«Қазақ ғарышкері Қытайдан ұшады» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 2 қазан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 2 қазан, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абылай аңсаған азаттық» атты көлемді мақаласы жарияланды. «....Алмағайып сұрапыл заманда есеңгіреген елге ес кіргізіп, бір тудың астына біріктіре білген Абылай ерлігі мен ақыл-парасатын қатар жұмсаған сарабдал саясаткерлігінің арқасында қазақ халқын жойылып кетуден сақтап қалды. Осылайша, туған халқының кемел болашағын аңсаған ол өз дәуірі артқан ұлы жүкті қайыспай көтеріп, ел алдындағы перзенттік парызын атқарып кетті. Болашағымыз баянды, тәуелсіздігіміз мәңгілік болуы үшін біз бабалардан қалған аманатты есімізден шығармай, үнемі електен өтікізіп отыруға тиіспіз. Өйткені, біз Абылай бабамыз армандаған осы күнге оңайлықпен жеткеніміз жоқ»,-дейді Президент.

Бас басылымда «Ұлттық банк саясаты өзгермейді» атты метериал жарияланды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі басшылығының ауысуы туралы өз шешіміне қатысты түсініктеме берді. Нұрсұлтан Назарбаев отбасылық жағдайына байланысты берілген өтінішіне сәйкес Григорий Марченконың Ұлттық Банк Төрағасы лауазымынан босатылғанын мәлімдеді.

"Ол бұл қызметте көп жыл, соның ішінде қиын жылдары жұмыс істеді. Еліміздің қаржы жүйесін дамытуға, Ұлттық Банк жұмысына, Ұлттық қорды басқаруға зор үлесін қосты, бұл үшін мен оған ризамын, - деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы Ұлттық Банк Төрағасы етіп Қайрат Келімбетовті тағайындау туралы шешім қабылдағаны жөнінде хабардар етті. - Ол 45 жаста, Мәскеу мемлекеттік университеті мен АҚШ-тың Джорджтаун университетінің түлегі. Соңғы жылдары Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, одан кейін Премьер-Министрдің орынбасары қызметін атқарды, Кеден одағының қызметі және Еуразиялық экономикалық одақты құру мәселелері жөнінде келіссөздер жүргізді. Оның ел экономикасы мен қаржылық жағдайы туралы білімі Ұлттық банк жұмысына оң ықпал етеді деп санаймын", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті қабылданған шешім еліміздің дамуына септігін тигізетінін атап өтіп, Ұлттық Банктің саясаты өзгермейтініне тоқталды.

***

«Қазақ ғарышкерлері 2014 жылы сәуір-мамыр айларында Қытай жерінен ғарышқа ұшуы мүмкін» деген ақжолтай хабар Бейжіңнен жетті. Бұл жаңалық «Қазғарыш» агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев Бейжіңде Қытай ұлттық ғарыш әкімшілігінің басшысы Ми Синжуймен кездесуінде белгілі болыпты. «ҚазақҒарыш» басшысының қытайлық экипаж құрамында қазақстандық ғарышкерді ұшыру туралы ұсынысын қытайлық әріптесі бірден құп алған»,-деп жазады «Айқын» басылымы бүгінгі санында. «Қытайлық экипаж құрамында ғарышқа ұшу қазақтың қалтасына қанша салмақ салады?» деген сұраққа «ҚазҒарыштың» баспасөз бөлімі жөндемді жауап бере алмады. Себебі екі арадағы келісім әлі келіссөздер деңгейінен асқан жоқ. Бірақ екі бірдей азаматымыздың ғарышқа ұшуға дайын екені Қытай жағына белгілі. Ал қаржы жағы екі ел сала басшыларының келесі кездесуінде - 2014 жылдың бас кезінде анықталады. Қазақстандық екі ғарышкердің ғарыш сапарын 21 жыл бойы күткені қытай жағына белгілі болса керек. «Бұл жолғы ғарыш сапарына Айдын Айымбетовтың ұшуы мүмкін» деген пікірді қазақстандық делегация мүшелері Бейжіңде жүрген кезінде-ақ айтып үлгеріпті. Бірақ мұны «ҚазҒарыштың» баспасөз бөліміндегілер растамады, жоққа да шығармады. Дегенмен, бұл хабар біз үшін үлкен қуаныш. Себебі «№3 қазақ ғарышқа қашан ұшады?» деген үміт қазақ даласын 21 жыл бойы кезіп жүрді. Бұл мақала «Қазақ ғарышкері Қытайдан ұшады» деген тақырыппен берілген.

