Қазақ қоғамында би болу үшін қандай талаптар қойылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақ қоғамында би жай ғана дау шешуші емес, елдің құқықтық тәртібін сақтап, халықты мәмілеге шақырған тұлға болды. Би атағы ешқашан мемлекеттік қызмет те, мұрагерлікпен берілетін лауазым да саналмаған. Оның орнына халықтың сенімі, құқықтық білімі мен әділдігі басты өлшемге айналды.

Фото: Kazinform/ЖИ

Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Жарылқасын Жаппасовтың айтуынша, қазақ қоғамындағы билер институтының ең басты ерекшелігі — халық мойындауына сүйенген жүйе болған.

— Қазақ қоғамында би мәртебесі ешқашан мұрагерлікпен берілетін немесе билік тарапынан тағайындалатын лауазым болған жоқ. Би атағы адамның құқықтық біліміне, шешендік қабілетіне, өмірлік тәжірибесіне және әділдігіне қарай қалыптасты. Шоқан Уәлиханов та би атағының ешқандай ресми сайлау немесе бекіту арқылы емес, әдет-ғұрып құқығын терең меңгеру мен шешендік өнердің арқасында берілгенін жазады. Сондықтан би болуға ұмтылған адам құқықтық нормаларды жетік біліп қана қоймай, оны нақты жағдайда әділ қолдана алуы керек еді, — дейді тарихшы.

Фото Жарылқасын Жаппасовтың жеке архивінен

Билер қызметінің маңызды қыры — шешендік өнер. Көшпелі қоғамда даулар негізінен ауызша қаралғандықтан, бидің дәлелді сөйлеп, қисынды уәж айтып, екі тарапты бітімге келтіре білуі ерекше бағаланды.

— Қазақ арасында қалыптасқан «қара қылды қақ жарған әділ би» деген ұғым да осы талаптардың нәтижесі болды. Демек, би мәртебесі шыққан тегіне немесе байлығына емес, біліміне, әділдігіне және халық алдындағы беделіне негізделді, — дейді ғалым.

Би болуға қарапайым адамның да мүмкіндігі болған

Көпшілік арасында билер белгілі әулеттерден ғана шыққан деген түсінік бар. Алайда тарихшылар мұның нақты шындыққа сәйкес келмейтінін айтады.

Жарылқасын Жаппасовтың сөзінше, белгілі билердің ұрпақтары құқықтық дәстүрді ерте меңгергенімен, бұл олардың би атануына кепілдік бермеген.

— Әрине, белгілі билер әулетінде өскен балалар құқықтық білім мен шешендік өнерді жастайынан бойына сіңіруге мүмкіндік алды. Кей өңірлерде билік айту дәстүрі әулет ішінде жалғасқан жағдайлар да болды, бірақ бұл би мәртебесі мұрагерлікпен берілді дегенді білдірмейді. Шоқан Уәлиханов та би атағы адамның шыққан тегіне емес, құқықтық біліміне, шешендігіне және әділдігіне байланысты қалыптасқанын көрсетеді. Сондықтан қарапайым адамның да би атануына толық мүмкіндік болды. Ол үшін төре немесе ақсүйек әулетінен шығу міндетті емес еді. Адам қоғам алдында білімділігімен, әділдігімен және шешендігімен танылса, халық оны би ретінде мойындаған, — дейді ол.

Билердің арнайы мектебі болмаған

Қазіргі судьялар сияқты билер арнайы оқу орнын тәмамдамаған. Олар құқықтық білімді өмір тәжірибесі мен дала заңдарын меңгеру арқылы игерген.

Тарихшының айтуынша, билердің негізгі құқықтық негізі қазақтың әдет-ғұрып құқығы болған.

