Астанадан Ақ Жайық өңіріне келген кезекті сапарында ҚазАқпарат тілшісі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қабиболла Жақыповқа жолығып, сұхбаттасқан еді.
- Қабиболла Қабенұлы, сіз Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесісіз. Алдымен Қазақстанның сыртқы саясаты туралы айта кетсеңіз?
- Еліміз тәуелсіздігін алған кезден бері Қазақстан шетелдермен көп салалы саясатты ұстанып келеді. Елбасы еліміздің осы бағытын үнемі айтып жүр. Әлем елдерімен достық, сауда-экономикалық ынтымақтастық байланыс жасауды мақсат еткен тәуелсіз мемлекетпіз. Біздің ешбір елге қояр талабымыз жоқ.
Соңғы екі-үш жылда Қазақстан әлемдік оқиғалардың орталық алаңына айналды. 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, қауіпсіздікті сақтау, бейбітшілікті қорғау, саяси көзқарастары қайшы елдерді ымыраға келтіру мақсатында және ұйымның беделін арттыруда ауқымды істерді атқара білді. Астана төрінде ЕҚЫҰ Саммиті өтіп, 56 мемлекеттің басшысы ортақ шешімге келді. Елбасының асқан табандылығының арқасында Астана Декларациясы қабылданды. Ал 2011 жылы Қазақстан Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалық жасап, ғаламдық мәселелерді шешуде Ислам елдерінің бірігуіне ықпал етті. Биыл Астанада Әлемдік діндер көшбасшыларының төртінші съезі өтеді.
Дүние жүзінде «сауатты мемлекет» деген ұғым бар. Осылай деп азаматтық құқықтар мәселелері бойынша көмек көрсететін елді айтады. Қазақстан көптеген келісімдерді бекітіп, бейбітшілікті қорғау жолындағы әлемдік маңызды құжаттарға қол қойып отыр. Ол еліміздің мәртебесін көтереді. Оның үстіне Елбасымыз да елдің ұстанған саясатын үнемі айтып келеді. Қазір Қазақстанды білмейтін ел жоқ.
Президент бір ғана валютаға қарап отыруға болмайтынын айтты. Өйткені халықаралық деңгейде тек қана долларға сүйеніп отыра беруге болмайды. Еуроның өзіне нарық қиындықтарының ықпалы сезіліп тұр. Сондықтан басқа да қаражат түрін айналысқа шығару мәселесі айтылып қалып жүр. Ол «Алтын» деп атала ма, әлде басқа валюта шыға ма, ТМД көлемінде ортақ қаржы айналымы болуы мүмкін. Бірақ қай уақытта да ортақ қаржы шығатын болса, ол тәуелсіз мемлекеттердің мүддесі қорғалатындай, ешбір ел экономикалық зардап шекпейтіндей болуы тиіс. Халықтардың тарихи-мәдени құндылықтары да қорғалуы керек.
Қазақстан барлық көрші елдермен мемлекеттік шекарасын бекітті. Қол қойылған келісімдерді, шекараның айқындалған құжаттарын Біріккен Ұлттар Ұйымына алып барып тапсырды. Бұл мемлекет басшысының ерен еңбегі, елдің үлкен жетістігі деп айтар едім. Біздің жеріміздің әрбір нүктесіне дейін өзге біреудің көз салуына, біреудің «менің жерім» деп айтуына ешқандай құқы жоқ! Мәселен, Ресей мен Қытай шекараларын демаркациялау жұмыстарын әлі бітірген жоқ. Сондықтан барды бар деп бағалай білуіміз керек.
- Биыл Мәжілісте қандай заң жобалары талқыланып, депутаттардың назарына нендей құжаттар ұсынылмақ?
- Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында депутаттық корпустың алдына жаңа міндеттер жүктеді. Елбасы заңшығарушылықтың басты міндеті 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын құқықтық қамтамасыз ету екенін жеткізді. Заңнамалық жұмыстың басты бағыттарын айқындап берді.
