Қазақ-қырғыз шекарасының ашылуы отандық бизнесті бәсекеге қабілетті бола түсуге итермелейді - Я. Ысқақова

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа енуі және қазақ-қырғыз шекарасының ашылуы - қазақстандық бизнес үшін тағы бір сынақ.

Бұл отандық бизнесті бәсекеге қабілетті бола түсуге итермелейді. Бүгін «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Қазақстанның Отбасылық бизнес қауымдастығы үйлестіру кеңесінің төрайымы Яна Ысқақова осылай айтты.

«Қазіргі таңда, қазақстандық өндірушілердің саны аса көп емес, сәйкесінше отандық өнімдер тұтынушылар арасында аса танымал да бола қойған жоқ. Сондықтан өндірушілеріміз әлеуетін арттырып, отандық нарықта берік орнығуы тиіс. Бұл үшін отандық тұтынушылар тарапынан қолдау қажет. Яғни, оларға қазақстандық тауарлардың да барлық стандарттарға жауап бере алатындығын және сапалы екендігін түсіндіруіміз керек», - деді Я. Ысқақова,

Оның айтуынша, көрші елде соңғы жылдары жеңіл өнеркәсіп жақсы дамып жатыр. Сәйкесінше, шекара ашыла салысымен отандық нарыққа Қырғызстанның арзан бағалы тауарлары көптеп ене бастайды. Бұл отандық тауарлар үшін үлкен бәсеке.

Айта кетелік, ертең - 12-ші тамызда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев қазақ-қырғыз шекарасының учаскесінде кедендік бақылауды алып тастау рәсіміне қатысады.

Қырғызстан 2011 жылы Кедендік одаққа кіру туралы шешім қабылдаған болатын. Ал 2014 жылы желтоқсанда Еуразиялық экономикалық одаққа ену туралы келісім қабылданды. Үстіміздегі жылы мамыр айында бұл туралы хаттама толтырылды. Кейін шілде айында КО қатысушы елдері қажетті құжаттарды мақұлдады.