ОРАЛ. 20 наурыз. ҚазАқпарат - 2011-2012 жылғы маусымның қорытындысы бойынша Орал допты хоккейінің түлегі Рауан Исалиев Ресей чемпионатының суперлигасында өнер көрсететін Нижний Новгородтың «Старт» командасының үздік ойыншысы атанды.
Аталмыш допты хоккей клубының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, журналистер арасында өткізілген сауалнама нәтижесінде команданың үздік шабуылшысы Р.Исалиев айқын басымдылықпен жеңіске жеткен. Сауалнамаға қатысқан 55 адамның 45-і оны үздік үштіктің қатарында атаған. Қорытындысында Рауан 109 ұпай жинады (екінші орындағы қақпашы Александр Евтинде - 84 ұпай). Р.Исалиев команда жанкүйерлері арасындағы дауыс беру қорытындысында да озық шықты.
Бұдан бұрынғы маусымдарда Орал хоккейінің тағы бір түлегі Леонид Бедарев үш жыл қатарынан «Старт» командасының үздік ойыншысы атанған болатын. Рауан биылғы біріншілікте 27 гол соғып, 8 рет дәл пас берді, сөйтіп 35 ұпай жинады. Сондай-ақ Ресей кубогі үшін бәсекеде 8 ұпай (7 гол, бір пас) иеленді.
Жалпы, Рауан Исалиев үшін биылғы жыл сәтті болды. Оның Қазақстан ұлттық құрамасын Алматыда өткен әлем чемпионатында капитан ретінде айдынға бастап шығып, қола жүлдегер атанғаны белгілі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).