Соның ішінде сот және құқық қорғау жүйелерін жаңғырту мақсатында заң жобаларын қабылдау қажеттігін айтты. Елбасы биыл жаңа Қылмыстық іс жүргізу кодексін, жеке детективтік қызмет туралы заң жобасын дайындауды аяқтау қажет екенін еске салды. Мемлекет басшысының тапсырмалары толықтай орындалады деп ойлаймын.
Жуырда Елбасы Жолдауында қойылған жаңа міндеттерді ескере отырып, өткен жылы қабылданған 2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жоспарына толықтырулар енгізілді. Басқа да жедел қабылдануға тиісті заңдар қаралып, талқылаудан өтіп, мақұлдану үстінде.
Осындай қоғамның дамуына, мемлекетіміздің іргесі нығаюына аса қажетті заңдардың қабылдануына депутаттардың қосатын үлесі зор.
- Ішкі және сыртқы қауіпсіздігімізге қатысты атқарылатын шаралар қандай?
- Біз көрші елдермен шекарамызды айқындап, заңмен бекітіп алдық. 150-дей елмен ынтымақтастық байланыс орнаттық. Оның ішінде 50-ден астам елмен тығыз байланыстамыз. Дегенмен осымен барлық жұмыс бітті деп ойламауымыз керек.
Барлық мемлекет өзінің ішкі және сыртқы қауіпсіздігіне баса назар аударатыны анық. Бүгінгі таңда әлемнің барлық елдерін алаңдатып отырған мәселелер аз емес. Лаңкестік, діни экстремистік әрекеттерден сақ болуымыз керек.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ішкі саяси сала мен ұлттық қауіпсіздіктің 2020 жылға дейінгі негізгі мақсаттары қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақтау, ел қауіпсіздігін нығайту болып қала беретінін айтқан болатын.
Жаңа он жылдықта біз өзіміздің экономикалық жоспарларымыздың табыстарын дәйекті саяси жаңғырту арқылы бекемдеп, саяси жүйемізді жетілдіруді жалғастырамыз. Және мұнда құқықтық реформа маңызды рөл атқаратын болады.
- Қорғаныс саласында атқарылып жатқан жұмыстарға көңіліңіз тола ма?
- Әрине, көңіліміз толады. Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің атқарып жатқан жұмыстары ұшан-теңіз. Оның барлығын халыққа жарияламайтыны анық.
«Қазақстанның сыртқы саяси бағыты Сыртқы саясат тұжырымдамасына негізделетін болады», - деді мемлекет басшысы.
Алдағы кезеңде, Елбасының айтуынша, ұлттық мүдделерді қамтамасыз етуге, елдің халықаралық беделін арттырып, ұлттық, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған белсенді, прагматикалық және теңдестірілген сыртқы саясат жүргізілетін болады.
Қазақстан барлық қазіргі бар ұжымдық қауіпсіздік жүйелері арасындағы стратегиялық үнқатысуды жолға қоюға белсенді жәрдемдесетін болады.
Қазақстан өңірлік және жалпыәлемдік экономикалық үдерістердің жауапты қатысушысы ретіндегі өзінің рөлін толық көлемінде сезіне отырып, оны өз тәуелсіздігінің барлық жылдары бойында мінсіз орындап келеді.
Сондықтан әлемнің жетекші елдерінің көшбасшылары мен беделді халықаралық ұйымдардың басшылары - экономикалықтан гуманитарлыққа дейінгілердің бәрі - өздерін Қазақстанның досы санайды. Біз мұны мақтаныш етуге тиіспіз. Қазақстанның жоғары халықаралық беделі біздің елімізге ЕҚЫҰ-ға төраға болуға және Астанада осы ұйымның Саммитін жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік берді.
