Қазақ-кеңес прозасына тағы бір ой жүгірткенде...

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткенде, ұмытпасам, ұрлық туралы бөстік қой деймін. Енді ойласам соным қате болыпты. Бүгінгінің биігінен қарап отырсам, тіс жарып сыртқа шығаруға болмайтын жайды жайып салыппын. Орынды емес әрине.

«У ішсең - руыңмен» деуші едік, намысы бір бөрікті ағайын бөрлігіп жүре ме деп ақталып отырған ендігі түріміз мынау. Оған қосымша тақырыптың алдына баттитып тұрып «1»-ді қондырып, жалғасы болатынын әйгілегенімізді де ұмыта қойғамыз жоқ. Демек, екінші бар. Одан кейінгісі әзірге құпия. Бірінші мен екіншінің арасында байланыс болуы тиіс екені енді...былай да түсінікті ғой.

Бүгіннің биігі... Жазғанымыздан апта аунамай қателік тауып жатсақ... Және, өткеннің қанжығасына ойланбай байлап бере салғанымызға қарағанда тарих бүгіннен басталып, тегершігі кері айналған бойы әлмисаққа барып бір-ақ тіреледі екен-ау. Бүгінгінің бағасы ертеңгілердің үлесі. Кейінгілердің ісіне араласып, ырысына ортақтасу өзінен бұрын ұрпағының қамын ойлайтын қазақ үшін (шын айтам) ұятты шаруа. Сондықтан, өзіміз туралы, апта бұрын жазғанымыз туралы сөз қысқа. Ертеңгіні болжай алмаймыз. Алдымызды жарық қылғай әйтеуір. Ал, өткенге бүгіннің көзімен қарауға әбден болады. О, кешегі жайлы қалай көсілсең де еркің. Өзіңе ұнамаса «оқуға болмайды» деп кесіп айтып, «жаназасын шығарасың» ба, «бүгінгі тақырыпқа сәйкес емес» деп тарс жауып, теріс айналасың ба - ерік сенікі. Тарихи заңдылық. Бізге дейін солай болған, бізден соң да бұлжымайды. Дегенмен, бір нәрсені ескеруге тиіспіз, тарихқа тиесілі кім туралы, не туралы сөз қылсаң да сол заман ауқымын бажайлап алған теріс емес. Осы теорияны негізге ала отырып «қазақ-кеңес әдебиеті» аталған бір дәуірдің бет-бейнесін негіздеген көркем прозаның соғыстан кейінгі жай-күйіне бір үңіліп шықсақ.

Әйгілі эпопеяға келіп тоқтағамыз. Бірақ, біз тоқтаған тұста «Абай жолы» соңына жете қоймаған. Алғашқы екі кітабының өзі-ақ Одақ аумағын жалт қаратқан. Әлемді мойындатқаны содан кейін. Бұл - құбылыс еді. Соғыс қарсаңында қазақ прозасында жаңа бетбұрыс басталған. Әуезов дәуірі. Ешкім шәк келтірмейді. Менің әлгі досым әзілге сүйесе де анығын айтқандай: «Жапырақтың дірілінің өзін жарты беттен асыра суреттейтін» Әуезов қолтаңбасы «Абай жолынан» бергі прозаға тән қасиет. Бірақ, тек суреттеп қойды ма? Әрине жоқ. Белгілі бір көріністерді шебер тілмен бейнелеу арқылы-ақ алдағы болатын жайттың негізгі сұлбасынан хабардар боласың. Немесе, шығарманың жалпы көңіл-күйін ап дегенде-ақ сезінесің. Солай бола тұра алдан бір жақсылық яки жамандық күтіп, жапырақпен бірге дірілдеп отырғаның. Көріністі ойнату, сәулені сезіндіру сияқты бір сәттік жарқылмен санаңды осып өтетін шеберлік те осы кезде жоғарғы деңгейге жетіп болған. Баяндау әдісіне құрылған «Абай жолының» ізбасарлары күні бүгінге дейін салтанат құрып келді емес пе? Жә, Әуезов дәстүрі төңірегінде айтып жатқанымыз ғой. Негізгі бағытымызға түсейік.

