Адамның адамға бітпейтін жаулығы осылайша әр халықта ел қорғайтын ерлерді бала күннен епті, шапшаң, батыл, жаужүрек қылып тәрбиелеу дәстүрін қалыптастырды.
Жер бетіндегі ең көне 12 халықтың бірі түркілер дейді ғалымдар. Сол Ер Түріктің қара шаңырағына қазіргі таңда қазақ дейтін ұлттың ие болып отырғанына ешкімнің дауы жоқ. Ендеше біздің халықтың да ұл баланы ел шетіне жау келсе, егеулі найза қолға алып, жаралы жолбарыстай атылатын айбынды да айбатты азамат етіп тәрбиелеу тәсілдері бар. Төменде соларды тарқатпақпыз.
«Тартыспақ». Бұл өнердің түрі ат үстінде болатын болғандықтан, ер балалардың алдымен астына тай мінгізіп, кейін көкпарға салатын болған. Бұл өнер баланың жастайынан дені сау болуына ықпал етеді.
«Шабыспақ». Бұл өнер түрі де ат үстінде орындалады. Ер баланың қолына найза, қылыш, семсер, алдаспан беріліп, қару-жарақтың қыр-сырын меңгеретін болған. Ат үстінде шауып келе жатып қарсыласын аттан құлату, шабысып өту секілді сындардан өткен.
«Атыспақ». Қазақ халқының ертеден қалыптасқан өнер түрі. Бұл өнерді түзде аңға шыққанда әрі ат үстінде де жаяу жүріп те баулыған. Садақ, сақпан, мылтық сынды атуға ыңғайы бар қаруларды алғаш дайындық көзі ретінде ағаш-теректерге ату арқылы үйреткен. Кейін аңға алып шығып отырған. Бұл өнер біріншіден атысу өнеріне баулыса, екіншіден, аң аулауға, сондай-ақ ер адамның түзде жүріп мал табуына баулиды.
«Шанышпақ». Ат үстінде жүріп шауып келіп қолға ілінген найза, балта, кезде, сүңгі сынды қаруларды нысанаға дөп қадау. Бұл өнер баланың табандылығы мен қайсарлығын шыңдауға негізделген.
«Салыспақ». Ел арасында кеңінен тараған ежелгі ұлттық өнердің бір түрі. Бұл өнер ат үсті әрі атсыз орындауға ыңғайлы. Ер баланың қолына шоқпар, сойыл, босмойын сынды қаруларды ұстатып, оларды ат үстінде қалай меңгеруді үйреткен.
«Тастамақ». Күнделікті тіршілікте көрініс тауып кеткен бұл өнердің негізгі қаруы - арқан, жіп, құрық. Алғашқыда ер балаларға арқан есіп, құрық салып, бұғалық жасауды, кейін төрт түліктің мүйізі мен аяқ-қолына салуды үйретеді.
«Алыспақ». Қазақтың қанына сіңіп қалған бұл өнер, әрине, күреспен де алмасып келе береді. Бұл өнерді тек бейімі ғана бар емес, барлық жетіліп келе жатқан ер балаға үйреткен.
«Күресу». Жоғарыда айтып өткендей, алыспақ сөзінің синонимі бола алатын өнер түрі.
«Жүзу». Кең даланың төсін төсте жатқан қазақ жерінің арысы мен берісінің басында өзен-көл жетерлік. Сондықтан ер бала міндетті түрде өзінің әрі өзгенің қауіпсіздігі үшін суға жүзіп үйренген.
«Өрмелеу». Жалпы қазақ халқының тілдік нормасындағы ерекшелік осы, біз түбір сөз арқылы кез келген дүниенің мағынасы мен мәніне бара аламыз. Осы өнер түрі аты айтып тұрғандай заты да сондай болмақ. Көптеген бәле-жаладан аман қалу жолында осы өнер түрі үйретілмек. Мысалға: тауға шығу, жыртқыш аңдардан орман ішінде қашу т.б. сынды.
«Қарғу». Бұл өнердің түрі де кең етек алған. Тіптен, бабадан жеткен сөз де бар: «қарғымақ білмеген тірі ғарып» дейтін. Бұл өнер баланы жастайынан жігерлік пен қайсарлыққа тәрбиелейді. Қарапайым секіре білудің де әдіс-тәсілін біздің аталарымыз білген, әрі оны пайдаға асырған.
Ербол ЖАНАТ