- Қабиболла Қабенұлы, Елбасы биылғы Жолдауында өңірлерді дамыту бағытында үлкен міндеттер қойғаны белгілі. Осыған орай өзіңізге жақсы таныс Батыс Қазақстан облысында қандай жобаларды қолға алу қажет деп ойлайсыз? Өзге аймақтармен салыстырғанда, Батыс Қазақстан облысының болашағы қандай?
- Біріншіден, Батыс Қазақстан облысының болашағы зор деп есептеймін. Өйткені КСРО кезінде үлкен-үлкен қауіпсіздік пен қорғаныс зауыттары Орал қаласына тегін көшірілмеген. Соның бәрі Одақ көлемінде жақсы жұмыс жасап тұрды. 1990 жылдардағы дағдарыс тұсында зауыт, фабрикалардың бір-бірімен байланысы болмай, өндіріс орындары тоқтап қалып еді. Соңғы он жылдың көлемінде Оралдағы зауыттар жаңа заманауи тұрғыда жабдықталып, инновациялық жобалар бойынша өнімдерін шығарып жатыр.
Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты ұйымының (ҰҚШҰ) бірқатар келісімдерін Қазақстан Парламенті заң түрінде бекітті. Үш заң жобасы бойынша өзім жұмыс тобының жетекшісі болдым.
ҰҚШҰ-ның бейбіт мақсаттағы іс-шараларына қажетті тапсырысты орындау мақсатында Орал зауыттары қайтадан жанданып, жұмысқа кіріседі.
Екіншіден, Батыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы өркен жайған. Айта кетейін, кезінде 1 млн 650 мың тонна бидай мен дәнді дақылдар жиналып, мол өнім алынды. Мал басы өте көп болды. Ол да өңірдің адамдар тұруына қолайлы екенін көрсетеді. Оның үстіне өзге өңірден, шетелден көшіп келіп жатқан қандастарымыз аз емес. Елді мекен тұрғындары жаппай көшіп кеткен жоқ. Жастар жағы Қарашығанақ кен орнында түрлі жұмыстар істеп, табыс тауып жүр. Оның үстіне Чинарев кенішінде еңбек етіп жатқандар бар.
- Жылдың бас құжатында Қарашығанақ кенішінде жылына 5 млрд. текше метр газ өңдейтін зауыт салынатыны айтылды. Бұл үлкен жобаның елімізге және Батыс Қазақстан облысына тигізетін шапағаты қандай дер едіңіз?
-Қарашығанақ кешені - әлемге әйгілі өндіріс орны. Ол әлемдегі бестікке кіреді. Елбасы биылғы Жолдауында Қазақстанның орталық аймақтарына газ жеткізу керек екенін айтты. Зауыт салып, жылына 5 млрд. өнім алып, оны еліміздің өзге аймақтарына жеткізу - өте ауқымды жұмыс. Қарашығанақтың екінші кезеңі аяқталды.
Үшінші кезеңінің де бірқатар жұмыстары жасалды. Үшінші кезең - газды тереңірек өңдеуге бағытталған жоба. Елбасының тапсырмасына орай осы іс-шаралар жүзеге асырылатын болады.
Облыс елді мекендерінің 85 пайызы газбен қамтылған. Алдағы мақсат - облысты 100 пайыз көгілдір отынмен қамтамасыз ету.
Жаңа зауыт салынған кезде облысқа да, елімізге де тигізер пайдасы зор болмақ. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Салық түсімі көбейеді. Үшінші кезеңге кіргенде, неше түрлі химиялық өнімдер алуға болады. Соның төңірегінде басқа да химиялық заттар шығаратын зауыттар, фабрикалар салуға мүмкіндік туады. Осындай ауқымды жоспардың нәтижесі халқымыздың ырыс-берекесін арттырсын деп тілеймін.
Тұрғындардың, соның ішінде жастардың кәсіпкерлікпен айналысуы үшін 3 млн теңгеге дейін шағын несиелер берілуде. Оның пайдасы көп деп есептеймін. Ағайынды адамдар бірлесіп алады. Бау-бақша өсіру немесе мал шаруашылығын дамытуды қолға алуына болады.