Соғыс қарсаңында және кейінгі шығармалардың тақырып ауқымының басым бөлігі, сөз жоқ, сол кезең. Ол заңды да. Басынан башпайына дейін мұздай қаруланған Герман әскерінің әлі аяққа толық тұрып болмаған Кеңес одағынан жеңілуі жайлы ғылыми тұжырымдарға көз салып көргеніңіз бар ма? Таң қалысып басталатын бұл төңіректегі болжамдар мен дәйектердің ақыры - «ұраншылдық, отаншылдық идеологияның күші» дегенге саяды. Тіпті, қазір «сол соғыста немістер жеңсе, біз солардың қол астына қарасақ, бүгінгі күніміз сәл ілгерілеу болар ма еді» деген күбір-сыбырлар да естіліп қалатын болып жүр. Осы күлбілтені сол кезде қоңырсытуды ойлап көріңізші. Орысты былай қойғанда кез келген жалбатымақты қазақ бетіңе түкірсін. Тіпті, жарты сағат өтпей айдалып кете барар едіңіз. Жалбатымақ түгіл, оқыған, тоқыған, көзі ашық интеллигенттің өзі ат құйрығына байлатып жіберер еді. «Маусым жарлығы» қазақ арасынан әскер сұратқанда дүрк көтерілген елдің Ұлы Отан соғысына тайлы-таяғы қалмай аттануы, адам ойы жетпес ерліктер жасағаны - отыз жыл ішінде жүргізілген саясаттың жемісі болатын. Отыз екінің аштығында мыңқ етер қасиетінен толықтай айрылған ел отыз жетідегі атып-асудан кейін қожайынына күдікпен қарауға үлгермей тұрып, соғыс басталып, сетіней бастаған сенімнің тұғырын мықтап кеткен сияқты. Міне, осыдан келіп күні бүгінге дейін жазып тауыса алмай жатқан «соғыс әдебиеті» өмірге келіпті. Жау жағадан алып жатқанда асықпай ойлануға мұрша қайда, төрт жылға созылған бораған оқ, қан майдан қызып тұрған кездегі әдебиетке негізінен ұранға құрылған, жеңіске үндеген, біздің әскердің жанкешті ерлігін талғажау еткен поэзия тән. Проза ауылынан - әртүрлі көлемді очерктер атсалысқанын көреміз. Публицистика айтса да, айтпаса да. Бұл шағын жанрдың бәрі - келешек ірі-ірі романдардың шикізаты еді. Соғыс үстінде ертеңіміз не болады деп ұраннан арыға тереңдей алмаған әдеби қауым «біз жеңдік!» деген ақжолтай хабарды естіген сәттен қаламын сайлай бастағанын аңғару қиын емес. Оның үстіне майдан даласының естелігін арқалаған батырлардың дақпырты дүңк-дүңк жетіп жатқанмен өздері от пен оқтың өтінен орала қоймаған бұл кезде. Бірен-саран кескілескен ұрыс пен қан сасыған далаға арнайы барып, батыр атанып үлгерген тұлғалармен жертөледе қатар жатып, тілдесіп қайтқандар болғаны және шындық. Әйткенмен, жау анталап тұрғанда кеңінен отырып әңгіме шертудің мүмкін болмағанын айта кету керек. Жауды жапырып оралған жаужүректермен алғаш қарапайым сұқбат дәрежесінде басталған қарым-қатынас көп өтпей көркем прозаға қарай ойысқанын бағамдаймыз. Қарумен қатар ұстаған қаламы қойын дәптерін толтыруға ғана жеткен жауынгер жазушылар қаншама. Демек, бейбітшілік орнаған тұста қаруды жайына тастап, қаламнан кеткен қарымтаны қайтарар тұс та осы. Не де болса бір жағына шыққан, өз пайдамызға шешілген шайқастың шежірешілері аз болмағаны белгілі.

