Қазақ халқы империя құрған халықпыз деп мақтануы тиіс - Қаржаубай Сартқожа

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ халқы империя құрған халықпыз деп мақтануы тиіс. Бұл туралы бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын барысында тілшілерге берген сұхбатында түрколог ғалым, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожа мәлім етті.

«Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы еліміздің ең үлкен мерекесі ретінде аталып өтуде. Осы мерекемен рухани байып, мақтанып, келешек ұрпаққа бабалардың өсиетін, арманын жеткізуіміз керек, яғни бұл әрбір адамның міндеті болмақ. Бүгінгі өмірге келген сәбиден бастап, 100 келген ақсақалымызға дейінгі адамдардың парызы. Біздің халқымыз Қазақ хандығына дейін үш үлкен империя құрған халық. Сондықтан қазақ халқы империя құрған халықпыз деп кеудемізді көтеріп, еркін жүруміз керек»,-деді ғалым.

Бұдан бөлек түрколог ғалым Кенесары ханның бас сүйегін Қазақстанға қайтару мәселесіне тоқталды. Қаржаубай Сартқожаның пайымынша, бұл мәселе әрбір азаматқа сын. «Бұл бағыттағы шараларға Үкіметтегі адамдар кірісуі керек. Жай ғана қызықтаушылардың қолынан бұл жұмыс қолынан келмейді. Бұл биліктің мойнындағы борыш»,-деді ғалым.