Есенбай Нұрлыбайұлының пайымдауынша, бұдан бес жарым ғасыр бұрын шаңырақ көтерген Қазақ хандығы бүгінде алып елге айналды. Мемлекеттіліктің қалыптасуы - бұл барынша ұзақ, әрі тым күрделі процесс. Өйткені, талай тар жол, тайғақ кешулерден өткен ұлы көш әрқилы жымысқы саясаттың ықпалында қалып қойғандықтан, төл тарихымызды тереңінен тани алмай келдік. Ал тарих - халқымыздың өткен өмірі, ата-бабаларымыздың өмір жолы. Әйгілі ақын Қадыр Мырзалиев «Тарихпен тілдесу» атты өлеңінде жырлағандай:
Менің бабам қақтаған қыр аптабы
Көшіп-қонып,
Ұрпағы тұрақтады.
Біздің тарих бұл да бір қалың тарих,
Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы!
Өткен жылғы Тәуелсіздік мерекесіне арналған салтанатты жиын төрінен Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Ұлы далада күллі Еуразия құрлығын уысында ұстаған алып мемлекеттер болған. Алып кеңістікті ен жайлап, еркін билеп-төстеген айбарлы халықтар өмір сүрген. Бүгінгі Қазақстан - сол бабалардың заңды мұрагері. ...Ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздегі маңызды датаны - Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын атап өтетін боламыз» деген еді.
Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев жазғандай, «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады. Демек, бүтін бір елдің рухымен қалыптасқан тарихты ешқашан өшіруге болмайды».
Тәуелсіздік пен теңдіктің, ынтымақ пен бірліктің белгісі - Қазақ елінің төл мерекесін тұңғыш рет мемлекеттік деңгейде атап, ұлттық қадір-қасиетіміз бен ақ жолымызды ұлықтау Алты Алаштың рухын көтереді деп сенеміз! «Мәңгілік елдің» қағидасы біздің дамуымыздың арқаулық құндылықтарын, Қазақстан халқының ортақ мүддесі мен тарихи тағдырын айшықтайды. Себебі Мәңгілік ел мұратына жету ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығының көрінісі арқылы жүзеге асатындықтан да Елбасының халықтың үш буынына үн қатуы кешегі тарих қойнауындағы бабалар үнін тағы да жаңғыртқандай әсер қалдырады.
Мемлекет құрылуының мерейтойы ең алдымен азаматтардың патриоттық сезімдерін арттыру мен Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға бағытталып отыр.
Шыңғыс хан құрған қағандық дәуірден бері бір орталыққа бағынған түркі тектес ұлыстар көшпелі қоғамға тән өздерінің әдет-ғұрыптық заңдары мен ережелерін сақтап қалды. Өйткені, Шыңғыс хан өзіне бағындырған ұлыстар мен тайпалардың әдет-ғұрпына, салт дәстүріне, діни сеніміне айтарлықтай нұқсан келтірген жоқ. Керісінше, өзі жазған «Жасақ», «Билік» заң ережелерін түркі тектес ру-тайпалардың ежелден келе жатқан дәстүрлі құқықтарымен толықтырып, ұлы империяның мемлекеттік билігін кемелдендіруге ұтымды пайдалана білген. Оны біз Шыңғыс хан құрған қағанаттың Бас уәзірі болған Майқы би - қазақтың үйсін тайпасынан шыққан қоғам қайраткері екендігінен пайымдап отырмыз. Қазақ халқының көкейіне сегіз ғасырдан бері қонақтап, құлақсіңді болған «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген мәтел соған айғақ. Тарихта осы Майқы биден қалған жеті түрлі заң ережесі бар екенін Моңғол империясының тарихын талдап жазған әйгілі тарихшы Рашит Ад-диннің «Жамиғат-ат-тауарих» деген құнды еңбегінде атап көрсетілген. Майқы би қалдырған жеті түрлі мемлекеттік заң ережелері қоғамдық қатынастардағы мынадай құқықтарды қамтыған: адам құны туралы; Жесірлер мен неке туралы; Жер иелігі мен бөлісі туралы; Ұрлық туралы; Барымта туралы; Дау-шарлар туралы; Мал құны туралы.