Соғыс тақырыбындағы прозаның басында - «Қазақ солдаты». Жеңіспен бірге елге жеткен шығарманың артықшылығы тек соғыс қана емес, соғысқа дейінгі елдегі жағдайды бір шолып шығатыны. Бұл тұста да бала Қайроштан батыр Қайырғалиға дейінгі бір ғұмырды арқау етуі «Абай жолынан» бастау алатын деректі прозаның шарттарына толық жауап береді. Осы кезеңде, сірә, елге үлгі боларлық ерліктің иелерін көркем шығарма арқылы елге таныстыру - аты кейін жүріп, өлместің күнімен жеңіске жеткен Одақтың тірсегі дірілдеп тұрған шақта еңсесі езілген халықты таң азаннан қара кешке дейін бел жазбай еңбек етуге үндеу саясатын мықтап қолға алғанын байқау қиындық туғызбайды. Әрине, қиын кезеңде толқып кетпей, өзін бір нәрсемен алдай алған халық - бақытты. Олар көзсіз ерлікке, еңбекпен тасқа да тары өсіруге болатынына сенді. Қазіргідей электронды ақпарат құралдары жоқ кезде елдің сусап күтетіні де кітап еді. Міне, осыны қалтқысыз аңдай білген партиялық билік қандай да бір істі ойға алса, алдымен жазушыларды алға салады. Билік пен халықтың арасындағы қашанғы алтын арқау - сөз зергерлері ерікті, еріксіз осы тарапқа қалам тартқаны анық. Жан алысып, жан беріскен ұрыстың жеңімпаздарымен қатар тыл еңбеккерлері де елеусіз қалған жоқ. Тіпті, майдан шебінен алға шығып кетіп жататын тұстары да аз емес. Ғ. Мұстафиннің «Шығанақ», Ә. Әбішевтің «Жас түлектер», Ғ. Слановтың «Жанартау» романдары дәл сол қоғамның суреттерін алға тартады. Кеңес үкіметін өз қолымен орнатқан, ешқашан жасуды білмес, алға қойған мақсатына тек оқу-білім мен жанашыр, жаңашыл биліктің арқасында ғана жететін жеңімпаз кейіпкерлердің орнын енді Екінші дүниежүзілік соғыстың сынынан өткен, шыңдалған, бар еңбегін жеңіс жолына арнаған жаңа бейнелер басты. Ел арасынан шыққан жалпыға ортақ типтік образдарды өмір тарихы баршаға мәлім Кеңес одағының батыры Қайырғали Смағұлов, тары өндіруден рекорд жасаған Шығанақ Берсиев сияқты тұлғалардың алмастыруы қазақ прозасының жалпылықтан - нақтылыққа ойысқанын аңғартады.

Бейбіт заман орнай қалған тұста прозаның да тың тынысы ашылғанын айттық. «Абай жолының» соңғы кітаптарына кіріскен Мұхтар, «Жұмбақ жалауды» - «Ботакөзге» айналдырып, «Сырдарияны» жазып тастаған Сәбит, «Миллионер» романын қалыптаған Ғабиден бастаған сол кездегі жазушы қауымның қабырғалы мүшесіне айналып үлгерген ақтаңдақтар прозаның жаңа деңгейін одан ары жетілдіріп жатты.

Соғыс тақырыбындағы романдар шеруі бой таластыра, үзеңгі қағыстыра келіп елуінші жылдардың бел ортасына табан тірейді. Түп төркіні - майдан болғанмен, жалпы ұстынында өзгешеліктер бар. Жеңістің алғашқы аптығы басылған соң, бара салып жауды жайратып қайтқан, от пен судың ортасында ажалға қарсы жүрсе де талқаны таусылмаған, аман қалып, ақыр 9-мамырда Берлинге ту тіккен шегінуді білмес батырлардан бөлек жаңа бейнелер қалыптасты. Елеусіз қалған ерліктер, тасада қалған, шегініске, шығынға әкеп соқтырған тактикалық қателіктер, техникалық жетіспеушілік салдарынан болған орасан өкініштер, араларынан қыл өтпейтіндей көрінген түрлі ұлттардың сын сағаттағы алауыздығы, сатқындық, ысқырынған оқ астында қалып кеткен түрлі пенделік әлсіздіктер ендігі психологиялық романдардың сюжетін құрады. Б. Момышұлы, Т. Ахтанов, Ә. Шәріпов, Қ. Қайсенов, Ә. Нұрпейісов сынды қаламгерлер аталмыш жаңа лептің алдыңғы легінде тұрған тұлғалар. «Артымызда Москва», «Қаһарлы күндер» бастаған туындыларды жоғарыдағылармен салыстыра оқыған адам өзі де аңдауға тиіс.

