***
«Егемен Қазақстан» газетінде «Қазақ хандығының бастаулары мен тарихи дәуірі» атты тақырыппен Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі Ханкелді Әбжановтың көлемді мақаласы басылған. «Мемлекет пен оның азаматтарына ең керек құндылық - азаттық. Қазақ хандығы құрылғанға дейін де азаттықты сақтаудың басты шарты ретінде билік пен билеушінің біліктілігі, халықтың бірлігі мен ынтымағы, ел мен жерді қорғауға қабілетті қарулы күштердің сақадай-сай тұруы ұлықталды. Мемлекеттің астанасына айрықша мән берілді. «Өтікен қойнауында отырсаң, - делінген Күлтегін ескерткішінде, - мәңгі елдігіңді сақтайсың». Біздің ойымызша, түркілік «Мәңгі Ел» идеясының астанамен байланыста дүниеге келуі қалыптасқан мемлекетте ғана мүмкін құбылыс. Қазақ хандығының тарихи тамырлары тереңде жатыр. Оны XV ғасырдағы, тіпті, оның алдындағы үдерістермен шектеу методологиялық қисынсыз әрі ғылыми танымға қиянат. Қазақ хандығы тарих сахнасына шыққан тағдыр анықтағыш сәттің, айрықша серпілістің мәнді белгілерін тани білудің мәні зор екенін жоққа шығармаймыз. Дегенмен, нағыз ғылыми танымға объективтілік, жүйелілік, даму ұстанымдарына жүгіну жарасқан»,-дейді ғалым.
Ханкелді Әбжановтың жазуынша, Қазақ хандығының шаңырақ көтеруі - халқымыздың тарихы мен тағдырындағы ұлы бетбұрыс. Ал оның нығая өркендеуі Еуразия болашағына пәрменді әсер етті. Сол ілгерілеу мен мақтаныш ұлттық санамызға өшпестей жазылғаны соншалық, тәуелсіздік тұсында хандар мен билерге, батырлар мен сұлтандарға құрметіміз жаңа серпінмен сыртқа шықты. «Мәңгілік Ел» идеясының өміршеңдігіне бұл да бір айғақ-дәлел екені сөзсіз. Тәуке ханның дүниеден озуымен Қазақ хандығы өз тарихының екінші сатысына аяқ басты. Оны сындарлы саты деп айдарладық. Хронологиялық шеңбері 1715-1847 жылдар, яғни Кенесары ханның қасіретімен тұйықталады. Соның алдында ғана 1801 жылы Павел І патшаның жарлығымен құрылған Бөкей хандығы тарқатылған (1845 ж.) болатын.
Бас басылымда « Алматыда «жапон бағы» бар » деген материал берілген. Мегаполис қаланың мерейін асыратын мәдени, демалыс орындарының қатары көбейіп келеді. Соның бірі - «жапон бағы» Алматыдағы Тұңғыш Президент саябағында пайда болды. Қала тұрғындарының көзін қуантып, туристерге тамаша әсер сыйлайтын баққа жолы түскендер өзін нағыз Жапонияда жүргендей сезіне алады. Алматының ең көрікті жеріне қоныс тепкен бақта бәрі де бар. Бұл жобаның авторлары бақ өз атауына сай болуы үшін барлық жағдайды жасаған. Қаланың табиғи ресурстары басқармасының мәлімдеуінше, уақыт өте келе бақ мұнан да көркем бола түседі. Қазірдің өзінде мұндағы жапон халқының пагодалары, Күншығыс елі стиліндегі орындықтар мен шамдар, гүлзарлар мен көгалдар, тоғандар мен бұлақтар көз тартады. Мұнда жапон сәулет өнерінің үлгілері де тамаша шешім тапқан. Түнде саябақта шамдар жанып тұрады.
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Жасыбай жағасы талапқа сай бола ма?» деген мақала жарияланды.
Биыл Павлодар қаласында жергілікті билік өкілдері облыста 3 мыңға жуық жасөспірім жазғы демалысты киіз үй лагерьлерінде өткізеді деген болатын. Алайда әлі күнге дейін олардың санитарлық талапқа сәйкестігін растайтын ешбір ұйғарым берілмеген. Бұл туралы облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы Ермек Камелов мәлім етті.
Басшының айтуынша, жаңа қағида бойынша тек қана жоспарлы тексерістер өткізіледі. Басқа жағдайда, тиісті өтініш түсірілуі керек.
«Былтыр Баянауыл демалыс аймағында қызмет көрсетушілердің бірқатары санитарлық қауіпсіздік мәселесіне салғырт қарағаны белгілі. Бұған елде кәсіпкерлікті тексеруге байланысты енгізілген мораторий ықпал еткен. Әйтеуір, ешкім тексермейтініне сенген бәзбіреулер тұтынушылар құқығына шекесінен қарағанына демалушылар талай шағымданған. Биыл жағдай қандай болмақ?»-деп жазады мақала авторы.
Осы газетте «Телеарналарға шынымен-ақ тежеу болмай ма?» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Елбасы Н.Назарбаевтың «Бұқаралық ақпарат құралдарының кемінде 50 пайызы қазақ тілінде болуы тиіс» деуінің ар жағында мемлекеттік тіл тағдыры туралы үлкен ой жатқан еді. Президент одан кейін де ешбір тәуелсіз мемлекет өзінің эфирлік кеңістігін өзге елге беріп қоймауы керектігін де айтқан болатын.
«Оның бер жағында телерадио хабарларын тарату туралы заңның орындалмай келе жатқаны туралы БАҚ беттерінде айтудай-ақ айтылып жүр. Бірақ соның бәрі, ең аяғы заң талаптарына шейін ескерусіз, елеусіз қалып келе жатқаны қынжылтады. Биылдың өзінде, анау-мынау емес, Үкімет үйінде Премьер-Министрдің білдей орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған жиында да тілдер туралы, телерадио хабарлары туралы заңды бұзушылық орын алып отырғаны туралы сөз болды. Оның әртүрлі зерттеулер бойынша дәлелденген шындық екенін Бердібек мырза өзі айтып берді. Содан бері де жарты жылға жуық уақыт өтсе де, телеарналар оған «пысқырып қарағаны» байқалмай отыр»,-деп жазады басылым.
***
«Экспресс К» гезетінің бүгінгі санында « Байге пришел кирдык » деген материал жарияланды. Алматыдағы Абай даңғылы бойындағы қоғамдық көліктер үшін жасалған арнайы жолақ жылдамдықты асырып жүретін жүргізушілерді тізгіндеп, бағдардағы көліктер арасындағы бәйгені тоқтатты. Сонымен қатар осы жолақтың арқасында бір аптаның ішінде қалалық қазына жүз айыппұлмен толығып, жолаушылар саны 19 пайызға өсті.
Сонымен қатар бұл арнайы жолақтың тағы бір ұтымды жағына тоқталатын болсақ, қоғамдық көлік рейстерінің саны 30 пайызға артқан көрінеді. «Егерде бұрындары автобус жүргізушілері өздерінің араларында жарыс өткізіп жүрсе, енді қазір олардың арасында нақты бекітілген интервал бар. Әрбір жүргізуші өзінің кестесімен жүреді»,-дейді көлік басқармасының басшысы Талған Абдрахманов.