннан неге шет қалдыңыз?

- Иә, Сарықұрлық додасына бара алмағаным шынымен өкінішті. Лондон Олимпиадасынан кейін тұрмысқа шықтым. Өмірге сәби әкеліп, ана атандым. Жасыратыны жоқ, екі жылға жуық уақыт дұрыс жаттығу жасай алмадым. Сондықтан Азия ойындарына барудан бас тарттым. Алайда, жолдасым Қазақ елінің, отбасымыздың намысы үшін сол бәсекеге аттанып кетті. Бір үйден бір адам қатысса да жеткілікті шығар деп өзімді жұбатып, күйеуімнің тілеуін тілеп отырмын.

- Биыл Алматыда Әлем біріншілігі өтеді. Бұл бәсекеге қаншалықты дайынсыз?

- Біздің елімізде тұңғыш рет әлем біріншілігі өтетініне өте қуаныштымын. Бұл біріншілікте Бразилияда өтетін кезекті Олимпиада ойындарына жолдамалар сарапқа салынады. Қазір сол біріншілікке барымды салып жаттығып жатырмын. Өз елімізде өтетін біріншілікте қалайда топ жаруым керек. Ел бізден үлкен үміт күтетіні шындық. Осындай бізге сенім артатын қазақстандық жанкүйерлеріме алғыс айтқым келеді. Десе де, аздап қобалжып жүрмін. Лондоннан кейін, бірде-бір жарысқа қатысқан емеспін. Бұйырса, отандастарымның үмітін жерде қалдырмаймын деген ойдамын. Бар зейінімді жаттығуға салып, жақсы нәтиже көрсетуге тырысып жатырмын.

- Дәл қазіргі таңда басты қарсыластарым деп кімдерді атай аласыз?

- Дәл бүгінгі менің қарсыласым - өзім. Мен жаттығу залында өзімді өзім жеңіп, бұрынғы қалпыма келсем болды. Басқа маған қарсылас та, қиындық та жоқ.

- Әлі қанша Олимпиадаға қатысу мүмкіндігіңіз бар?

- Олимпиада ойындарына қатысу - әр спортшының басына бұйыра бермейтін бақыт. Ал қатысқан Олимпиададан чемпион атанып, алтын медальға қол жеткізу - бақыттың бақыты. Айлап, жылдап төккен теріңнің өтеуі. Сондықтан, кез-келген спортшы Олимпиададан Олимпиадаға қатыса бергісі келеді. Бірақ, әркім келесі күні не боларын біле бермейді ғой. Сол сияқты мен де ертеңімді білмеймін. Әлі 3-4 Олимпиадаға қатыса аламын деп айта алмаймын. Бірақ, Алматыда өтетін әлем біріншілігінде топ жарып, 2016 жылғы Бразилия Олимпиадасына қатысуға бар күш-жігерімді салып жатырмын.

- Сіз бір емес, бірнеше рет «Менің бағымды ашқан Қазақ елі» деп сұхбат бергенсіз. Егер, басқа ел қомақты қаржы ұсынып, шақырса барар ма едіңіз?

- Иә, менің бағымды ашқан Қазақ елі. Әлі де солай айта аламын. Айтудан жалықпаймын да. Менің олай айтуға қақым бар. Шынымен бағым Қазақ еліне келіп ашылды. Сол үшін Қазақ еліне қарыздармын. Мені өз қызындай бауырына басып, бағымды ашқаны үшін алғысым шексіз. Осындай бағымды ашып, бала сүйдірген Қазақстанды ешқандай елге айырбастамаймын. Сондықтан басқа елге бару, басқа елдің атынан жарыстарға қатысу дегенді ешқашан ойлаған емеспін. Ойланбаймын да.

- Отбасын құрғаннан кейін, спортпен айналысу қиын емес пе?

- Жоқ, керісінше, бақытты сезінемін. Менің жарым мені құрметтейді. Аялай біледі. Әрқашан қолдап отырады. Біздің сүйкімді ұлымыз бар, әр күні жаттығудан шаршап келгенде баламызды бауырымызға басып, шаршағанымызды ұмытып кетеміз. Тұрмысқа шығып, ана болғаныма шексіз қуанамын. Негізі, өзімді бақытты әйел деп санаймын.

- Бала тәрбиесіне қалай көңіл бөлесіз? Жаттығуға кеткенде балаңызды кім бағады?

- Ел ішінде ешқандай таршылық көріп жатқам жоқ. Бала бағу мен тәрбие ісі жағынан енеме рахмет айтқым келеді. Ол кісі мен жаттығуға кеткенде баламызды өзі қарайды. Тіпті, алыс елдерге жарысқа баратын болсаң да, артыңа, балаңа алаңдама деп үнемі айтып отырады. Бағыма жарай енем өте ашық жарқын, сондай бауырмал адам. Баламызды ол кісіге қалдырып, бір жаққа шыққанда алаңдап көрген емеспін.

- Сізді біреулер қытай десе, біреулер дүнген деп жүр. Өзіңіздің жеке басыңыз туралы айтып берсеңіз?

- Мен жұрттың барлығы жақсы көретін «теңге» емеспін ғой. Ұнататын адамдар да, ұнатпайтын адамдар да бар шығар. Айтайын дегенім - менің қай ұлт екенім маңызды емес. Ең маңыздысы, Қазақстанның азаматшасымын. Байрақты бәсекеде Қазақ елінің көк байрағын желбіретіп, Қазақ елінің Әнұранын шырқатсам - сол маңызды. Ал әртүрлі ақпарат көздері қалай айтады, қалай жазады ол мені қызықтырмайды. Керісінше, мен туралы солай айтып, жазып, таласып жатса, ол менің осы елде, осы қоғамда өзімдік орнымның бар екендігі.

- Қазақстанға келгелі біраз жыл болып қалды. Қазақ тілін қаншалықты меңгердіңіз?

- Жасыратыны жоқ, керемет үйрендім немесе үйреніп жатырмын деп айта алмаймын. Қазақ тілін үйренуге жаттығудан босай алмай жүрмін. Бірақ, болашақта міндетті түрде үйренемін. Қазір аман-сәлемнен аса алмай жүрмін.

- Енді досыңыз Зүлфия туралы айтып берсеңіз? Екеуің қай кезден бері таныссыздар?

- Зүлфия екеуміз танысқалы біраз жылдар болды. Бізді таныстырған осы спорт. Сол алғаш танысқан күннен бері қарай өте жақсы араласамыз. Мейлі, жарыста болсын, мейлі күнделікті тұрмыста болсын бір-бірімізге көмектесіп тұрамыз. Өте жақын достармыз. Ол Азия ойындарына кетті. Бұйыртса, Қазақстанға алтын медаль сыйлайды деп үміттеніп отырмын.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Күнсұлтан ОТАРБАЙ, Хамитбек ТҰРДЫБЕК