Осы басылымда «Тарихи кітаптардың бәрі шындық деуге болмайды» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі еркіндік пен кеңшілікті пайдаланғандар тарихқа қалам тартушылардың санын көбейтті. Аяқастынан ел білмейтін батырлар мен билер, көсемдер мен шешендер дәріптеле бастады. Бұрын неге беймәлім болып келді дегенге кеңестік идеологияның кесірі көлденең тартылды. Алайда кәсіби тарихшылар ондай тарихи делінген кітаптардың бәрін бірдей шындық деуге болмайтынын айтады. «Ал тарихи сананы қалыптастыруда ондайға тіпті де жол беруге болмайды» дейді. Сондықтан бұдан былай тарихты арқау еткен кітаптар Тарихшылардың ұлттық конгресінің ұсынысымен шықса деген ұсыныс бар. Бұл туралы кеше ұлттық тарихты реформалау мәселелеріне арналған кезекті баспасөз мәслихатында айтылды.

***

«Жас қазақ» басылымының соңғы санында кеншілер мәселесі көтеріліп отыр. «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы «жаңа кәсіподақ құрмақшы» деген жаңалық Қарағандыға тез тараған еді. Астанада өткен арнайы жиынға барып қайтқан кеншілердің «Қорғау» кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Мирғоязов та мұны жоққа шығармайды. Ал миллиардер Лакшми Миттал болса, «Арселор Миттал Теміртаудың» жетекшілерімен бірге жарты ғұмыры мен денсаулығын жерастына тастап кетіп, жер бетінде құр сүлдері жүрген кеншілердің тағдырын таразыға салған. Дәл осы отырыста егер де бұрынғы кәсіподақ төрағасы монополис­термен келіссөзге келмей, ырқына көнбейтін болса, онда «жаңа кәсіподақ құру қажет» деген пікір айтылған»,-деп жазады апталық газет. Бұл жайында «Кеншінің көңілі күпті» атта мақалада жарияланған.

Осы басылымда «Астана» клубы: Арқадан әлемге...» деген тақырыпта Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевпен арадағы сұхбат берілген. Еліміздегі бірнеше спорт клубын өз қамқорлығына алып, бір ұжымның астына біріктірген «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының қатары тағы да толығуы мүмкін. Бүгінге дейін ел абыройын арттырып жүрген командалар сапына енді «Қайрат» футзал клубы мен жағажай волейболындағы қыз-жігіттер қосылады деп күтілуде. «Астана» мультиспорттық жобасының президенті, Афины Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев «Жас қазаққа» берген сұхбатында аталған жобаның мақсатын кеңінен түсіндіріп берді. Сондай-ақ даңқты боксшы өзінің сүйікті саласын да айналып өткен жоқ.

***

«Қазақ әдебиеті» газетінің соңғы санында «Ұлы Отан соғысы тарихына әділдік керек» деген мақала берілген. Ұлы Отан соғысының қасиетті де, қасіретті де жаңғырығы бүгінге дейін өшпегендігі жайында өрбіген бұл көлемді мақала осынау сұрапыл тарихи оқиғаның әлі де зерделі зерттеуді қажет ететіндігін тағы да аңғартқандай. Осы жайындағы жазған сараптамалық мақаланың авторы Ш. Уәлиханов атындағы Тарихи және этнология институтының Бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Мәлік-Айдар Асылбек сол кездегі нәубетті жылдарға өзіндік бағасын берген.