Қазақ футболы қашан дамиды?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемді дүрліктірген Бразилиядағы футболдан әлем чемпионаты өз мәресіне жеткелі көп бола қойған жоқ. Деседе, әлі күнге бастары қосыла қалса болғаны сол доданы әңгіме ететіндер аз емес. Алайда, біз бүгінгі әңгімемізді әлемдік футбол жайында емес, ел ішіндегі өз командаларымыз туралы айтуды жөн көріп отырмыз.

Ел тәуелсіздік алғалы «қазақ футболы қашан дамиды?» деген сауал әркімді мазалап жүргені анық. Осы сауал төңірегінде кезінде футболдан ұлттық құрамамыздың белді мүшесі болған, тоқсаныншы жылдары Финляндияның жоғарғы лигасында ойнаған, белгілі бапкер Болат Есмағамбетовпен сұхбаттасқан едік.

- Болат Жолдасұлы, сіз жас кезіңізде бір кісідей ала допты аяғыңызда ойнаттыңыз. Кейін бапкер болдыңыз. Сол кезбен қазіргі уақыттағы бапкерлер мен ойыншыларды салыстыруға бола ма?

- Мүлдем салыстыруға келмейді. Қазір қоғам дамыды. Заман жаңарды. Бүгінгі бапкерлер де, ойыншылар да өте бақытты. Не керек бәрі бар. Бірақ, спортта болсын, басқа салада болсын қазақты көгертетін еңбек екенін ұмытпағанымыз жөн. Адал еңбек қана биіктерге жеткізеді. Бүгінгі спортшылар заман талабына сай зәулім ғимараттарда доп теуіп жүр. Кім қандай ойыншыны ұнатады, сол ойыншыны өз командасына шақыра алады. Мен бапкер болмай тұрып Финляндияның, Ресейдің біраз командаларында ойнадым. Кейін Бапкерлер жоғары мектебін тәмамдап, елге оралдым. Елге келген бойда жұмыс ұсынды. Семейдегі «Елім-ай» командасының бас бапкері, «Қайсар», «Қайрат», «Цесна», тағы басқа командаларға бапкер болдым. Өкінішке қарай соңғы жылдары бапкерлерді шетелден шақыру үрдісі пайда болды. Алайда, бұл қазақтарда жақсы бапкер жоқ дегенді білдірмейді. Қазақтардың ішінде де мықты мамандар жеткілікті.

- Сізде байқап жүрген боларсыз, соңғы жылдары бір клубтан бір клубқа ойыншылар да, бапкерлер де жиі ауысып жатады. Бұл нені білдіреді?

- Оның барлығы қаражат мәселесіне байланысты. Мықты бапкер де, талантты ойыншы да жерде қалмайды. Сенің өнерің мықты болса қызығатындар да, өз құрамына шақыратындар да көбейеді. «Сен қазір бұл командада осындай жалақы алады екенсің, менің командама келіп доп тебетін болсаң, андағы айлығыңның екі есесін берем десең» кім келмейді. Міне ауыс-түйістің басты себебі осы. Бапкерлер де тура сол сияқты.

- Барлығы қаражат мәселесіне байланысты деп жатырсыз. Соңғы жылдары әр футбол клубтары құрамына шетелден легионерлерді көптеп тартатын болды. Олар бір жылға келісімшартқа отырса да қомақты ақша төленеді дейді. Бұл шындыққа қаншалықты жанасады?

- Арнайы шақыртумен келген ойыншы тегін доп теппейтіні белгілі. Алайда, оның барлығы қомақты қаржыға кенеле бермейді. Әр клубтың өзінің есебі бар. Әр клуб өзінің шамасына, ойыншының өнеріне қарай жалақы береді. Жақында Немістің Тransfermarkt порталы биылғы Қазақстан біріншілігіне келген жаңа легионерлердің трансферлік нарықтағы бағасын жариялапты. Онда «Астана» клубының қатарында доп теуіп жүрген 25 жастағы беларусь жартылай қорғаушысы Ренан Брессанның нарықтағы бағасын портал 2 000 000 еуроға бағалапты. Бұл біздің түсімізге кірмейтін ақша. Сондай-ақ, Ренан Брессаннан кейін екінші орында да «Астана» футбол клубының ойыншысы Сисеру тұр екен. Оның трансферлік құны - 1 500 000 еуро. Сонымен қатар, ел біріншілігінде өнер көрсететін «Атырау» сапындағы Майкл Одибе мен ақтөбелік Маркос Пиззеллиді де 1 500 000 еуроға бағалапты. Бірақ, бұл мәліметтер нақтылы мәлімет емес, болжам болуы мүмкін. Бұны мысал ретінде айтып жатырмын. Сондықтан Тransfermarkt порталыдағы осы мәліметке сенуге болмайды.

Біз доп қуалаған уақытта заманымыз осылай өзгеріп, кәсіби шеберлік мәселесін тек қана белгілі бір топ адамдар ғана шешеді деген ой болған емес. Талантты спортшы тек қана бапкерлердің ғана емес, спорт сүйер жанкүйер қауымның назарында жүретіні әркімге аян. Бақ шаба ма, бап шаба ма?

- Осы шетелден келіп жатқан ойыншылардың бұрын белгілі клубтарда ойнаған, ойнамағанын анықтап, қадағалайтын бізде орталықтар ашылған ба?

- Өкінішке қарай, ондай орталықтар бізде жоқ. Қазір осындай жұмыстармен айналысатын агенттер көбейіп кетті. Сырттан футболшыларды да, бапкерлерді де алып келіп жатқан солар. Негізі, аймақтарда бас бапкерді әкім бекітуі керек. Бірақ оған ұсыныс жасайтын сол агенттер мен клубтың директоры болғандықтан қазір бас бапкерді таңдау бұрынғымен салыстарғанда өзгеше болып кетті. Мен футбол ойнап жүргенде де, бапкер болғанымда да агенттің көмегіне жүгінген емеспін.

- Былтыр «Шахтер» командасының Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығуына бір қадам жетпей қалды. Есесіне біз Қазақстан футбол тарихында тұңғыш рет Еуропа лигасының топтық кезеңіне шықтық. Енді бұдан да жоғары жетістіктерге қол жеткізе аламыз ба?

- Осы нәтижелердің арқасында УЕФА біздің елге назарын бұрды. Елімізде конгресс өтті. «Үмітсіз шайтан» демей ме?! Қазір көптеген жастарымыз өсіп келеді. Бұйырса талай биіктерге шығамыз деген үміт бар. Қазіргі таңдағы кейбір келеңсіз жағдайлар ақырын-ақырын өзгереді деген үміттемін.

- Сұхбатыңызға көп рахмет!

Күнсұлтан ОТАРБАЙ