Оның үстіне біздің облыс Ресейдің бес губерниясымен шекаралас орналасқан. Өнімді өндіру бір бөлек те, оны саудаға шығару үшін жеткізіп сату мәселесі және бір ауқымды жұмыс. Өйткені шығарған өніміңді алатын тұтынушы болуы керек қой. Ауылда қанша мал өсірсе де, өзінде бар, өзге көршілерінде бар, ол ешкімге өтпейді ғой. Қазір Қазақстан, Ресей, Беларусь елдері Бірыңғай экономикалық кеңістік құрып жатыр. Мәселен, бұрын біз өз еліміздің 16 млн тұрғыны үшін азық-түлік өндіретін болсақ, енді үш елді тұтас алғанда, 167 млн халықтың сұранысына ие болып отырмыз. Яғни, өнімді алатын рынок бар. Сонымен қатар көршілес жатқан Ресейдің бес облысында бірнеше млн тұрғын бар.
- Біз бұл нарық аймағында ұтылмауымыз керек қой?
- Өз өнімдерімізді дұрыс сата білсек, біз ұтылмаймыз. Әлемде азық-түлікке, тамаққа сұраныс күн санап арта түседі.
- Өткен жылы Батыс Қазақстан облысында алапат су тасқыны болғаны мәлім. Облыс аудандарында биылғы түскен қар қалың, Ресей жағынан қанша су келетінін күні бұрын болжау қиын. Су тасқынының алдын алу үшін не істеу қажет, Үкімет пен депутаттар тарапынан қолдау-көмек бола ма?
- Өткен жылғы жағдайға байланысты ақпан айында мен Үкімет басшысының алдына мәселе қойып, депутаттық сауал жібердім. Шаған су қоймасына қосымша су жинайтын тоған құрылысын салу қажеттігін айтып, жобалау-сметалық құжаты дайын екенін мәлімдедім. Осы жобаны іске асыруға 3 млрд теңге көлемінде қаржы бөлу жөнінде өтініш білдірдім. Әлі жауабы келе қойған жоқ.
- Бар мәселе қаржыға келіп тіреледі ғой?
- Әрине. Бірақ сондай іс-шараны қазір қолға алу керек. Кейін қиын жағдайға соқтыруы мүмкін. Су тасқыны алып кетсе, елімізді үш, тіпті бес есе шығынға алып келуі ықтимал. Мәселен, былтырғы су тасқынының зардабын жою үшін 19 млрд теңге қаржы жұмсалды. Сонда 19 ба, әлде 3 млрд теңге көп пе?!
Сонымен қатар биыл облыстың Қазталов, Жәнібек, Қаратөбе секілді оңтүстік аудандарында қар көп түскені белгілі. Өңірдегі өзендердің көбі Ресей жағынан бастау алады. Көрші ел тоғандар орнатып қойған. Егер өздерін су басып бара жатса, тоғандарды ашып жібереді. 1994 жылы сондай жағдай орын алып, Қазталов ауданы орталығын су алып кетіп еді. Сондықтан қазір облыс, аудан әкімдері алдын алу шараларын жасап жатыр. Сарыөзен мен Қараөзеннің тасып кету қаупі бар деп айтады. Оның үстіне Қаратөбе ауданындағы Қалдығайты өзені де арнасынан шығып кетуі мүмкін. Апатты болдырмау үшін жұмыстар жасалу үстінде.
- Батыс Қазақстан облысынан сайланған Мәжіліс және Сенат депутаттары өңір басшылығымен бірлесіп, қандай жұмыстар атқарып келеді, алдағы мақсат-міндеттер қандай?
- Облыс басшылығымен тығыз байланыс жасап тұрамыз. Батыс өңіріндегі әлеуметтік-экономикалық және жедел шешуді талап ететін мәселелер бойынша Үкімет басшысына, министрлерге депутаттық сауалмен шығамыз.