Сот үкімдері мен шешімдері осы ережелермен айқындалды. Осы заң ережелері қазіргі Қазақстан жеріне XV ғасырдың басына дейін билік жүргізген Алтын Орда, Ақ Орда хандықтарында да қолданылып келді. Өз алдына дербес Қазақ хандығы құрылған соң, 1456 жылдан бастап бұл заң ережелері қазақ мемлекетінің ел билеу ісінде қолданылғаны күмән тудырмайды. Осыған орай мынадай тарихи жазбаға тоқтала кетуге болады. Сол заманның әйгілі тарихшысы Мұхамет Хайдар Дулати «Тарих-и Рашиди» деген еңбегінде былай деп жазған екен: «...Сол күндері Әбілқайыр хан Дешті қыпшақты түгел иеленді. Ол Жошы әулетінің сұлтандарына шабуылдай берді. Жәнібек хан мен Керей хан одан қашып, Моғолстанға келді. Есенбұға хан оларды жақсы қарсы алып, Моғолстанның батыс жағынан Шу өзені тарапындағы Қозыбасыны берді. Олар мұнда тыныш өмір сүріп жатқанда, Әбілқайыр қайтыс болып (1468), өзбектер ұлысы ыдырай бастады, алауыздық өршіп, көптеген адамдар Керей хан мен Жәнібек ханға кетті. Олардың саны екі жүз мыңға жетті және оларды «өзбек-қазақтар» деп атайтын болды».
Жоғарыдағы Майқы би шығарған жеті түрлі құқықтық қағидаларды Қазақ мемлекетін ғасырлар бойы басқарған Жәнібек хан, Керей хан (1456-1480), Бұрындық хан (1480-1511), Қасым хан (1511-1523), Таир хан (1523-1533), Хақназар хан (1538-1580), Шығай хан (1580-1582), Тәуекел хан (1582-1598), Есім хан (1598-1645), Жәңгір хан (1645-1652) қолданып, ол Тәуке хан тұсында дүниеге келген «Жеті жарғы» заң ережелеріне дейін жалғасты.
Қазақ елінің тарихында және билер шығарған ережелерде «Қасым ханның қасқа жолы» деген құқықтық жарғының алар орны ерекше. Қасым хан мемлекеттің ішкі-сыртқы саяси жағдайын, халық бұқарасы мен билер сотының іс жүргізу байыбын жете қарап, ежелден келе жатқан әдет-ғұрып, ереже-тәртіпке маңызды өзгерістер енгізді. Мұндағы басты-басты заң ережелерінің бес қағидасы:
1.Мүлік заңы (мал, мүлік, жер дауларын шешу ережелері); 2.Қылмыс заңы (кісі өлтіру, ел шабу, мал талау, ұрлық қылмыстарына жаза); 3. Әскери заң (қосын құру, аламан міндеті, қара қазан, ердің құны, тұлпар ат); 4.Елшілік жоралары (төзімділік, шешендік, халықаралық қатынастарда сыпайылық, әдептілік); 5.Жұртшылық заңы (ас, той, мерекеде шүлен тарату ережелері, жасауыл, бөкеуіл, тұтқауылдардың міндеті).
Бес түзілімнен тұратын осы жарғыны қазіргі Қазақстанның қолданыстағы заңнамаларымен салыстырып қарағанда, бір-бірімен мазмұндас келетініне көз жеткізуге болады.
Қасым ханның (Жәнібек ханның ортаншы баласы) тұсында Қазақ хандығы өзінің дәуірлеу биігіне көтеріледі. Ол қауіпті көршісі Мұхаммед Шайбаниды талқандап, оның мемлекетінің құлауына себепші болады. Моғолстанның ханы Сұлтан Саид ханмен достық қатынас орнатады. Сондай-ақ ол көршілері ғана емес, сырт елдермен, мысалы: Мәскеу мемлекетімен терезесі тең дәрежеде дипломатиялық қатынас орнатып, орыстың сол кездегі князі 3-ші Василиймен байланыста болған. «Қасым хан бүкіл қазақ халқын біріктіру арқылы үлкен әскери күшке ие болды. Қарауындағы халықтың бақытына орай, ол өзінің бейбітшілік сүйгіш саясатымен халықтың махаббатына бөленді, ерекше әйгілі болды» деп жазды Әлихан Бөкейханов.
Қасым хан қартайып барып Сарайшық қаласында өз ажалынан 1523 жылы қайтыс болады.
«Халқымыздың ертеңін ойлаған, болашағын болжаған хандарымыз бен билеріміз сол кездің өзінде-ақ еліміздің дәулеті мен сәулетін, ынтымағы мен, қауіпсіздігін арттыру бағытымен жүріп, оны жалпы қазақ даласына жариялап отырған. Енді, міне, бүгінде әлем таныған Қазақстан ынтымағы жарасқан, көк байрағы көк күмбезімен таласқан, экономикасы артып, бақ-берекесі шалқып, асудан асуға адаспай асқан еңсесі ерен егемен елге айналып отыр», деп түйіндеді ойын Е.Боранбаев.