Елу-алпысыншы жылдар прозасында көп көңіл аударылған, салыстырмалы түрде жиі қалам тартылған - техникалық жаңалықтар мен кәсіптік жетістіктер. Осыдан келіп өндірістік романдар туды. Әйгілі «Қарағанды», «Оянған өлке», «Толқында туғандар» соның дәлелі. Осы тектес романдардың идеясы - баяғы Кеңестік идеологияны жарқын үнмен жырлау дәстүрінен біршама айыққанын көрсетеді. Дәл баспағанмен саяси біржақтылықтарды астарға салып айту тәсілін мықтап қолға алғаны аңдалады. Кейіпкерлер де көктен жерге түскен, пенделік әлсіздігі мен адамилық артықшылығы қатар шарпысқан қарапайым жандар.

Романдарды жіпке тізіп отыру мүмкін емес. Негізгілерін, олдардың жаңалықтары мен ерекшеліктерін замана ағымымен салыстырмалы түрде атап өттік қой деп ойлаймын. Енді кіші жанр - повестке қарай ойыссақ. Себебі, бұл кездің әдебиетін әңгіме, хикаяттарсыз елестету мүмкін емес. Әдеби ортаға жеңіспен қатар келген жаңа лек М. Иманжанов, Қ. Жармағанбетов, С. Бақбергенов, Б. Соқпақбаевтар бастаған қаламгерлер алғашқы қадамдарын осы жанрлардан бастағанын көреміз. Басқаны қоя тұрып «Оянған өлкеден» кейін әңгіме жазуға шындап ден қойған Ғабитті айтсақ та жететін шығар.

Шағын жанрдың бір ерекшелігі - саясаттан алшақтығында. Дегенмен, қаламдар лебіне тұмсығыңызды тоссаңыз - мұқалмас жігер мен шексіз қуаныш рухы, еңбекті көтере жырлайтын өр үн есіп ала жөнеледі. Бұл да сол кездегі заманның әдебиетке қойған талабы болатын. «Шолпанның күнәсінен» басталған психологизм 47 жылы Әуезов жазған «Асыл нәсілдер» повесінен бір жарқ етті. Адамдық мораль мен эстетиканы ту еткен бұл шығарма ұраннан тыс жазылған сол кезең прозасының сирек туындысы. Бұған жалғас ауызға алдымен ілінетін елуінші жылдарды түйіндей жарық көрген С. Бақбергеновтың «Күй», бұл күнде авторын айтып жату артық саналатын «Менің атым Қожа», С. Бегалиннің «Сәтжан», З. Шашкиннің «Темірқазық», З. Қабдоловтың «Өмір ұшқыны», С. Шәймерденовтың «Инеш» сияқты орта көлемді жанр жүгін арқалап тұрған жып-жинақы шығармалары насихат пен үгітшілдік сарынға белшесінен батқан қоғамның әдебиетіне жаңа бір ағым әкелді. Олай дейтініміз бұл уаққа дейін қалам ұшына іліне қоймаған өнер, бала психологиясы мен дүниетанымы, махаббат, студенттер өмірі, жастар бейнесі, ата тәрбиесі сияқты елеусіз, айтуға тұрмайтын ұсақ-түйек саналып келген тақырыптар игерілді. Қазақ прозасындағы тұнып тұрған психологияның қалыптануы да осы буыннан басталады дейді ғалымдар.

Байқап отырсыз ба, бет алыс өзгеріп барады. Тарихқа «жылымық кезең» аталатын қысқа ғана уақыт сыйлаған 1956 жылғы Сталиннің жеке басына табынуды әшкерелеген құрылтай біздің әдебиетімізге де тақырыптық өзгерістер алып келді. Жақсы өзгерістер. Бұрын жазу былай тұрсын, сыбырлап айтудың өзі күнә саналатын тараптар игеріле бастады. Алпысыншы жылдар әдебиеті тоталитарлық жүйені шенеуден басталды деуге болады. Аяқталмаған «Өскен өркен» дәуірдің жарқын жағын бейнелейтін романдардың күні өткенін әйгілегендей көрініп кететіні бар.