- Мәжілістегі өз қызметіңізге тоқталсаңыз, жалпы, сізге қандай мәселелер етене жақын, алдағы уақытта нені көтерер едіңіз?
- БҚО-ға ең бірінші керегі - жол. Өңірдегі маңызды бағыттарға жеткізетін тас жолдар салып алсақ, үлкен жетістік болар еді. Чапаев кенті тұсынан Жайық өзенін кесіп өтетін көпір салынса, жергілікті тұрғындардың келешегіне қызмет жасар еді.
Өткен шақырылымда мен осы көпір салу мәселесін көтеріп, Үкімет басшысынан соны шешуге ықпал етуін сұрадым. Ұсынысымды батысқазақстандық әріптестерім қолдады. «Бұл мәселе қаралу үстінде. Әзірге қаражат жоқ» деген мағынада жауап алдым. Дегенмен біз бұл мәселені алдағы уақытта да қозғайтын боламыз. Ол көпірдің маңыздылығы таяу келешекте айқын сезіледі. Ресей, Қазақстан, Беларусь Кеден одағын құрды, енді Еуразиялық кеңістік құрылғалы жатыр. Ресейдің оңтүстік өңірі, Ростов, Волгоград, Астрахань, арғы жағында Кавказ елдері бар, одан әрі Украина бар. Сол аймақтан Ресейдің Орал тауын жағалай орналасқан қалаларына, Сібірге, сондай-ақ Қытай еліне Батыс Қазақстан облысының аумағы арқылы өтсе, қаншама пайда әкелер еді, сол аймақтағы тұрғындар жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етілер еді. Сонымен қатар қарым-қатынас қарқыны артады. Күре жолдың бойында тұрған мекендердің жағдайы әр кез жақсы болады, тұрғындардың тұрмысы да арта түседі.
- Соңғы жылдары Жайықтың суы тартылып бара жатқаны өткір мәселе ретінде жиі айтылады. Соны қалай шешуге болады?
- Ол үшін Жайыққа жеткілікті түрде су жіберу керек. Ресейдің көрші облыстарымен, әсіресе, Орынбор басшыларымен сөйлесіп, жазғытұрым Ириклин су қоймасын ашқызып, жылына бір рет тасқын су ағызу керек. Оны санитарлық жұмыс десе де болады. Жайықтың түбінде тас емес, құм жиналып қалады. Өзен табанында көптеген бұлақтар бар. Сол бұлақтар бітеліп қалып жатыр ғой. Жиналған құмды тасқын су жылына бір рет жуып кететін еді. Біз кезінде Орынбор губернаторымен келісіп, су қоймасын ашқызып, солай тазартып тұрушы едік. Сонда бұлақтардың көздері ашылады. Оның үстіне Орал тауынан келіп жатқан су бар. Өзеннің маңайларына көлшіктер пайда болып, орманның өсуіне, шөптердің шүйгін шығуына, құстардың көп ұя салуына ықпал етеді. Ал өзен табанын экскаватормен тазартып шығамыз дегенге мен сене қоймаймын. Жайыққа ең бірінші керегі - тасқын су!
- Төңірегіндегі елді мекендерге оның зияны тимей ме?
- Жоқ. Зияны тимейді. Жайық өзені өз арнасымен ағып, ғасырлар бойы тасып жатыр ғой! Табиғатта барлығы да есептеліп жасалған емес пе?! Артық-кемі жоқ. Қасқырлар не үшін керек? Оларды орманның, даланың санитары деп атайды. Сол сияқты өзеннің тасқынын да санитарлық іс-шара деп айтар едім. Соңғы жылдары Жайықтың жоғары жағынан су жібермей тұр. Бұл мәселені екі мемлекет - Қазақстан мен Ресей келісіп, көктемде бір рет су жіберіп тұрса, Ақ Жайықтың ажары кірер еді.