— Дәстүрлі қазақ қоғамында билерді дайындайтын арнайы оқу орындары болған жоқ. Болашақ билер құқықтық білімді ел ішіндегі қалыптасқан құқықтық дәстүрлер арқылы меңгерді. Олар елге арасында танылған тәжірибелі билердің қызметін бақылап, шешендік өнерді, құқықтық нормаларды және билік айту мәдениетін үйренді. Билер жер дауы, жесір дауы, құн дауы сияқты күрделі мәселелерді реттейтін құқықтық нормаларды терең білуге міндетті болды. Сонымен қатар «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» және «Жеті жарғы» билер қызметінің басты құқықтық негізіне айналды. Алайда заңды білу жеткіліксіз еді. Би оны әр жағдайға қарай әділ қолдана алғанда ғана халық сеніміне ие болатын, — дейді ол.

Би шешімімен келіспегендер не істеген

Қазақ қоғамында қазіргі сот жүйесіндегідей апелляциялық саты болмаған. Дегенмен әділдікке күмән туған жағдайда басқа биге жүгіну тәжірибесі кездескен.

Тарих ғылымдарының кандидатының айтуынша, билердің басты бақылаушысы халықтың өзі болған.

— Дәстүрлі қазақ қоғамында билік шешімдерін қайта қарайтын ресми тәртіп болған жоқ. Алайда тараптардың бірі бидің әділдігіне күмән келтірсе, дауды басқа биге қарату тәжірибесі қолданылған. Кейбір күрделі мәселелер бірнеше бидің қатысуымен қаралған. Бұл қабылданған шешімнің әділдігіне деген сенімді арттырған. Би үшін ең үлкен кепілдік әкімшілік билік емес, халық алдындағы беделі болды. Ол әділетсіздігімен немесе біржақтылығымен танылса, адамдар оның төрелігіне жүгінуді тоқтатқан. Осылайша, қоғамдық бақылау бидің қызметіне ең үлкен баға беруші тетік қызметін атқарды, — дейді Жарылқасын Жаппасов.

Сонымен қатар күрделі дауларды бірнеше бидің қатысуымен қарау тәжірибесі де кездескен. Бұл қабылданған шешімнің әділдігіне деген сенімді күшейтіп, тараптардың келісімге келуіне мүмкіндік берген.

Фото: Kazinform/ЖИ

Тарихта әділетсіз билер көп кездесе ме

Ғалымның айтуына қарағанда, тарихи деректерде әділетсіз билерден гөрі, әділдігімен танылған билер туралы мәліметтер көбірек сақталған.

— Би мәртебесі халықтың сеніміне негізделгендіктен, қоғам одан ең әуелі әділдік талап етті. Сондықтан тарихи деректерде көбіне даналығымен, шешендігімен және әділдігімен танылған билер туралы мәліметтер сақталған. Бұл әділетсіз билер мүлде болмаған деген сөз емес. Алайда олардың беделі ұзақ сақталмаған. Би өз орнын халықтың сенімі арқылы ғана ұстап тұрды. Сондықтан қазақ қоғамы би тұлғасына өте жоғары талап қойған. Оның беделі құқықтық біліміне, әділдігіне және халық алдындағы абыройына тікелей байланысты болды, — дейді ол.

Әйелдер би болған ба

Тарихшылардың айтуынша, билер институтында билік айту қызметін негізінен ер адамдар атқарған.

Соған қарамастан, қазақ қоғамында қоғамдық пікірге ықпал еткен, мәмілегерлігімен танылған әйелдер де болған.

— Қазіргі қолда бар тарихи деректерде әйелдердің би ретінде жүйелі түрде қызмет атқарғанын дәлелдейтін нақты мәліметтер жоқ, бірақ бұл қазақ әйелдері қоғамдық өмірге араласпады дегенді білдірмейді. Ел ішінде даналығымен, шешендігімен және бітімгерлігімен танылған әйелдер даулы мәселелерді шешуге ықпал етіп, қоғамдық пікір қалыптастыруға қатысқан. Дегенмен оларды классикалық мағынадағы би қызметін атқарды деуге тарихи негіз жеткіліксіз. Сондықтан билер институты негізінен ер азаматтардың қызметімен байланысты болды, — дейді Жаппасов.

Еске салайық, бұған дейін қазақ жыраулары хандарға қалай әсер еткенін жазғанбыз.