Өзіңіз ойлаңыз, жаңадан бір техника пайда болады, соны міндетті түрде мақтау керек. Бір-екі мақаламен тоқтау ма? Оған қанағаттана қояр қай билік?! Оған жазушының да пенде екенін тағы қосыңыз. Бір оқпен екі қоян атуға таптырмас мүмкіндік. Жай ғана жаңа техниканың келуін ескі мен жаңаның арасындағы тартыс дәрежесіне көтеруге тырысқан шығармалар қаншама? Бірақ, соны кім оқып жатыр қазір? Демек, науқаншыл әдебиет сол науқанның бітуімен өмір сүруін тоқтатады.

Бүгінгі біз ғана емес, жылымықты пайдаланған, заманның бет алысын аңдай білген ағалар да қарап қалмапты. Соңғы кездері ел мен жер тағдырына алаңдайтын, саналы, сыни көзқарас қалыптаса бастапты. Тың игеруді «Қазақстан - астықтың отаны» деп ұрандап басталған проза көп өтпей тұмсығын мұзтауға соға тоқтады да, оның орнын қыртысы бұзылған соң құнарынан айрылған, тозған топырақты жоқтаған жазулар басып жатты. С. Жүнісовтың «Сенімі» бастаған шығармалар шоғырын шолып шықсақ, баяғы астар енді «алайда» деген сөзді қалқалай жүріп, кейде ашық бой көрсетуге дейін барғанын көреміз. Қазақ әдебиетінде психологиялық романдар легі пайда болды. Қай тақырып негізге алынбасын адамдық қасиет, мораль алдыңғы орынға шықты. Соғыс тақырыбы қып-қызыл патриоттық дәріптеулерден арылды. Сол кезде жазылған сыни мақалаларға көз салсаңыз Т. Әлімқұлов, Ә. Нұршайықов, І. Есенберлин, Ш. Мұртаза, М. Мағауин, Р. Тоқтаров, Қ. Жұмаділов, Т. Жармағанбетов, Қ. Ысқақ, Б. Нұржеке, Ә. Тарази, Р. Сейсенбаев, Д. Исабеков секілді жазушылардың бағытында «социалистік реализмнен алшақтау бар» деген мәнде сын тағылғанының өзі біраз дүниенің бетін ашып береді.

Бұл кезде отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын, жаңа дәуірді өз қолымен жасайтын қайраткер образдар өз орнын қарапайым адамдарға толықтай босатып берген. Осы кезең прозасының тағы бір ерекшелігі - ғылыми ортаның көркемдік межеге жиі алынуы. Ғалымдығынан пендешілігі басым, дарынымен емес өлермендігімен «оқығандар» қатарын толтырып жүрген тоғышарлардың көп ретте алға шығып кетуі, соған қарама-қарсы нағыз таланттардың жапа шегуі, өлермендердің талауына түскен шарасыз кейпін назарға алу арқылы ғылыми орта мен интеллигенцияның адасушылығын меңзейді. Тіпті, репрессия құрбандарының жазықсыз жапа шеккендігі туралы ашық айтуға дейін жетті. От басы, ошақ қасы тірлігі, сүйіспеншілік, ғашықтық, өнер төңірегінде сөз өрбітіп, ел арасындағы қарапайым типті бас кейіпкер етіп, өткенге солардың көзімен баға беру, солардың көзімен болашақты болжау... Осының бәрі ел ертеңіне, ұлт болашағына алаңдау мен саяси бағыт-бағдарға деген ішкі қыжылды аңғартады.

Тың игеру, ғарыш пен полигонның салдарынан тартқан экологиялық зардаптар да назардан тыс қалмаған. «Жеке басқа табынушылық» әшкере болған тұста бір босаңсытып алған тізгінді пайдаланып, үкіметтің өз айтқан сөзінің тонын теріс айналдырып, қазақтың өшкенін жағу жолында дүрк көтерілген қаламдас қауым қазақ прозасы тарихындағы ерекше құбылыс - тарихи романдар легіне иек артыпты.

Жалпылықтан нақтылыққа ойысқан біздің проза жылымықты пайдаланып арғы дәуірлерге саяхат жасауға жетіпті. Бір ғана көркем әдебиет емес, ғылым да осы тарапта талпынып жатты. Нәтижесінде, алпысыншы жылдар аяғы, жетпісінші жылдардың басында «Көшпенділер» жарқ етті. Атының өзінен ат үркетін мұндай трилогияның шығып кетуіне партия қалай жол берді екен деп таң қалам кейде. Есенберлиндікі де «тыныш жатқан жыланның құйрығын басып», басына бәле тілегендей әрекет. Бүгінгіні жырла дейді билік. Жай ғана жырлау аз, өр үнге, тәкаппар мақамға салып, көтере мақтау керек. Ал, біздікілер бас шұлғығандай болғанмен, былай шыға бере ата-бабасының ізі қалған көне дәуірге қарап, алпыс екі тамырын иітіп бара жатқан иіске тұмсығын төсейді де тұрады. «Көшпенділердің» қанша кешулерден өтсе де, жарық көруі - біздік прозаның жаңа бір бағытын айқындап кеткендей болды. Осы уаққа дейін жазуы ойлы-қырлы саналып келген Есенберлиннің ерлігі қазақ жазушыларын тарихи көркем әдебиет қалыптастыруға ғана емес, шығармаларына ұлттық ұран мен қазақтық идеяны молынан араластыруға бастады. Шындығында, отыз жетінің боздақтарын ақтай алмай жүргенде арғы Абылайға ат басын тіреу - әдеби деу аз, қоғамдық құбылыс саналғаны даусыз. Есенберлиннің даңқы артатын тұс та осы кезең. «Көшпенділермен» құйысқан тістесе Д. Досжанның «Жібек жолы», Әлімжановтың «Жаушы», тіпті арыға барып әл-Фарабиді сөз еткен «Ұстаздың оралуы» романдары, С. Сматаевтың «Елім-айы», қатар-қатар елге жеткен Мағауин мен Кекілбаевтың «Аласапыран», «Үркер», «Елең-алаң», Салғариннің «Алтын тамыры», Б. Алдамжаровтың «Ұлы селі» сияқты қалың-қалың кітаптар әрқайсысы өзінше әр кезеңді арқау етіп, тауарихтағы қазақтың ойып алар орны бар екенін, «Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан-ғайыр атырапты» тұлпарларының тұяғымен қуырып баққан ержүрек, жауынгер жұрттың өткенін жазып, 1737-ден арғы жабық қалған көмбені ашты. Ұлтқа бөлінсе ұлтшыл атанып, айдауға түскендерді көріп, коммунизмді армандаумен күн кешіп жатқан қарапайым қазақ баласының санасына сәуле жүгірткені, дербес қалыптасқан елдің ешкімге бағынышты кепте емес, тәуелсіз өмір сүруіне болатынын ұқтырғандай болды. Бұл әсіресе жаңа буынның түсінігін ұлттық тұрғыда қалыптасуына қозғау салды. Алғашқы тарихи романдардың әсері кемшілікте ғұмырын өткеріп жатқан қазақтың ендігі күні не болады деген алаңдау бой көтеруіне әкеп соқты. 86-дағы желтоқсан оқиғасының бұрқ етуі осы тарихи романдардың бір әсері деп білем.

Аяғын шырмап ұстаған бағыныштыларын аңдаусызда арғы дәуірге жіберіп алған партия енді амал жоқ шығып жатқан романдарды «Қазақстанның Ресейге қосылуының 250 жылдығына орай» арнайы тапсырмамен жаздырғандай кейіп танытуға тырысты. Демек, сәл беріректегі кезеңді де қамту керек. Бұл да біз үшін «іздегенге - сұраған» еді. Осыдан келіп тарихи прозамен қатар тарихи-революциялық томдықтар сап түзеді. Әр аймақтағы ұлт-азаттық көтерілістер, Қазан төңкерісі, Азамат соғысы, Екінші дүниежүзілік соғыс бастаған қырғындардың ел өміріне әсерін тілге тиек еткен шығармалар бір шоғыр түзді. «Қызыл жебе», «Қан мен тер», «Ақ жайық», «Ел мен жер», «Жүнісовтер трагедиясы» бастаған бір-бір тарихи дәуірдің шежіресін шертетін романдар баяғы жаттанды ұраннан толықтай арылған кейіппен таралып жатты.

Жетпіс-сексенінші жылдардың өзінде-ақ өткенге тың көзқарас белең алғанын көріп отырмыз. Демек, алпысыншының соңын ала жеткен тарихи романдар шеруі прозамыздың ендігі бет-бейнесін ұлттық тұрғыда қалыптасуына зор ықпалын тигізді.

Бұдан кейінгі тағы бір шеру - өнер адамдары, қайраткер тұлғалар өмірінен сыр шертетін романдар желісі. «Сұлтанмахмұт», «Жаяу Мұса», «Ақан сері», «Ақ боз атты ару», «Аққан жұлдыз», «Махамбеттің тағдыры», «Мұхтар жолы» атты шығармалар жеке тұлғаны негізге ала отырып жазылған қазақ өнерінің, мәдениетінің, табиғи дарынының жоқтаушылары болатын.

Мемуарлық романдар - қазақ-кеңес прозасының бір ұстыны. Ғабиденнің «Көз көргені» мен Сәбиттің «Өмір мектебі» бертінгі Тәуелсіздік әдебиетінде дәстүрге айналғанын көреміз. Ол туралы әңгіме алда.

Жеңіс күнінен алпысыншы жылға дейінгі аралық негізінен соғыс тақырыбынан алыс ұзай қоймағаны қалай айтсақ та өтірік емес. Ал, алпысыншы жылдан бергі уақытта жаңа, тың ізденістерге бару көп. Себеп біреу-ақ. Буын алмасқан. Жаңа буын жай келмей, дәстүрді дамыта отырып, өз жаңалығын да ала келетіні белгілі. Алпысыншы жылдар қарсаңында әдебиет есігін ашқан жас толқын ә дегеннен-ақ өзіндік қолтаңбасын әйгілеп келді. Мәселен бұрынғы баяндаумен берілетін ойлар енді толықтай іс-қимыл үстінде көрініс табатын болды. Шығарманың басынан-ақ кейіпкердің кім екеніне тікелей көшіп, образ ашу мәселесі игерілді. Сөзуарлықтан жинақылыққа көшу талабы көп байқалады. Жастармен бірге жастар бейнесі көп ұшырасып жатты. Қоғамды ғана ойлап, мемлекет игілігі үшін асқақ, өр сөйлейтін патриот кейіпкерлер енді өз жағдайын, жақындарының жайын ойлайтын, қиял мен сезімге беріле білетін адамдарға айналды. Т. Әлімқұлов сынды қаламгерлердің ізін жалғап, философиялық ой-толғамдарға кеңірек орын беріле бастады. Фантастикаға қадам басқан қаламгерлер алғашқы жемісін берген тұс та осы.

Иә, айта берсе көп. Бәрін жіпке тізіп шыға алмайтынымызды ескертіп өткеніміз жөн. Оқырман өзі де бағамдауға тиіс. Әйтпесе, бүкіл бір дәуірді газеттің бір бетімен бағалау әсте мүмкін емес. Сөз басында да ескерткенбіз, ғылымға ауыз салатын ойымыз жоқ. Бар болғаны әр дәуір әдебиетіндегі құбылыстар мен жаңалықтар, бет алыстар, көркемдік ізденістер айналасында шамамыз келгенше аздап қана шолу жасағанымыз айтпаса да түсінікті. Сексенінші жылдардан бері іріп-шіріген қоғам мен тозығы жеткен саяси ұстанымдардың сын көзбен қарау - жазушылардың әдеттегі тақырыбына айналды.

Бүгінгінің соңы - ертеңгінің басы екенін ескерсек, бұл тараптағы соңғы жаңалықтардың дәстүрге айналып, кеңінен етек жаюы - Тәуелсіздік кезең әдебиетіне тән. Демек, шымылдық жабылған жоқ... Алмас Нүсіп